
Фотолар: БҚО әкімдігі
Jiangsu SOHO Holding Group 380-нен астам кәсіпорынды біріктіріп, халықаралық сауда, логистика, тоқыма өнеркәсібі, «ақылды» өндіріс және қаржыландыру саласында ауқымды жобаларды жүзеге асырады. Компанияның сыртқы экономикалық операцияларының жылдық көлемі 11 миллиард АҚШ долларынан асады, географиясы 160-тан астам елді қамтиды.
БҚО әкімдігінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше кездесу барысында тараптар келесі бағыттар бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады:
-БҚО өнімдерін SOHO сауда алаңдарына жеткізу;
-«Қытай – Орталық Азия – Еуропа» бағыты бойынша логистикалық тораптарды Қазақстанда орналастыру;
-Қытай тарапының ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге және сақтау, өткізу инфрақұрылымын дамытуға қатысуы.
SOHO-ның Азия, Еуропа және Таяу Шығыс елдеріндегі көтерме және бөлшек сауда арналары желісі арқылы Батыс Қазақстан облысының өнімдерінің экспортын ілгерілету бастамасы ерекше қызығушылық тудырды. Компания басшылығы Батыс Қазақстан облысының бизнес өкілдеріне тегін кеңсе бөлмесін беруге дайын екенін білдірді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша инвестициялық ұсыныстарды дайындау үшін нақты сала деңгейінде қосымша консультациялар өткізу туралы келісімге қол жеткізілді.
Облыс әкімі Jiangsu SOHO Holding Group сияқты жоғары технологиялық және халықаралық нарыққа бағытталған серіктестермен ынтымақтастықты одан әрі тереңдету Қазақстанның Қытай мен Еуразия елдері арасындағы сенімді экономикалық көпір ретіндегі ұстанымын нығайтуға септігін тигізетініне сенім білдірді.