
Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі ұсынған дерекке сүйенсек, мұнайлы өңір жасөспірім-дері өткен жылғы 3 айда 14 қылмыс жасаған. Ал биылғы осы кезеңде кәмелетке толмағандар тарапынан 31 қылмыс тіркелді. Жасөспірімдердің 3 түрлі қылмысты жиі жасауға бейімдігі анықталыпты. Бұл – ұрлық, бұзақылық және тонау.
Кейінгі бір жылда Атырау облысында интернет-алаяқтық қылмысы көбейгені байқалған. Полиция қызметкерлері мұның себебін үш жайтпен байланыстырады. Біріншіден, тұрғындар қаржылық сауатын арттыруға мән бермейді. Екіншіден, цифрлық сауаттың төмендігі де алаяқтарға тиімді болып отыр. Үшіншіден, мұнайлы өңірдегі табыс деңгейінің жоғары болғаны алаяқтардың қызығушылығын тудырады.
«Қазір интернет-алаяқтыққа қарсы үшін алдын алу іс-шаралары ұдайы жүргізіледі. Осы орайда полиция департаменті мен 109 call-орталығы арасында бірлескен іс-шаралар туралы меморандум жасалды. Барлық екінші деңгейдегі банкке ішкі істер органымен алаяқтық транзакциялар туралы ақпарат алмасуға жол ашқан «Антифрод-орталық» онлайн платформасы іске қосылды. Бұл платформамен интернет-алаяқтар жасаған қылмыстар, жәбірленушілерден аударылған қаржының кімнің есепшотына түскені тез анықталады. Қаржыны алушының есепшотын бұғаттау үшін «Антифрод-орталық» платформасында ұсыныстар жолданды. Мұндай іс-шаралар интернет-алаяқтардың заңсыз әрекетін жедел әшкерелеуге, жәбірленушінің қаржысын қайтаруға мүмкіндік береді», деп ақпарат берді баспасөз қызметі.
Осындай алдын алу іс-шараларына қарамастан алаяқтардың заңсыз әрекеті жиі қайталанатын қылмыстың біріне айналып отыр. Әсіресе интернет-алаяқтық қылмысы оқтын-оқтын қайталанады. Сондай-ақ ұрлық та жиі жасалады. Дегенмен былтырғыға қарағанда, ауыр қылмыстардың қатары 11,2 пайызға азайған.
«Мәселен, 2024 жылы 536 қылмыс тіркелді. Биыл жыл басынан бері тіркелген 476 қылмыстың 339-ы ашылды. Ал қалған қылмыстық істер бойынша кешенді-тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты тиісті сараптамалар тағайындалып, процессуалдық шешім қабылдау үшін тергеу жалғасады», деп нақтылады баспасөз қызметі.
Ішкі істер министрлігі тәртіп сақшыларына адам өлтіру қылмысын жедел ашу міндетін жүктеп отыр. Сондай-ақ ауыр қылмыстардың алдын алуға басымдық берілген.
«Атырау облысында қасақана адам өлтіру қылмысының алдын алу және жедел-профилактикалық іс-шараларын күшейту мақсаты көзделді. Осыған байланысты облыс әкімдігімен 2024–2026 жылдарға арналған Жол картасының жоспары жасақталды. Ішкі істер министрлігінің 2023 жылғы 28 желтоқсандағы №943 бұйрығымен «Ұрлықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2024–2026 жылдарға арналған бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралары» жоспары бекітілді. Қазір облыста қабылданған іс-шаралардың нәтижесінде қылмыстық құқық бұзушылықтың төмендегені байқалады. Мәселен, денсаулыққа ауыр зиян келтіру (54,8%, 31-ден 14-ке дейін), зорлау (70%, 10-нан 3-ке), бұзақылық (8,9%, 56-дан 51-ге), ұрлық (13,5%, 297-ден 257-ге), ұялы телефон ұрлығы (28,3%, 46-дан 33-ке), мал ұрлығы (60%, 15-тен 6-ға), алаяқтық (25%, 863-тен 647-ге дейін), тонау (41,4%, 29-дан 17-ге), қарақшылық (50%, 4-тен 2-ге) қылмысы азайды», деді департаменттің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.
Алайда бұл өңірде полиция қызметкерлері іздеу салғанымен, әлі ұсталмаған күдіктілер бар. Іздеуде жүргендер саны – 33.
«Жыл басынан бергі 4 ай 20 күнде іздеу жарияланған 59 күдіктінің 26-сы ұсталды. Күдіктілердің басым бөлігі алаяқтық және ұрлық қылмысын жасағаны үшін іздестіріліп жатыр», деп мәлімдеді баспасөз қызметінен.
Жұртшылықты алаңдатып отырған жайттың бірі – есірткі қылмысы. Атырау облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құттыбай Садықовтың мәліметіне сүйенсек, биылғы 5 айда есірткімен байланысты 59 құқық бұзушылық, оның ішінде 32 қылмыс тіркелген.
«Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 29 килодан астам есірткі, аса ауыр санатқа жататын 3 килоға жуық синтетикалық есірткі заты тәркіленді. Полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде заңсыз 2 фитозертхана, есірткі тасымалдаудың 3 арнасы жойылды. Өзге де заң бұзушылықтарды анықтау үшін жүргізілген жұмыстың нәтижесінде автокөлікті есірткілік мас күйде жүргізген 17 адам жауапқа тартылды. Облыс аумағында есірткі тасымалдаумен айналысқан 14 күдікті ұсталды. Күдіктілердің алтауы өзге өңірлерден келгені, ал екеуінің колледж студенті екені анықталды», дейді Қ.Садықов.
Күдіктінің бірі – Қызылорда облысынан келген 17 жастағы жасөспірім. Оны тінту кезінде қара изолентпен оралған 25 түйіншек табылды. Түйіншектің әрқайсысына 1 грамм ақ түсті ұнтақ салынған. Сараптаманың қорытындысымен ақ түсті ұнтақтың «Альфа-PVP» синтетикалық есірткі екені дәлелденді. Есірткінің жалпы салмағы – 24,7 грамм.
Ал Индер ауданының 37 жастағы тұрғынынан салмағы 1 килодан асатын синтетикалық есірткі алынды. Қазір ұсталған екі күдікті қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалды.
Департамент бастығының бірінші орынбасары мәлім еткендей, полицейлер еріктілермен бірге есірткі сайттарын жарнамалайтын 60-қа жуық граффити жазбасын жойған. Интернет желісіне мониторинг жүргізіліп, есірткі жарнамалаған 332 сайт анықталған. «Антифрод» ақпараттық жүйесімен күдік тудырған 673 есепшот анықталып, ондағы 30 млн теңге жуық қаржы бұғатталып отыр.
Атырау облысы