Саясат • Бүгін, 09:07

«Жасыл» экономикаға көшу – жауапты міндет

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен, ҮЕҰ өкілдері мен қоғам белсенділерінің қатысуымен Президент жанындағы «Жасыл» экономикаға көшу жөніндегі кеңес отырысы өтті.

«Жасыл» экономикаға көшу – жауапты міндет

Зиянды шығарындылардың ауаға таралуын азайту, кәсіпорындарда ең үздік қолжетімді техникаларды енгізу және орнықты даму туралы есептілік (ESG) бойынша нысаналы индикаторларға қол жеткізу жөніндегі іс-шаралардың орындалу барысы қаралды.

«Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында елімізде экологиялық жаңарудың ауқымды іс-шаралары жүзеге асырылуда. Сонымен қатар өндірістің қоршаған ортаға тигізетін зиянды әсерін азайтуымыз керек. «Жасыл» экономикаға көшу және көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін озық технологияларды енгізуді ескере отырып, өнеркәсіп секторын жаңғыртуды жандандыру қажет. Басым бағыттардың бірі – атмосфераға шығарындылар мен парниктік газдарды қысқарту, сондай-ақ өндірістің энергия тиімділігін арттыру», деп атап өтті О.Бектенов.

Қарағанды, Шығыс Қазақстан мен Ұлытау облыстарындағы экологиялық жағдайға әсер ету мәселесі бойынша «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС, «Қазмырыш» ЖШС және «Qarmet» АҚ басшылығының өндірістерді жаңғырту саласында атқарылған жұмыстар туралы есебі тыңдалды.

«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС байыту фабрикаларында шаң ұстау жүйелері орнатылған, бұл шаң жинау үдерісінің тиімділігін 99,9%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Жезқазған мыс балқыту зауытын газдандыру есебінен атмосфераға шығарындылардың 16%-ға қысқаруына қол жеткізілді. Балқаш мыс балқыту зауытындағы су салқындату жүйе­лерінің жабдықтарын ауыстыру тұщы су алу көрсеткішінің 35%-ға төмен­деуін қамтамасыз етті. Өндірілген қож кө­лемінің 100% мыс концентратын, өрескел қорғасынды, т. б. алу арқылы өңделеді.

«Қазмырыш» ЖШС Өскемен металлургиялық алаңында жұмыс жүргізілді, нәтижесінде шығарындылар 4 еседен астам төмендеді. 2001 жылғы 69 мың тоннадан қазіргі уақытта 15 мың тоннаға дейін. Негізгі өндірістік алаңдарда ең үздік қолжетімді технологияларды енгізу жоспарланып отыр: бұл газдардан күкірт диоксидін кәдеге жарату жөніндегі жаңа жабдықты орнату, қатты бөлшектерді ұстауға арналған сүзгілерді қайта жаңарту, тағы басқалар осы мақсаттарға арналған инвестициялардың жалпы көлемі 108 млрд теңгеден асады.

«Qarmet» АҚ 2024–2030 жылдарға арналған Жол картасын іске асырып келеді, оның шеңберінде кокс газын терең тазартатын жаңа кокс батареяларын салу, Қарағанды металлургия комбинатының ЖЭО-2 және ЖЭО-Бу-ауа үрлейтін стансасында қазандық жаб­дықтарын жаңғырту, бірқатар пешті таби­ғи газға ауыс­тыру, ауа мен суды таза­рту жүйелерін қайта жаңарту, тағы басқалары көзделген. Екі жыл ішін­де «Qarmet» AҚ-ның атмосфералық ауаға нақ­ты шығарындылары 10,3%-ға қыс­қар­ды, қалдықтардың түзілуі 19,8%-ға төмендеді.

«Жасыл академия» ғылыми-білім орталығының директоры Бақыт Есекина, «Қазақстанның экологиялық ұйым­дары қауымдастығы» заңды тұлға­лар бірлестігінің басқарма төрағасы Айгүл Соловьева, «KazWaste» қалдықтар­ды басқару жөніндегі қауымдастықтың атқарушы директоры Вера Мұстафина бизнес пен жаңа технологияларды енгізуді ынталандыру, көмірқышқыл газы шығарындыларын цифрландыру, ірі компаниялардың есептілігінің ашықтығын қамтамасыз ету және тағы басқа мәселелер мен ұсыныстар бойынша жұртшылық атынан сөз сөйледі.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев еліміздегі өнеркәсіп кәсіпорындарынан ауаға теріс әсерді болдырмас үшін экологиялық рұқсат беру шеңберінде қалдықтар жөнін­дегі нормативтер жыл сайын төмен­­дейтінін баяндады. Отандық өн­ді­рістердің жаңа технологияларға көшуі нәтижесінде 2035 жылға қарай атмо­сфераға зиянды шығарындылар 300 мың тоннадан астам қысқаруға тиіс.

Олжас Бектенов еліміздің көміртегі бейтараптығына қол жеткізуі бо­йынша үкіметтік емес сектор, ғылыми қоғамдастық және бизнес өкілдерінің бірлескен жұмысының маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар өнеркәсіп кәсіпорындары өндірістерде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету үшін белсенді жұмыс істеуі керек. Үкімет тарапынан осы мәселе бойынша бақылау күшейтіледі.

Кеңес қорытындысында Премьер-министр жауапты министрлік­терге бірқатар тапсырма берді, атап айт­қанда, Экология министрлігі өнеркәсіп кәсіпорындармен бірлесіп, еліміздің «жасыл» экономикаға көшуі жөніндегі тұжырымдаманың индикаторларын стратегиялық құжаттар мен табиғатты қор­ғау іс-шараларының жоспарларына енгізуді қамтамасыз етуге тиіс. Ком­пания­лар өндірістің экологияға әсері туралы барлық ақпаратты өздерінің интернет-ресурстарында орналастыруы керек. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі «Қазақмыс» және «Қазмырыш» компа­­ния­ларымен бірлесіп, энергия тиімді­лігі­нің нысаналы индикаторларын, сондай-ақ жүргізілген энергия аудитінің қоры­тындылары бойынша энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөнін­дегі жоспарларды қайта қарауы қажет.

Сонымен қатар Экология, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министр­ліктері қоғам қайраткерлерімен және халықаралық ұйымдармен бірлесіп,  өнеркәсіп кәсіпорындары үшін орнықты даму жөніндегі есептілікті енгізу бойынша бірқатар семинар мен кездесу өткізу мүмкіндігін қарастырып, жұртшылық үшін ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз етуге тиіс.

Денсаулық сақтау, Ғылым және жоғары білім министрліктері тиісті ұсынымдар әзірлей отырып, өндірістің зиянды факторларының халық денсаулығына әсеріне қатысты терең ғылыми зерттеулер жүргізу мәселесін пысықтауы керек.