Футбол • Бүгін, 08:50

Футбол академиясы үмітті ақтаса игі

10 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Табиғаты көркем Талғар қала­сында FIFA стан­дар­тына сай халықаралық «KFF Academy by Almaty International Airport» футбол ака­демиясы ғимаратының ірге­­та­­­сын қалау рәсімі өтті. Жоба елі­міздің Футбол федера­ция­сы­ның бас­та­масымен, Алматы халық­ара­лық әуе­жайы­ның қар­жылық қол­дауымен жүзеге асырылып отыр.

Футбол академиясы үмітті ақтаса игі

Балалар мен жасөс­пі­рімдер спортын да­мытуға бағытталған жобаны жүзеге асыруға 8 млн еуро инвестиция салынады. Мұнда еліміздің барлық өңірінен ала доп қууға құмар балалар қабылданып, алаңсыз дайындалуына толыққанды жағдай жасалады.

Салтанатты шараны «TAV Airports Holding» бас директоры Серкан Каптан құттықтау сөзбен ашты. Ол компанияның бұл жобаға қатысуы әлеуметтік жауап­кершілікпен ғана шек­тел­­мейтінін атап айтты. Оның сөзінше, футбол академиясы компа­нияның орнықты дамуында стратегиялық маңызға ие.

«TAV Airports Holding» үшін тұрақты даму бағыттары ортақ жауапкершілікке, қоғам­мен тығыз байланыс орна­туға, бизнес­тен бөлек мақсатқа ұмтылуға негіз­делген. Корпоративтік әлеу­меттік жауапкершілік – барша қызметіміздің ұстыны. Жас­тардың дамуына, қоғамның игілігіне бағытталған бастамаларды қолдау – стратегиямыз бен іс-әрекетімізді айқын­дайтын құндылық. Жалпы, спорт адамдарды жақын­дас­ты­рып, әр баланың бойын­дағы қабілет-қарымын ашады. Сон­дықтан Қазақстан фут­бо­л­ының дамуына үлес қоса­ты­нымызды мақтан етеміз. Өске­лең жас­тарды қолдау, олар­ды ширатып, биік шың­ға шығару – үлкен мәртебе», деді Серкан Каптан.

Академияның құрылысы – адам капи­та­лына, балалардың болашағы мен спорт әлеуетін арттыруға бағытталған ұзақмерзім­­ді инвес­тиция. Мұнда жас таланттарды анық­тап, оларды дамытуға жүйелі негіз қалып­­тастырып, кәсіби дайындықпен қатар, онда тұруға, білім алуға, футбол қауым­дас­ты­ғы­на бейім­делуге қажетті жағдай жасалады.

Футбол федерациясының президенті Марат Омаров академияда жас футбол­шы­ларға жүйелі түрде заманауи футбол талаптарына сай даяр­лануға бар­лық жағдай жаса­латындығын мәлім етті.

«Бүгін іргетасы қаланған футбол академия­сы – Футбол федерациясының аса ауқымды, стра­те­гиялық маңызы зор алғаш­қы жобасы. Ол еліміздегі жас фут­бол­шыларды даярлау жүйе­сін өзгертіп, жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Ака­де­мияға қабылданған балалар осында тұрып, Талғар­дың мек­теп­терінде оқиды. Түстен кейін футболға даяр­ланады. Осы жер­де тамақтанып, тынығады. Демалыс күндері үйлеріне барады. Бағдарлама 2-3 жылға арналған», деді М.Омаров.

Қонақтардың сөзінен соң, академияның іргетасын қалау рәсімі салтанатты түрде жария­ланды. Іс-шарада жоба бас­шы­лығы футбол добына қолтаң­баларын қойып, оны жас спорт­шыларға табыстады.

Жалпы аумағы 5 520 шаршы метр болатын ака­де­мия ғима­раты үш негізгі блоктан тұра­ды: спорттық, әкімшілік-тұр­мыс­тық және жатақхана. Спорттық блокта жабық фут­бол залы, жалпы дене даярлығы залы, қалпына келу бас­сейні, киім ауыстыратын, қызметтік бөл­мелер болады. Әкімшілік-тұрмыстық блокқа жаттықтырушы кабинеттері, медици­на­лық, оңалту бөлме­лері, мәжіліс залы, асхана, техникалық бөлмелер орналасады. Төртқабатты жатақханада оқушылар мен қызметкерлерге арналған бөлмелер, демалыс, жеке дайындық аймақтары бар.

«KFF Academy by Almaty International Airport» – балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту жүйесін нығайту жолындағы ма­ңызды қадам. Бұл жаңа буын спортшыла­рын даярлауға арналған тұрақты инфра­құ­ры­лымды қалып­тас­тыру жұмысының бастамасы. Академия әріптестік қарым-қатынас пен тә­жі­рибені ұш­тас­­­тырған ел спортын же­тіл­­­­­д­­і­ру­дегі сапалы әрі жүйе­лі кө­з­қарастың үлгісіне ай­нал­­мақ.

Салтанатты іс-шараға қа­тыс­қан Талғар ауданының әкімі Таңат Айдарбеков спорт мәнді де мағыналы ұзақ өмір сүрудің бірден-бір жолы екенін айрықша атай келе, өңірде саламатты өмір салтын қалып­тас­тыруға ықпал ететін 243 спорттық нысан халық­қа қызмет көрсететінін, оның ішінде 69 спорт зал, 59 спорт алаңы, 13 соңғы үлгідегі шағын футбол алаңы, теннис корты, тау шаңғысы, басқа да 17 спорт нысаны бүгінде тұрақты жұмыс жасап жатқанын атап айтты. Енді солардың қатарын толық­тыратын футбол академиясын­да елі­міздің абыройын асқақтататын жасөспірім футболшылар жаттығып, діттеген мақсатқа жетулеріне тілектестігін білдірді.

Футбол академиясы демекші, 2009 жылдан бастап 2018 жылға дейін елімізден бір топ  бала Бразилиядағы әйгілі «Оле Бразил» академиясына футболдың қыр-сырын меңгеруге аттанған еді. Дегенмен, 80-ге жуық баланың арасынан тек Магомед Па­рагульгов қана ұлттық құрама сапында небәрі екі ойын өткізе алды.

Жоба бастапқыда зор сенім тудыр­ғанымен, нәтиже көңіл көншітпеді. Бұл сәтсіздікке не себеп болды? Брази­лиялық бапкерлердің деңгейі төмен бе, әлде біздің балалардың әлеуеті жеткіліксіз бе? Қалай болғанда да, жобадан ел күткендей бірде-бір толыққанды футболшы шықпады. Әр жылы бөлінген 83 миллион теңгеден астам қаржы босқа рәсуа болды.

Енді сол сұрақ тағы да күн тәртібінде тұр. Талғар футбол академиясының болашағы қандай болмақ? Тағы да академия балалары жанкүйерлерін жерге қаратып жүрмей ме?

 

Алматы облысы 

Соңғы жаңалықтар