Саясат • Бүгін, 09:23

Сингапурдегі байыпты кездесу

30 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының төр­ағасы Мәулен Әшімбаев Сингапур Республикасына сапары аясында ел Президенті Тарман Шанму­гаратнаммен және Парла­мент спикері Сеа Киань Пэнмен кездесті. Кездесу барысында тараптар ынты­мақтастықты одан әрі нығай­ту мәселелерін талқылап, осы бағыт­тағы бірлескен жұмыстың маңызды міндеттерін айқындады.

Сингапурдегі байыпты кездесу

Мәулен Әшімбаев Сингапур Республика­сының Президенті Тарман Шанмугаратнамға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізіп, сингапур­лықтарды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Сондай-ақ ол Қазақстан Сингапурды қашанда жүйелі дамудың озық үлгісі санайтынын тілге тиек етті.

Сенат төрағасы атап өткендей, Қазақстан мен Сингапур ондаған жылдар бойы өзара құр­метке және ортақ құндылықтар мен мүддеге негізделген берік серіктестік қалыптастырды. Кейінгі жылдарда екіжақты ынтымақтастық айтарлықтай нығая түскеніне де мән берілді.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Сингапурға жасаған мемлекеттік сапары аясында оқыған дәрісінде сіздердің елдеріңіз Қазақстанды даму мен өркендеу бағытында өзіндік жол таңдауға жігерлендіретінін айтты. Қазіргі таңда екі ел арасында өзара құрметке, ортақ құндылықтарға және ұқсас ұстанымға негізделген берік, ұзақмерзімді әріптестік орнады. Кейінгі жылдары біздің ынтымақтастығымыз одан әрі нығая түсті», деп Сенат төрағасы Сингапур Президентіне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүргізіліп жатқан реформалар жөнінде айтып берді.

Өз кезегінде Тарман Шанмугаратнам Қазақстан басшылығына сенім танытқаны және Сингапурдағы өзгерістерге қолдау көрсеткені үшін ризашылық білдірді. Сондай-ақ рухани дипломатияны ілгерілетуге және көп форматты Қазақстан-Сингапур қатынастарын дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс айтты. Одан бөлек, екі мемлекет арасындағы саяси диалог және өзара тиімді серіктестік деңгейіне жоғары баға берді.

Парламент спикері Сеа Киань Пэнмен кездесуде өзара парламентаралық қарым-қатынастарды дамыту келешегі әңгімеге арқау болды. Мәулен Әшімбаев екіжақты байланыстың жоғары деңгейіне және күшті мемлекеттік басқаруды көпұлтты өкілдік пен саяси сабақтастықты қамтамасыз ететін тетіктермен үйлестіретін елдің бірегей парламенттік моделіне назар аударды. Осы орайда тараптар алдағы кезеңде екі елдің Парламенттері арасында заң шығару саласындағы өзара іс-қимылды тереңдетуге мүдделі екендерін білдірді.

«Қазақстан Парламенті Сингапурдың әртүрлі саладағы, соның ішінде заңнамалық бағыттағы бірегей тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытады. Атап айтқанда, заң шығару үдерісін цифрландыру, жасанды интеллект, жасыл экономика және тиімді мемлекеттік басқаруды қолдана отырып, жобалар әзірлеу мәселелері – басты назарымызда. Біздің Парламенттің екі палатасында да жұмыс істейтін Сингапурмен достық топтарының әлеуетін белсенді пайдаланудың маңызы зор. Бұл депутаттарымыз арасындағы ынтымақтастықтың елеулі тетігі екені анық», деді М.Әшімбаев.

Сондай-ақ Сенат төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан ауқым­ды саяси жаңғыртуларға тоқталып, даму­­дың жаңа экономикалық моделін қалып­тас­тыру бағытындағы жұмыстар жөнінде айтты.

«Қазіргі таңда Қазақстанда ұлттық экономиканы әртараптандыруды көздейтін маңызды реформалар жүргізіліп жатыр. Осы ретте біз энергетика, пайдалы қазбаларды өңдеу, инфрақұрылымды дамыту, цифрлық экономика, қаржы технологиялары, логистика және байланыс сияқты негізгі секторларда ынтымақтастықты нығайтудың болашағы зор деп есептейміз. Орталық Азияға салынып жатқан барлық тікелей шетелдік инвестицияның 60 пайыздан астамы – Қазақстанның еншісінде. Біз шетелдік компаниялар үшін барынша қолайлы жағдай жасауға толық дайынбыз. Соның аясында шетелдік инвесторларды қолдау үшін қажетті заңнамалық шаралар да қабылдадық», деп М.Әшімбаев сингапурлық компанияларды ынтымақтаса жұмыс істеуге және бірлескен кәсіпорындар құруға шақырды.

Өз кезегінде Сингапур Парламентінің спикері Қазақстанда жүргізіліп жатқан қоғам­дық-саяси өзгерістерге жоғары баға берді және барлық бағыт бойынша ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүдделі екенін жеткізді.

Сонымен қатар Қазақстан Парламентінің депутаттары Сингапурдың «Punggol Digital District» цифрлық кластеріне барды. Бұл – 50 гектар аумақты алып жатқан, киберқауіпсіздік, жасанды интеллект, роботтехника, қаржы технологиялары сияқты негізгі секторларда цифрлық саланың көшбасшы компаниялары орналасқан орнықты бизнес-инновациялық аудан. Платформа әртүрлі жүйе мен сенсорлардан деректер жинайды. Оның ішінде лифттер, жарықтандыру, инженерлік желілер; ғимараттардың қамтылу көрсеткіштері, температура, ылғалдылық, жауын-шашын және тағы басқа климаттық параметрлер бар.

Бұдан басқа, депутаттар «Marina Barrage» гидротехникалық нысанының қызметімен танысты. Ол Сингапурдың бірінші Премьер-Министрі Ли Куан Юдың идеясымен салынған. Бөгет су қорын ұлғайтып қана қоймай, толқын мен жаңбыр кезінде жағалаулардың су астында қалуына жол бермейтін тосқауыл ретінде жұмыс істейді.