
Сурет: report.az
Екі күн бұрын Иран АҚШ-тың Ирак пен Қатардағы әуе базаларын атқылады. Сол сәттен бастап-ақ мұнай бағасы төмендеп кетті. Сарапшылардың бағалауынша, нарық Иран соққысының рәміздік мәнге ие екенін (әскери де, адами да шығын әкелмеді) сезіп қойды. Яғни Иран тарапынан енді үлкен қатердің туындауы екіталай екенін аңғарды дейді. Қазір «Brent» маркалы мұнай бағасы 69,8 доллардың айналасында тұр. Иран соққысынан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп «Израиль мен Иран атысты толық тоқтатуға келісті» деп мәлімдеме жасады. Әрине, мұндай мәлімдеме нарық тәуекелін төмендетіп, бағаны бұрынғыдан да құлдырата түспек.
Осыдан біраз күн бұрын Ормуз бұғазын жауып тастаймыз деген Иран тарапының енді ондай қадамға бармайтыны түсінікті. Тіпті эскалация қызып тұрған кездің өзінде олар бұғазды жаба алмас еді дейді сарапшылар. АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Ормуз бұғазын жауып тастаудың «сорақы қателік» боларын айтып, «бұл бізге қарағанда өзге елдердің экономикасына ауыр соққы болады» деп мәлімдеген еді. «Bloomberg» мәліметінше, бұғаз арқылы өтетін мұнайдың үштен бірі Қытайға тиесілі. Қазір қытайлық танкерлер мен жүзіп бара жатқан алып кемелерде 70 млн баррельге жуық Иран мұнайы бар. Мұнша мұнайды Қытай екі ай бойы тұтынады. «Kpler» аналитиктерінің айтуынша, тап қазір суда тұрған Иран мұнайының жалпы көлемі 120 млн баррельге таяйды.
Экономист Руслан Сұлтановтың сөзінше, эскалация күшейген жағдайда дамушы нарықтардың валютасына қысым артады.
«Инвесторлар бірден долларлық активтерге ауысып, импорттаушылар қымбат төлеуге мәжбүр болады. АҚШ-тағы жоғары кірістілік дамушы нарықтардың бағалы қағаздарының тартымдылығын төмендетеді. Инвесторлар пайдасын бекітіп, теңгемен номинацияланған мемлекеттік облигациялардан шығып кетуі мүмкін. Бұл теңгеге деген сұранысты азайтып, бюджеттің қарызға қызмет көрсету шығындарын өсіреді», дейді экономист.
Экономист Алмас Чукин «Digital Business»-ке берген сұхбатында жағдайды былай түсіндіреді.
«Бұл шиеленіс бірінші кезекте мұнайға екінші кезекте бүкіл тәуекелді активтерге әсер етеді. Бұл бізге онша әсер етпейді. Яғни алтын және АҚШ-тың барлық облигациялары жоғары, акциялары төменге кетеді. Бұл өзі қандай да бір соғыс басталған кезде болатын құбылыс. Бірақ Иранға қатысты жағдай сәл басқаша. Иран – ірі экспорттаушы ел. Егер Израиль олардың негізгі экспорттық портына соққы жасаса, бұл ұзақ мерзімге елеулі әсер етеді. Сауд Арабиясы белгілі бір көлемде өндірісті арттыра алар, бірақ Иранды толықтай бірден алмастыру оларға оңайға соқпайды», дейді.
Сарапшы Иранның Ормуз бұғазын түгелдей жауып тастайтынына сенбейді.
«Америкалықтар «ондайды ойларыңа да алмаңдар» деп ескертті. Дегенмен Иран бұғазды зеңбіректермен атқылап, жауып тастай алады. Ондай жағдайда бірде-бір танкер өте алмайды. Техникалық тұрғыда Иран мұны істей алады, бірақ іс жүзінде бұл әрекетке бармайды», дейді ол.