
Цифрлық қоғамдық инфрақұрылым – бұл цифрлық төлемдер, сәйкестендіру және деректер алмасу жүйелерінің қауіпсіз әрі өзара әрекеттесе алатын жиынтығы. Цифрлық дәуірде бұл жүйелер экономика мен әлеуметтік өмірге толыққанды қатысудың басты алғышартына айналды. «DPI» барлық елде орнықты әрі инновациялық экономика құрып, тұрғындардың әл-ауқатын қамтамасыз етуі үшін қажет.
«50-in-5» бастамасының негізгі мақсаты – 2028 жылға дейін 50 ел кем дегенде бір «DPI» элементін енгізу. Бұл тәжірибе алмасу және ашық цифрлық өнімдерді қолдана отырып, бірлескен шешімдер әзірлеу шығынын азайтып, трансформацияны жеделдете түседі.
«Еліміздегі цифрлық трансформацияның басты өзегі – адам. Біз үшін технология – жай ғана технология емес, ол азаматтардың өмірін жақсартатын құрал. Осы мақсатта әр қадамымызды халық игілігі үшін жасай отырып, ашық, түсінікті және тиімді цифрлық мемлекет құрып жатырмыз. Шын мәнінде, цифрлық шешімдер қашықтықты қысқартады. Осы арқылы адамдар қайда тұрса да, біз оларға жақын бола аламыз. «50-in-5» бастамасына қосылу – азаматтарға арналған цифрлық трансформациямызды үдетіп, шығындарды азайтуға мүмкіндік беретін маңызды қадам», деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев.
Қазір елімізде цифрлық қоғамдық инфрақұрылымның негізгі элементтері табысты енгізіліп отыр. Мәселен, цифрлық сәйкестендіру жүйесінің (Digital ID) негізгі бөлігі – «eGov Mobile» мобильді қосымшасы. Бұл – ресми электрондық үкіметтің супермобильді қосымшасы, ол қауіпсіз авторизация, қашықтан жеке басын растау және мемлекеттік қызметтердің кең ауқымына қол жеткізу мүмкіндігін қамтиды.
Бүгінде «eGov Mobile» қосымшасын 10,9 млн-нан астам ел тұрғыны пайдаланады. Оның ішінде ай сайынғы белсенді аудитория 5,3 млн адамды құрайды, ал тәулігіне орта есеппен 354 мың пайдаланушы қосымшаға кіреді. «Қызметтер» бөлімінде 200 түрлі сервис қолжетімді, ал «eGov Mobile» арқылы көрсетілген мемлекеттік қызметтердің жалпы саны 82 млн-нан асты. Әсіресе адамдар «Цифрлық құжаттар» бөлімін көп пайдаланады. Онда жеке куәліктен бастап, жүргізуші куәлігіне дейін 38 түрлі электрондық құжат қолжетімді. Бұл функция іске қосылғаннан бері құжаттарды 25,7 млн-нан астам рет қолданған.
Сонымен қатар мемлекеттік жүйелер арасында деректер алмасу үшін «Smart Data Ukimet» ақпараттық-талдамалық платформасы жұмыс істейді. Оған 124 мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі біріктірілген. Бұл интеграция азаматтардың өмірлік жағдайларына автоматты түрде жауап ретінде проактивті мемлекеттік қызметтерді әзірлеуге мүмкіндік береді.
Қазірде әлеуметтік бағыттағы 45 проактивті мемлекеттік қызмет әзірленген. Олар азаматтарға, әсіресе қиын жағдайға тап болған адамдарға бағытталған атаулы көмек көрсетуге арналған. Осындай қызметтер 4,3 млн-нан астам рет көрсетілді. Сондай-ақ «Smart Data Ukimet», Электрондық үкімет шлюзі және «Smart Bridge» бірігіп, ұлттық деректер алмасу жүйесінің негізін құрайды.
Азат ЕСЕН