
Депутаттың айтуынша, мемлекеттік сатып алуға қатысты мәселелер үнемі Парламент пен «AMANAT» партиясы фракциясының отырыстарында күн тәртібінде тұрғанымен, сот тәжірибесі бұл салада қосымша назар мен кешенді шешімдер қабылдауды қажет ететін тұрақты теріс үрдістердің бар екенін көрсетіп отыр.
«Құрылыс саласындағы сатып алулар көлемі артқан сайын, осы саладағы мемлекеттік органдардың шешімдеріне байланысты сотқа жүгінгендер саны да күрт өсті. 2024 жылдың өзінде ғана 787 іс қаралып, оның 387-сі кәсіпкерлердің пайдасына шешілді. Бұл – құқық қолданудағы елеулі кемшіліктер мен жүйелі заңбұзушылықтардың барын айғақтайды», деді депутат.
Сот тәжірибесіне жасалған талдау мынадай негізгі проблемаларды көрсетті:
-
шартты жеңілдіктерді есептеудегі қателіктер (әсіресе территориялық орналасуға қатысты);
-
әлеуетті жеткізушілер туралы мәліметтердің жеткіліксіз тексерілуі;
-
жалған келісімшарттар мен орындалған жұмыстар актілері арқылы тәжірибені қолдан жасау.
Депутаттың айтуынша, кейбір кәсіпкерлер адал емес шенеуніктермен ауыз жаласып, тіркелген күннің ертеңіне-ақ ондаған жобаны «аяқтағандай» етіп көрсететін жалған құжаттарды ұсынуда.
«Мысалы, кейбір компаниялар бір күн ішінде 50-ге дейін нысан бойынша жұмыстар атқарылғаны туралы актілерді тапсырып, талап етілетін тәжірибені қолдан жасап алады», деді Нұрсұлтан Байтілесов.
Депутаттың пікірінше, ерекше алаңдатарлық жайт – «әлеуетті жеткізушінің тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікте орналасуы» бағалау критерийінің теріс пайдаланылуы. Бұл талап бастапқыда жергілікті шағын және орта бизнесті қолдау үшін енгізілгенімен, іс жүзінде жалған тіркеу арқылы артықшылыққа ие болудың құралына айналып отыр.
«Нәтижесінде бұл әділ бәсекені бұзып, территориялық монополиялардың қалыптасуына және сот дауларының артуына алып келуде», – деді депутат.
Оның айтуынша, мұндай схемаларды тәжірибесі мол, адал мердігерлермен тең дәрежеде бәсекеге түсіп жатқан көптеген компаниялар қолданады. Республика бойынша мұндай жағдайлар жүздеп кездеседі. Сонымен қатар, субмердігерлік жұмыстардың құны кей жағдайда негізгі келісімшарт сомасынан асып кеткен. Бұл – заңға тікелей қайшы.
«2019 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қолдану сапасын арттыру арқылы судьяларға түсетін жүктемені азайту қажеттігін айтқан еді. Алайда Қаржы министрлігі тарапынан енгізілетін өзгерістер тиісті сараптамасыз қабылданып, түсіндіру жұмыстары жүргізілмей келеді. Бұл сот жүктемесін арттырып отыр», деді Нұрсұлтан Байтілесов.
Осыған байланысты депутат Үкіметке нақты шаралар қабылдауды ұсынды. Атап айтқанда:
-
мемлекеттік сатып алу ережелеріне кешенді құқықтық талдау жүргізіп, олқылықтарды жою;
-
«территориялық критерий» қолданылуын қайта қарап, жалған тіркеу арқылы артықшылық алуға жол бермеу.
Депутаттың айтуынша, бұл шаралар құқықтық айқындық орнатып, бизнестің мемлекеттік органдарға деген сенімін арттырады және сот дауларының азаюына сеп болады.