
Фото: Ашық дереккөз
Сенатор Евгений Больгерттің сұрағына жауап берген Үкімет басшысы экономикалық өсімді қамтамасыз ету мақсатында жеңілдетілген қаржыландыру тетіктері пайдаланылып жатқанын атап өтті.
«Үкімет «Бәйтерек» арқылы үлкен бағдарламаны іске қосты. Былтыр холдингтің тетіктері арқылы экономикаға шамамен 4 трлн теңге бағытталды. Биыл бұл көлем кем дегенде 8 трлн теңге болуы тиіс деген міндет қойылды. Осы мақсатта «Бәйтерек» холдингінің капиталына қосымша 1 трлн теңге бөлінеді. Бюджет мүмкіндіктері шектеулі болғанымен, бұл міндетті орындауға болады», деді Премьер-министр.
Оның айтуынша, бұл тәсіл жоғары базалық мөлшерлеме жағдайында да бизнесті қолжетімді қаржыландырумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Қазіргі 20 пайыздық мөлшерлемемен несие алу кәсіпкерлер үшін өте қиын. Мұндай жағдайда қарызға қызмет көрсету ауыр болатыны түсінікті. Сондықтан біз мөлшерлемені 12,6 пайызға дейін төмендетуді көздеп отырмыз», деді Олжас Бектенов.