
Жасым 75-тен асса да, газетті үзбей алып отырамын. Өзіме ұнаған мақалаларды қиып алып қоямын. Рухани құндылықтар туралы, елеулі тұлғалар туралы мақалаларды ұнатып оқимын. Әсіресе сараптамалар ұнайды. Өз мамандығым зоотехник болған соң, ауыл шаруашылығы саласына бүйрегім бұрып тұрады. Газетте еліміздің ауыл шаруашылығын қалай дамыту жөнінде сараптама материалдар жиірек шықса, жақсы болар еді. Әзірге ондай мақала аздау сияқты. Біздің жеріміз кең, ауыл шаруашылығына көбірек көңіл бөлуіміз керек. Сосын экономиканың даму барысы жөнінде мамандар пікірі, сараптама көбірек болса игі. Әрине, бұл тақырыпты тілшілер жазып жатыр, бірақ кәсіби маманның жазуы бөлек қой.
Қазір байқағаным, газетте ақпарат, күнделікті жаңалықтар басым беріледі. Ал газет ауылға, бізге жеткенше ол жаңалықтың мәні қалмайды. Сондықтан өз басым газеттен көлемді сараптама күтемін. Кейінгі кездері мақалалардан Олжас Сүлейменов туралы жазылған эссе ұнады. Сосын Екінші дүниежүзілік соғыс – сүйікті тақырыбым. Кейінгі кездері шыққан Бауыржан Момышұлы, Әлия Молдағұлова туралы жақсы мақалаларды тұшынып оқыдым. Газет ұжымына табыс тілеймін!
Уәлиолла ӘБІШЕВ,
еңбек ардагері
Батыс Қазақстан облысы,
Қазталов ауылы