Әлем • Бүгін, 14:50

Қытайдағы су тасқынынан 80 мыңнан астам адам эвакуацияланды

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қытайдың оңтүстік-батысындағы Гуйчжоу провинциясында толассыз жауын-шашын салдарынан су тасқыны болып, 80 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз аймақтарға көшірілді, деп хабарлайды Egemen.kz Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.

Қытайдағы су тасқынынан 80 мыңнан астам адам эвакуацияланды

фото: x.com/XHNews

Қарғын судан  Жунцзян және Цунцзян уездері қатты зардап шеккен. Апат салдарынан Жунцзян уезінде 48 900, ал Цунцзянда 32 000 адам уақытша эвакуацияланған. Екі уезде де төтенше жағдай режимі ең жоғары бірінші деңгейге көтерілген.

Хабарлағандай, Дулиу өзеніндегі су деңгейі қауіпті межеден 6,68 метрге көтерілген.

«Құтқару жұмыстарына өрт сөндірушілер мен еріктілерден құралған топтар тартылды. Олар арнайы қайықтар мен құрал-жабдықтар көмегімен тұрғындарды эвакуациялап жатыр», делінген ресми хабарламада.

Бұдан бөлек, провинцияның төтенше жағдайлар департаменті зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмек жіберген. Оның ішінде 30 000 бөтелке ауыз су мен 10 000 порция тез дайындалатын кеспе бар. Жүктемелер жоғары жылдамдықты пойыздар мен көлік арқылы жеткізілген.

Сондай-ақ Гуйчжоуда нөсер жаңбыр салдарынан Санду уезіндегі тас жол көпірінің бір бөлігі опырылып түскен. Қазіргі уақытта адам шығыны туралы мәлімет тіркелмеген.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қытайда 2024 жылғы сәуір айында күшті су тасқыны болып, 50 мың адам эвакуацияланған, 11 адам хабар-ошарсыз кеткен еді.