
Байқауға 11 аталым бойынша жетекші республикалық және өңірлік телеарналардан 300-ден астам өтінім келіп түсті. Қысқа тізімге 44 жұмыс енді.
Жеңімпаздарға «Тұмар» мүсіншесімен қатар, отандық телевизия саласындағы ең жоғары жетістіктері үшін 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілді.
Байқау барысында Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин қатысушыларға жылы лебізін білдіріп, «Тұмар» бәйгесінің маңызын айшықтады.
«Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Бүкіл елдік істің басы-қасында өздеріңіз жүрсіздер. Сондықтан Ақордада өткен марапаттау рәсімінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев журналистерді «елдегі реформалардың қозғаушы күші» деп атап өтті. Бұл – үлкен сенім әрі зор жауапкершілік. Себебі сіздердің еңбектеріңіз қоғамның көкейіндегі мәселені көтеріп, билік пен бұқара арасында алтын көпір болып отыр. Менің де еңбек жолымның бір кезеңі телевизиямен тығыз байланысты болды. 2000-жылдардың басында «Хабар» телеарнасында халықаралық шоу-бағдарламаны жүргіздім. Жылда осы кәсіби мереке қарсаңында «Тұмар» байқауында бас қосу жақсы дәстүрге айналды. Келер жылы осы бәйгенің онжылдық межесін өткереміз. Өз басым бұл байқаудың үзілмей, тұрақты өтіп келе жатқанына ерекше қуанамын. Себебі «Тұмар» – қазақ телевизиясындағы публицистиканың өзіндік бір тарихы мен дәстүрін жалғастырып келе жатқан жоба. Кез келген салада ұрпақтар сабақтастығы – аса маңызды құндылық. Күні кеше Мемлекет басшысының ардагер журналистерге арнайы құрмет көрсетуінің тағылымдық мәні де осында», деді Ерлан Қарин.
Айта кетейік, «Тұмар» ұлттық байқауы алғаш рет 2017 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен құрылған. Байқаудың басты мақсаты – отандық телевизияның сапалы дамуына ықпал ету, телевизиялық контент өндірісінде талантты мамандарды қолдау.
Сонымен биылғы байқаудың жеңімпаздарына тоқталсақ, «Ең үздік әлеуметтік тележоба» аталымы бойынша «Jibek joly» телеарнасының «Таза қала» жобасы топ жарды. Бұдан бөлек, «Жылдың ең үздік репортажы» аталымында «Мир» телеарнасының «В гостях у кочевников», «Ең үздік журналистік зерттеу» аталымында «Atameken business» телеарнасының «АЭС және энергетикалық қауіпсіздік», «Ең үздік ақпараттық-сараптамалық бағдарлама» аталымында «24KZ» телеарнасының «President» бағдарламасы, сонымен қатар «Жылдың ең үздік телехикаясы» аталымында 31 арнаның «12:00» телехикаясы, «Ең үздік балалар тележобасы» аталымында «Turkistan TV» телеарнасының «Түркістан сақшылары» тележобасы, «Ең үздік өңірлік арна» аталымында «Saryarqa» телеарнасы, «Ең үздік деректі фильм» аталымында «Jibek joly» телеарнасының «Человек с острова Кулалы» деректі фильмі оқ бойы озық шықса, «Ең үздік тележурналист» аталымында «Qazaqstan TV» телеарнасының тілшісі Ақерке Бектас, «Ең үздік тележүргізуші» аталымында «Хабар» телеарнасының тілшісі Мөлдір Доспаева, сондай-ақ «Ең үздік спорттық комментатор» аталымында «Qazsport» телеарнасының тілшісі Ерік Ерсін жеңімпаз атанды.
Ал «Тұмар-2025» ұлттық телевизиялық байқауының арнайы жүлдесі «КТК» телеарнасына, «Еуразия бірінші» арнасына және «Хабар» агенттігіне табысталды.
«Тұмар» ұлттық телевизиялық бәйгесіне «Хабар» Агенттігі» АҚ және «Qazaqstan» РТРК және «Медиа дамыту қоры» КҚ, Қазтелерадио, Отау TV, Galam TV, Sport+, «Қазақтелеком» АҚ сынды отандық бірегей компаниялар қолдау көрсетті.