
«Әрбір цифрлық шешіміміз – жай ғана технология емес, «Заң мен Тәртіп» қағидатын жүзеге асыруға арналған нақты құрал. Бүгінде ІІМ-нің цифрлық экожүйесі ұлттық қауіпсіздіктің ажырамас бөлігіне айналып отыр. Ол сенімді, ашық және азаматтарға бағытталған», деді Ішкі істер министрі Ержан Саденов.
Министрлік қызметтері тарапынан әрбір жоба бойынша таныстырылым өткізілді. Қоғамдық қауіпсіздік экожүйесінің басты элементі ретінде интеллектуалды камералар қала береді. Олар тұлғаларды, заттарды таниды, қару-жарақты, түтінді, адамдардың шоғырлануын анықтайды, сондай-ақ жынысы, жасы, бетперде, көзілдірік және өзге де белгілер бойынша талдау жүргізеді.
Сондай-ақ патрульдік полиция қызметкерлеріне іздеуде жүрген адамдар мен есепте тұрған автокөліктердің нөмірлерін тануға мүмкіндік беретін ақылды жетондар мен көзілдіріктер енгізіледі.
Барлық деректер жедел басқару орталықтарына және қызметкерлердің планшеттеріне автоматты түрде беріледі. Көше қиылыстарына жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер тарапынан болатын құқықбұзушылықтарды тіркейтін «ақылды жаяу жүргінші өткелі» жүйесі орнатылады. Ақпарат патрульдік қызметкердің планшетіне түсіп, әрі қарай әрекет етуге мүмкіндік береді.
Қалалық ортада және айналма жолдарда пайдаланылатын ұшқышсыз ұшу аппараттары да таныстырылды. Олар жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркейді, көлік ағындарын бақылайды және күдікті көліктерді анықтайды. Жекелеген бағыт ретінде синтетикалық есірткі буын анықтайтын газ талдағыштармен жабдықталған дрондар қарастырылған.
Барлық жол камералары мен интеллектуалды жүйелерді біріктіретін «ТОР» бірыңғай цифрлық платформасы құрылды. Ол көлік қозғалысын бақылауға, бағдар бойынша ізделетін көліктерді анықтауға, агрессивті жүргізу фактілерін тіркеуге және жол-көлік оқиғаларының «жылу карталарын» жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар патрульдік полицияның қызметтік автокөліктері жол жүру ережелерінің бұзылуын қозғалыс кезінде тіркейтін мобильді кешендермен жабдықталуда.
ІІМ тарапынан 55 мемлекеттік қызмет көрсетіледі, оның 43-і электрондық форматта қолжетімді. Азаматтар арасында ең көп сұранысқа ие 10 қызмет, соның ішінде тұрғылықты жері бойынша тіркеу, жеке куәліктер мен жүргізуші куәліктерін ауыстыру қызметтері мобильді қосымшалар арқылы қолжетімді.
«Заң мен Тәртіп» сервисі әзірленіп, іске қосылды. Ол азаматтарға eGov Mobile қосымшасы арқылы фото және бейнематериалдарды полицияға жолдауға мүмкіндік береді. Алғаш рет шетел азаматтарының ел аумағында болуын цифрлық тұрғыда бақылау жүйесі енгізілуде. Онда биометриялық деректер, геолокация және ведомствоаралық дерекқорлардан алынған ақпараттарды біріктіру тетігі қарастырылған. Артық әкімшілік жүктемесіз көші-қон тәртібін күшейтуге бағытталған заңнамалық база дайындалды.
Бүгінде қылмыстардың 56%-ы мен әкімшілік құқықбұзушылықтардың 66%-ы цифрлық шешімдердің көмегімен ашылуда. Сонымен қатар заманауи технологиялар қылмыс деңгейінің төмендеуіне ықпал етуде: биыл қылмыс саны бес мыңнан астам жағдайға азайды.
Іс-шара аясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері ішкі істер министрінің атынан марапатқа ие болды. Журналистерге құқық қорғау органдарымен тығыз ынтымақтастық, ведомство қызметін объективті жария ету бойынша еңбектері үшін алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Бұл құрмет ІІМ мен БАҚ арасындағы қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету ісіндегі конструктивті өзара іс-қимылдың маңыздылығын көрсетеді.