Жасанды интеллект • Бүгін, 10:50

Нейрожелі БАҚ-тың бағын байлай ма?

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жасанды интеллектінің негізі сонау өткен ғасырдың 50-жылдары қаланғанымен, тек 2010 жылдардан бері ғана өзінің өміршеңдігін дәлелдей бастады. Ал қазіргі қарқыны бір жағынан жан сүйсінтсе, екінші жағынан күмәнді ойға жетелейді. Жалпы, нейрожелі ХХІ ғасырдың таптырмас цифрлық технологиялық жаңалығы болып тұр. Әзірге. Себебі жыл емес, ай емес, күн санап жаңарып жатқан цифрлық технология­лар өз кеңістігінің шексіз екенін көрсетіп келеді.

Нейрожелі БАҚ-тың бағын байлай ма?

Сурет: gazeta.ru

Жасанды интел­лек­ті­нің нақты қай салада көбірек қол­да­нылып жат­қанын дөп басып айту қиын. Мек­теп оқушы­сынан бас­­тап, студент, мұғалім, журналист, дәрігер, банк қызметкер­­­лері, қыс­қасы ғаламтордан жәрдем ізде­ген жанның бәрі ақылды желінің «кеңесіне» жүгініп жүр. Сол ортада жүргендіктен бе, ЖИ-дің жур­на­листикадағы адымының ал­шаң­дай бастағанын байқап жүрміз. Жекелеген жур­налистердің де белсен­ді қолдана бастады.

Әрине, көлемді сараптама, арнайы репортаж сынды ізденісті, креативті талап ететін материалдардан бөлек, шағын ақпарат, ауа райы болжамы, жұлдыз жорамал, баспасөз релизі сынды масс-медиаға қажетті майда-шүйде материалдар осы ақылды желінің көмегімен жазылып жатқаны белгілі. Тіпті ғаламтордан ЖИ дайындаған алғашқы шетелдік газетті де көрдік. Қолға ұстап, оқып көрмеген соң оның қаншалықты сапалы дүние ұсына алғанын айта алмаймыз. Десе де ЖИ-дің жылдамдығы көңіл қуантқанымен, алдағы уақытта дәстүрлі БАҚ-тың бағын байлап, білікті мамандардың жұмысын тартып алмай ма деген де қауіп мазалай бастады.

Осы ретте отандық журналис­тика саласында креативті контент дайындау ісінің бел ортасында жүрген мамандарды әңгімеге тартып көрдік. Белгілі журналист, «Qazcontent» АҚ-ның SEO-маманы Аршат Оразов ЖИ-ді салаға төнген қауіп емес, керісінше шығармашылық адамының жұмысын жеңілдететін мүмкіндік ретінде қарас­тыратынын айтты.

– Жасанды интеллект қазір ме­диа­­ның барлық саласына еніп жатыр. Әсіресе интернет басылымдарда контентті тез әрі үнемді шығару үшін қолданып жатқандар көбейді. Бұл дәстүрлі БАҚ-қа белгілі бір деңгейде ықпал еткенімен, мен оны қауіп емес, мүмкіндік ретінде қарастырар едім. ЖИ дұрыс қолданылса, жаңа­лық дайындауда уақытты да, қар­жыны да үнемдейді, ал журналист шығармашылық­қа көбірек көңіл бөле алады. Нейрожеліні медиада көмекші құрал ретінде пай­да­лан­ған дұрыс: мәтін аударуға, идея іздеуге, пунк­туацияны немесе стилистиканы түзетуге, техникалық не жедел ақпаратты жылдам жазу­ға. Осылайша, керісінше маз­мұн сапасы жақсарады, жаңалық беру үдерісі жеңілдейді. Ең бастысы – ЖИ көмекші құрал ретінде қолданылып, шешуші рөл журналист пен редактордың өзінде қалуы керек, – дейді маман.

Ал Түркістан облыстық «Turkistan» телеарнасының веб-прог­раммисі Ғасыр Құралбайұлы ЖИ-дің анимация саласында таптырмас құрал болып отырғанын айтады. Бұл ани­ма­тор­лар­дың уақытын да, қаржысын да әжептәуір үнемдеп жатқанын атап өтті.

– «Түркістан» телеарнасы жа­санды интеллектіні көптен бері қол­­­да­нып келеді. Ең алғаш бір жарым жыл бұрын ауа ра­йын жүр­гі­зетін «Күншуақ – табиғат қызы» жо­басын жүзеге асырдық. Ол «Қаз­гид­рометтен» күнделікті мәлі­­мет алып, оны генера­циялап, өзі автоматты түрде шы­ғып отырады. Біз соның дайын өнімін көрерменге ұсынамыз. Одан бөлек, жақында ғана толыққанды ЖИ ар­қылы дайын­­­дал­ған «Түркістан сақшы­лары» өнімі шықты. Ол он шақты күннің ішінде дайын болды, – дейді Ғ.Құралбайұлы.

Оның айтуынша, кирил­лица­дағы қазақ әріптерін оқуы біраз қиын­дық туғызыпты. Яғни мульт­фильмде кириллицаны жете таны­­майды. Одан бөлек, дауыстау жағы­нан да біраз машақат болған екен.

– Бұл – біздің елде 3D форматта ЖИ көмегінен қазақ тілінде шыққан тұңғыш мультфильм. Бертін келе біз оның хронометражын ұзарта алдық. Алғашқы мультфильм төрт минут болса, келесі сериалдары он бір-он екі минутты құрады. ЖИ-дің дәстүрлі өнімнен бас­ты айырмашылығы – үдерістің жеделдігі, жылдамдық. Яғни ресурс­тардың үнемделуі қуантады. Егер дәстүрлі медиада осындай мульт­фильм медиа нарықта кемінде 10 млн теңгеден аса сомаға бағаланса, ал біз дайындаған бұл шағын мультфильмге 100-150 доллар ғана жұмсалды. Бұны нағыз технологиялық революция деуге де болады. Анимация саласындағы үлкен жетістік. Жаңа ноу-хау келе жатыр, – дейді Ғ.Құралбайұлы.

Веб-программист жасанды интел­лектіден қорқудың қажеті жоқ екенін алға тартты. Онымен тығыз әріп­тес­тік орнатудың артық­шылығы мол көрінеді.

– Жалпы, ЖИ-ге деген көзқа­расым дұрыс. Кезінде калькулятордан, интернеттен де үріктік. Енді қазір ЖИ-ді де фобия көре бастадық. Жоқ, бұдан қорқудың қажеті жоқ. Керісінше, осымен дос­тасып, әріптестік орнатуымыз керек. Яғни журналист механикалық жұмыстарды «досына» тапсырып, мәтінді өзі әрмен қарай әрлеп, эмоция беріп, мазмұнды репортаж шығарға болады. Алайда жасанды интел­лек­тінің ақпаратты толық жинай алмайтын кемшіліктері де бар. Яғни өзі зерттеу жүргізе алмайды, оқиға орнынан хабар тарата алмайды. Оған қоса факт чекті дұрыс атқармайды. Яғни факт чект жасау үшін де ол белгілі бір ресурстардан ақпарат алып, оны сүзгіден өткізу керек, – дейді ЖИ сарапшысы.

Ал ЖИ-дің құқықтық нормаларды, кейбір әдеп этикаларын сақтай бермейтіні жалған ақпараттың тарауына жол бермек. Ғ.Құралбайұлының айтуын­ша, ЖИ-дің осындай сапасыз өнімін тұтынған БАҚ-тың беделі түсе­тіні анық. Қысқасы, сарапшылар сөзінен ұққанымыз, заманауи ней­ро­желіні жатсынбай, оны ақыл­ман дос, елгезек көмекші тұтып араласқанымыз абзал сияқты. 

Соңғы жаңалықтар

Шекарасыз ақпараттық майдан

Басылым • Бүгін, 11:20

Нейрожелі БАҚ-тың бағын байлай ма?

Жасанды интеллект • Бүгін, 10:50

Журфак сабақтастығы

Пікір • Бүгін, 10:40

Жәдігерлер жоқшысы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 10:30