
Осы жағынан «баланы жастан...» деп басталатын нақыл ата-бабамыздың саналы, салиқалы ұрпақ өсіріп, толыққанды азамат етіп қалыптасу жолын меңзеп тұр. Қоғамның іргетасының дұрыс қалыптасуы тәрбиелі адамдардың көптігіне байланысты, мұндай елдің болашағы жарқын. Елімізде заң мен тәртіпке негізделген жоғары құқықтық мәдениет қалыптасып келе жатқанына қарамастан, тәртіпке бағынбайтын жастар саны да азаймай отыр. Бас прокуратура еліміз бойынша жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өткен жылдың соңында 6%-ға қысқарғанын жариялады. Ақтөбе өңірінде де төмендеу құбылысы байқалды. Облыстық әкімдік пен полиция жасөспірімдер арасындағы қылмыстың төмендегенін растайды.
Бір жылдан бері ата-аналар мен мектеп мұғалімдері, полиция жасағымен бірге түнгі рейдтерге шығып, көшелер мен ойын-сауық орындарында мезгілсіз уақытта балалардың жүрмеуін қадағалап жүр. Соның нәтижесі болар, елімізде осы жылдың алғашқы жартыжылдығында 14–18 жас аралығындағы жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 17%-ға төмендепті. Бұл нәтижеге құқық қорғау органдарының профилактикалық және құқықтық-ағарту жұмыстарын күшейтуі себеп болған. Түнгі кезекшіліктермен қатар көшелерді бейнекамералармен жабдықтау, баланың мезгілсіз уақытта жүргені үшін ата-анасын әкімшілік жауапкершілікке тарту, инспекторлардың тәртібі нашар оқушылармен жеке-дара жұмыс істеуі, учаскелік полицейлердің жұмыстарының жандануы да қылмыстың алдын алуға әкелді.
Өткен жылы Ақтөбе облысында жасөспірімдер қолымен бірнеше қанды қылмыс жасалынды. Қаңтардың 2-сінен 3-іне қараған түні қала іргесіндегі Қызылжар ауылындағы дүкен жанында кәмелетке толмағандар төбелесіп, пышақ жарақаты бір баланың өліміне әкелді. 11 сәуірде Есет батыр атындағы мектеп-интернат оқушысы соққыдан қайтыс болды. Арада бірер ай өткенде бір жасөспірім сауда орталығына жарылғыш зат салынды деп, елді дүрліктірді. Аудандардың бірінде жасөспірім бұралқы итті қинап, онысын әлеуметтік желіге салған. Темір ауданы, Қопа ауылында бір баланы жоғары сынып оқушылары ұрып өлтірді. Осылайша, былтырғы ауыр қылмыс түрлері – жаппай төбелес, пышақ және атыс қаруын қолдану, жануарға қатыгездік көрсету, терроризм туралы жалған ақпарат таратуды қамтыды.
Жасөспірімдер қылмысын талдау кезінде топтық төбелеске көбіне жастары 18–20 жас арасындағы колледж студенттері, мектептің жоғары сынып оқушылары баратыны анықталды. Әдетте жанжал түкке тұрмайтын нәрседен туындап, оның соңы топ болып төбелесумен аяқталады. Жеңілген тарап алдын ала сөз байласу арқылы түнгі уақытта қалтарыс жерге жақтастарын жинап әкеледі. Біреуінің қолында шолақ мылтық, не пышақ жүреді. Қылмыс көбіне қыркүйекте немесе қысқы каникул күндерінде жасалады. Тағы бір назар аударарлығы – жасөспірімдер төбелеске жиналар алдында осы іс-әрекеттерінің салдарын жете бағаламайды. Топырлап жүргеннің біреуінде ес жоқ, ақыл емес, ашу жеңіп кетеді. Өйткені ешқайсысының құқықтық сауаты жоқ. Болып жатқан оқиғаны ата-анасына да айтпайды. Ата-ана да баласының түнде кіріп-шығып жүргеніне назар аудармайды. Өйткені үйде тәртіп жоқ, баласының беймезгіл жүрісі әдетке айналған. Сенделіп көп жүретін баланың араласатын ортасы, айналысатын ісі, мінез-құлығындағы өзгеріске үйдегі үлкендердің назар аудармайтыны сот барысында көп байқалды. Осы жағдайлар бала тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін заңмен қатайту қажеттігін көрсетеді. Отбасындағы бала тәрбиесі ақсап жатса, оған ең алдымен ата-анасы не қамқоршысы жауапты. 14 жастан асқан ақыл-есі дұрыс жасөспірім заңға қайшы әрекеті үшін де заң алдындағы жауапкершілігін сезіне білуге тиіс.
Қылмысты болдырмау шараларының күшейтілуімен бірге, қоғамды ізгілендіру жұмыстары да қатар жүргені қажет. Себебі отбасылық қиын жағдайға тап болған ата-аналарды қолдауға жанашыры болмаса, қоғамның белсенді топтары араласқаны қажет. Көпті көрген, өмірлік тәжірибесі мол, үлгілі отбасылардың ата-әжелері, зейнеткер ұстаздар тығырыққа тірелген жас отбасыларға, жалғызілікті аналарға жақсы кеңес береді, жол көрсете алады. Туындаған мәселені сабырмен жеңу, мәмілегерлік жолмен реттеу, ортақ шешімін табу шиеленістің алдын алады. Осы жағынан бала тәрбиесінде ұлттық дәстүрлерді кеңінен қолдану да өте маңызды. Өсіп келе жатқан жас үлкен өмірге бағдар алар кезде қоғамнан өгейленбей, қолдаушысы бар екенін жан-жүрегімен сезіне алса, нәтиже болады. Үйдегі үлкендердің жанжалы көп жағдайда баланың мінез-құлқына әсер етіп, ол жанына жалау болатын нәрсені сырттан іздей бастайды. Өкінішке қарай, көшенің жүгенсіз заңы сана-сезімі қалыптаспаған баланы жолдан тайдырады. Көше бұзақының қатарын көбейтуге мүдделі. Қылмысқа бейім топтар бір жерге жиналса, қоғамда қалыптасқан қағидатты бұзып, өз үстемдігін орнатады. Бұл – қылмыстық жүйенің жазылмаған заңы. Төбелескендердің арасында суық қарудың болуы, күштінің әлсізді сапқа тұрғызып қойып құлатуы Сталин заманындағы ГУЛАГ жүйелерінен келе жатқан түрменің жазылмаған заңын еске түсіреді. Темір ауданындағы Қопа ауылында және Ақтөбедегі спорт мектебінде бала өлімімен аяқталған қылмыс тура осылай болды. 11-сыныпта оқитын бұзақының соққысынан 8-сыныптың оқушысы қаза тапты. Екі қылмыс бірдей. Қылмыскердің тәлімгері кім? Осы жағын құқық қорғау органдары зерделеуге тиіс.
Осы жылдың алғашқы жартысында Ақтөбе облысында жасөспірімдер арасындағы топтық қақтығыстар, қару қолдану оқиғалары тіркелген жоқ. Есесіне нашақорлыққа үйір жастар саны артып барады. Құқық қорғау органдары, білім беру ұйымдары мен ата-аналар, қоғамдық құрылымдардың өзара байланысты әрекеттері, дер кезінде қимылдауы ықтимал қылмыстардың алдын алып, жүгенсізді тыюға септігін тигізетінін көрсетіп отыр. Баланың жастайынан қарым-қатынас мәдениетін меңгеруі – тәртіпке бағынудың ең төте жолы.
Ақтөбе облысы