Оқиға • Кеше

ЕАЭО еркін сауда туралы келісімдерге қол қойды

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

2025 жылғы 27 маусымда Минск қаласында өткен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысы аясында маңызды халықаралық құжаттарға қол қойылды. Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер Біріккен Араб Әмірліктері және Моңғолиямен еркін сауда режимін орнататын екіжақты келісімдерге қол жеткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

ЕАЭО еркін сауда туралы келісімдерге қол қойды

Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, екі халықаралық шарт тараптар арасындағы бажсыз сауданы қамтамасыз ететін еркін сауда келісімдері болды.

«ЕАЭО-ның Біріккен Араб Әмірліктерімен келісімі шеңберінде өзара саудадағы тауарлардың 85%-не қатысты кедендік мерзімсіз негізде әкелу баждарын алып тастау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Тараптар арасындағы сауданы реттеу саласындағы стандартты ережелерден басқа, ЕАЭО-БАӘ Келісімі электрондық сауда, салалық ынтымақтастық, шағын және орта кәсіпорындар және т.б. салалардағы өзара іс-қимылды дамытудың озық нормаларын қамтитыны атап өтіледі. Бұл ретте кедендік әкелу баждарының күшін жою өзара сауданы дәйекті түрде ырықтандыру мақсатында әртүрлі өтпелі кезеңдердің шеңберінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады», делінген хабарламада.

Өз кезегінде, ЕАЭО мен Моңғолия арасындағы келісім тауарлардың қамтылуы шектеулі уақытша келісімді болып, әрбір тараптың негізгі экспорттық мүддесінің 367 тауар позициясына қатысты сауданың преференциялық режимін бекітеді. ЕАЭО-Моңғолия келісімі үш жылға жасалып, тараптардың келісімі бойынша одан әрі үш жылдық мерзімге ұзартылуы мүмкін екені атап өтіледі.

«БАӘ-мен орнатылатын преференциялық сауда режимі шеңберінде қазақстандық экспорттаушылар ІҚМ және ҰҚМ еті, құс еті, сүт өнімдері (сүт, йогурт, ірімшіктер), жұмыртқа, бал, көкөністер, бұршақ дақылдары (асбұршақ, үрмебұршақ), алма, дәнді дақылдар (бидай, арпа, сұлы, күріш), ұн, жарма, өсімдік майлары (күнбағыс, рапс), кондитерлік өнімдер және шоколад, шырындар, сулар және т.б., сондай-ақ химия өнеркәсібі өнімдері (полимерлер, пластмассадан жасалған бұйымдар), тыңайтқыштар, бояулар, тұрмыстық химия (сабын, жуғыш заттар), ағаш өңдеу және жеңіл өнеркәсіп өнімдері (маталар, трикотаж, киім), металлургия өнімдері (ферроқорытпалар, темір прокаты, шыбықтар, бұрыштар, құбырлар, қара және түсті металдардан жасалған металл конструкциялары мен бұйымдар), машиналар мен жабдықтар, трансформаторлар, сымдар және т.б. өнімдерді бажсыз негізде жеткізуге мүмкіндік алады», деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар Моңғолиямен Келісім аясында бизнес кедендік әкелу баждарының төмендетілген мөлшерлемелері бойынша немесе бажсыз (оның ішінде тарифтік квоталар шеңберінде) дәнді дақылдар (бидай, арпа, жүгері), құс еті, сүт өнімдері (йогурттар, ірімшік, май), бал, өсімдік майлары (күнбағыс майы), қант, шоколадты-кондитерлік өнімдер, нан-тоқаш өндірісі өнімдері, сулар, шырындар, джемдер, алкогольдік сусындар мен темекі өнімдері және т.б., сондай-ақ металлургия өнімдері (ферроқорытпалар, прокат, шыбықтар, құбырлар), трансформаторлар, көлік құралдары (локомотивтер, автомобильдер), химия өнеркәсібі өнімдері (полимерлер, пластмассадан жасалған бұйымдар) және т.б. өнімдерді жеткізуге мүмкіндік алады.

Осылайша, бұл серіктестермен еркін сауда туралы келісімдер жасасу Қазақстанның преференциялық сауда келісімдерінің желісін кеңейтіп, экспорттық бағыттарды әртараптандырады. Бажсыз сауда режимін орнату қазақстандық өнімдердің әріптестердің нарығына экспортын арттыру үшін қолайлы жағдай құрып,  сауда-экономикалық қатынастарды бекіту үшін маңызды қадамға айналады.

Айта кетейік, Қазақстан мен БАӘ арасындағы тауар айналымы 2025 жылдың І тоқсанында 55,6 млн. АҚШ долларын құраған, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 48,8%-ға жоғары (37,4 млн. АҚШ доллары). Сондай-ақ, Қазақстан мен Моңғолия арасындағы тауар айналымы 2025 жылдың І тоқсанында 30,1 млн. АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,6%-ға жоғары (29,3 млн. АҚШ доллары).

Біріккен Араб Әмірлектерімен және Моңғолиямен келісімдер барлық тараптарда ратификацияланғаннан кейін күшіне енеді.