Білім • Бүгін, 09:15

Жеке мектептің жайы қандай?

30 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Бала екі-үш жасқа толған кезде, анасының жұмысқа шыққысы келетіні сән үшін емес, заман талабы десек те болады. Бірақ уайым бақшада да бітпейді, мектепте де көбеймесе, азаймайды. Таңнан кешке дейін жұмыста жүрген ата-ана баласының сабақтан кейінгі бос уақытын сапалы өткізуін ойлайды. Баланың мектептен шыққан соң қосымша сабақтар мен түрлі үйірмелерге баратыны, сол уақытты қалай толтырамыз дегенге саятынын да көріп жүрміз.

Жеке мектептің жайы қандай?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Осындайда бастауыш сынып­тың оқушы­сы болса, оны әрі-бері апарып жүретін бөлек бір адам керек. Міне, сондықтан да қазір баласын жеке мектепке бергісі келетіндер саны арта бастады. Астана мен Алматы қалаларында жыл са­йын дерлік ашылып жатқан жаңа мектептер осы сұранысты қам­тамасыз етуге бағытталған. Өз тәжірибемнен биыл қандай жеке мектеп ашылар екен деп күтіп жүретін ата-аналар­ды да байқадым. Өйткені жаңа­дан ашылған мектептің жаңа­лығымен бірге, жеңілдігі де болады деп ойлайды. Бірақ оның бәрі де уақытша, бір жыл өтпей өздері аяқ тартқан мәселе алдарынан қайта шығады. Сон­дықтан ата-ана үшін әуел бастан дұрыс мектеп табу өте маңызды дер едік.

Әрине, бұл жерде сұра­ныс­пен бірге, соған сай оқу ақы­сы да ескерілмей қалмайды. Жеке мек­тепте оқуды таңдаған ата-ана­ның бірінші қарайтыны, білім­нен бұрын баға десек те қа­телеспейміз. Себебі білім баға­­сы­ның аз-көп, үлкен-кіші­лігіне ата-ана әлі толық да­йын емес. Осы орайда жаңа­дан ашылып жатқан мектептер­дегі оқу баға­сын төрт топқа бөлу­ге болады:

– Жылдық ақысы 500 000 теңгеден, 1 700 000 теңгеге дейін;

 – 1 800 000 теңгеден, 3 000 000 теңгеге дейін;

 – 3 100 000 теңгеден, 9 000 000 теңгеге дейін;

 – 9 000 000 теңгеден жоғары.

Бірінші және екінші топты айтар болсақ, бұл мектептердің негізін қалаушылар – көбіне кіші және орта бизнес иелері. Әдетте мектептің көлемі үлкен емес, ішінде арнайы спорт залы мен мәжіліс залы болмауы да мүмкін. Білім сапасы бойынша мемлекеттік мектептерден қатты айырмашылығы жоқ. Бірақ мемлекеттік мектептерден басты айырмашылығы, баланы таңнан кешке дейін қалдырып кете алу мүмкіндігі бар. Ата-аналар жұмыстан сұрана бермеу үшін, арада әрі-бері жүгірмеу үшін осы жолды таңдайтын сияқты. Мұға­лімдердің көбі мемлекеттік мек­­тептен ауысып келгендік­тен, бұл топтағы мектептердің біразында, ҰБТ-ға дайындаудың академиялық базасы жаман емес. Алайда сол мұғалімдердің тұрақтамауы, жиі ауысып жатуы ойлантпай қоймайды. Оған жалақының уақтылы төлен­беуі, ресми жалақы мен қолға бе­рілетін жалақының екі түрлі болуы әсер етеді. Одан бөлек, мұғалім негізгі сабақтардан бөлек, қосымша үйірмелерді де жүргізеді. Мысалы, еңбек сабағынан беретін ағай түстен кейін сол мектепте бір үйірмені жүргізеді де, кешке мектеп авто­бусының жүргізушісі болып шыға келеді.

Жылына төленетін 500 000-1 700 000 теңгеге әдетте оқу ақысы, оқулықтар, үйірменің екі түрі және күнделікті тамақ кіреді. Мектеп формасы бе­рілмейді, оқушылар көбіне мем­лекеттік мектептегідей киім­­дерді киеді.

Үшінші топтағы бағасы 3 100 000 теңгеден басталатын мектептерде, «мектепке кіру құны» болады. Ол оқу ақысы­нан бөлек төленетін бір реттік, қайтарылмайтын сома. Бұл мек­тептерде заманауи көзқа­рас деген оймен жұмысқа жас­тарды көбірек алады. Кейде араларында тым жас маман­дар да кездеседі. Бұл мектептер­де түр­лі әдістемелер қолданы­ла­ды. Бірі – Сингапур методикасы­мен оқытамыз деп жатса, екіншісін­де – халықаралық бакалавриат басым­дыққа ие болып жата­ды. Жиі кездесетін халықаралық бака­лав­риат дегені көп жерде қысқар­тылып, IB деп көрсеті­ліп тұрады, бұл – Швейцария­да әзірленген 3 жастан 19 жасқа де­йінгі балаларға арналған білім беру бағдарламасы. IB ағыл­шын, француз және испан тілдерін­­­де оқытылады. Біздің ел­дегі IB ­деп жүргені қазақ, орыс тілінен бөлек, ағылшын тілін­де оқуды ұсынады. Бұл жерде білу керек нәрсе маркетинг мақ­сатында IB деп жазылғанымен, тіпті Астананың өзінде біраз мектепте ол IB бағдарламасымен оқы­ту рұқсаты алынбаған, олар сол рұқсатты енді алу жолында болуы да мүмкін. Сол себепті бағ­дар­ламаның кей талаптары толық сақ­тал­майды. Мыса­лы, талапқа сәйкес ағылшын тіл­ді сыныпта Қазақстан тарихы, қазақ тілі сынды пәндер тек қазақ тілінде өткізілуі керек. Алайда іс жүзінде бұл пәндер орыс тілінде өткізіле береді.

Бұл топқа арнайы бағыт­тағы жеке мектептерді де қосу­ға болады. Олар көбіне сабақ­ты мем­лекеттік стандартқа сай береді де, түстен кейінгі уақыт­та бағытқа сәйкес арнайы ма­ман­дан­ды­рыл­ған сабақ­­тар өт­кізеді. Осы себеппен де мектеп жыл соңына қарай оқу­­­шы­ның қолына екі ресми қағаз ұстатады. Бірі мем­ле­кет­тік стан­­дартқа сай білім алды деген бол­са, екіншісі музыка, өнер, IT са­ла­сын меңгерді деген дәлел қа­ғаз.

Көрсетілген оқу ақысына са­бақ, оқулықтар, тамақ және мектеп формасы кіреді. Мектеп формасының өзі сабаққа және спортқа киетіні деп бірнешеуі беріледі. Кей мектепте тіпті ұстайтын сөмкеңе дейін алып, қуанып қаласың.

Баласын бұл мектепке берген ата-ананың ойында, кейін баланы шетелге оқуға жіберу де болуы әбден мүмкін. Дегенмен бұл үшінші топтағы мектептерде ағылшын тілін беру сапасы орташа, мемлекеттік мектептерден көп айырмашылығы жоқ. Пәнді шетелдік мұғалімдер­дің өткізуі сирек. Оның өзінде көбінде акцент естіледі, әрі дамушы елдерден жұмыс іздеп келген мұқтаж жан екені сезіліп қалады.

Қаражаттан қысылмайтын, өзіміздің елде жүріп-ақ бала­сының халықаралық деңгейде сапалы білім алуын қалайтын ата-ана төртінші топтағы мектептерге назар аударса болады. Бағасы 9 миллионнан асатын мектептердегі мұғалім­нің біліктілігі де, өзін ұстауы да ерекше. Таңнан кешке дейін бала мектепте болса, жанында педагогикалық білім мен үл­кен тәжі­рибесі бар мұғалімдер жүреді.

Бұл топтағы мектептердің саны қатты көп те емес. Былтыр со­лардың қатарына Британ білім беру жүйесімен сабақ беретін «Ardingly» мектебі де қосылды. Мектепке түсу үшін де емтихан тапсыру керек. Мұғалімдердің білім са­ла­сындағы тәжірибесі сол алғашқы сынақтан-ақ бай­қа­лады. Әйтеуір өткізе салу, ала салу емес, орта қалыптастыру үшін жанашырлық пен жауап­кер­шілік барын сезінесіз. Мек­теп ұжымы адами құнды­лық­­тарға көп көңіл бөледі. Мы­салы, әр аптаға адалдық, жауап­кершілік сияқты белгілі бір та­қырып қойылады. Апта со­ңында дәл сол қасиет бойынша өзін керемет көрсеткен бала міндетті түрде марапатталады. Оқушылар бір-біріне қызыға отырып, білім жағынан үнемі жарысқа түседі.

Жоғарыда аталған мектепте білім нарығына кіру де сатылап басталды. Алғашқыда 1-6-сынып оқушылары қабылданса, биыл 7-8-сынып оқушылары­на қабылдау жарияланғанын оқыдық. Алдағы уақытта тағы да жоғары сыныптар қоспақ ниеттері бар. Бұрын тойхана са­лып жарысқан ағайын, қа­зір мектеп ғимараттарын за­манға сай етіп салуда жарысқа түс­кен сияқты. Жоғарыда атал­ған мек­теп басшылығына біз осы сұрақ­ты да қойдық. Олар­дың сол жаға­лау­дағы Ұлы дала көшесінен жаңа ғимарат са­лып жатқанын естідік. Мек­теп аумағына кампус та салын­­бақшы екен. Ол бас­қа өңір­лердегі оқушыларға Аста­на­да тұрып оқуға мүмкіндік бе­­реді. Бұл жоспармен де мұ­қият та­ныс­тық та, басқа жеке мек­тептер­ге де үлгі етуге болады екен дестік.

«Ardingly» мектебінің осы төртінші топтағы басқа мектептерден ең басты айыр­ма­шы­лығы, мұнда балалардың бо­йына қазақ­тың ұлттық құн­дылықтарын сіңіру, сондай-ақ олардың қазақ тілінде еркін сөй­леулеріне мүмкіндік ту­дыру бағытында бірқатар іс-шара жасалып отыр. Оқу­шы­лар өзара ағылшынша сөйлессе де, Қазақстанның Әнұранын да, ұлттық мерекелерін де біледі, ешбірін қалдырмай атап өтеді.

Бұл – менің көпбалалы ана ретінде көрген, білгенімнен жазылып отырған ақпарат. Басқа дүниеге үнемдесек те, еліміздің болашағын осы балалардың құратынын ескеріп, білімге инвестиция ретінде қараған өзіме дұрыс сияқты.

 

Әсем ЖҮСІПБЕК,

халықаралық сауда және құқық маманы