Тұлға • Бүгін, 08:55

Дауылпаз

10 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Аты аңызға айналған суырыпсалма ақын әрі жазба әдебиет өкілі, композитор, әнші, актер, ағартушы Иса Байзақов – қазақ әдебиетіне өзіндік үлес қосқан ірі тұлға. Ол 1900 жылы Павлодар облысы Ертіс ауданы Үлгілі ауылында дүниеге келген. Исаның әкесі Байзақ өнер десе ішкен асын жерге қоятын, ән айтуды жақсы көретін адам болса, шешесі Ғазиза да өнерлі, әнді тамаша орындайтын сауықшыл адам екен.

Дауылпаз

Жаннұр Апсамет, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 2-курс студенті

Исаның өмірге келуі де ерекше. 1900 жылдың күзінде Байзақ әулеті қыстаққа көшпекші болып дайындалады. Әйелі Ғазизаның аяғы ауыр болатын. Кенет ауа райы бұзылып, жаңбыр себелей жөнеледі. Осы сәтте Ғазизаның толғағы басталады. Көп ұзамай кішкентай сәби өмірге келеді. Жас нәрестенің шыр еткен дауысын естіген Бай­зақ есі шығып, қуанғанынан сыртқа ата жө­неледі. Далада жауын құйып, дауылды жел өршіп тұр екен. Қуанышын баса ал­маған Байзақ өмірге нөсерлетіп келген бұл бала тегін болмас деп ойлайды. Айы-күні толмаған жеті айлық баланы әке-шеше­сі тоғыз ай толғанша түлкі тымаққа орап, үй төбе­сіне іліп қояды. Осылайша, дауыл­датып, нөсерлетіп өмірге келген Иса қазақ халқының дауылпаз ақынына айналды.

Иса кішкентай кезінен ұғымтал, зерек, пысық болып өседі. Әнге құмар, өнерге құш­тар ол табиғатты аялап, даланың көр­­кем­дігіне сүйсініп, үнемі өлеңдетіп, кү­бір­­леп жүреді екен. Бойындағы бұл қа­сиетті ата-анасы мен әжесі де сезеді. Бола­шақ ақын ән-жырға құмартып, көрші ауыл­да­ғы жиын-тойларға кетіп қалып, өнер көр­сетеді.

Бірақ бұл қуанышты күндер ұзаққа созылмайды, Иса 9 жасқа толғанда анасы Ғазиза қайтыс болады. Содан кейін бала үшін қиын күндер басталады. Ағасы Мұса мен Қатира жеңгесінің қолында болып, ал тәрбиені әңгімешіл, ақынжанды әжесі Жанбаладан алады. Исаның өзінен үлкен Зылиха деген апасы болыпты. Ол да өлең-жырға әуес екен. Бірде тоғыз жастағы бала Исаны Зылиха бір шумақ өлеңмен былай деп қағытады:

«Басыңда жалма-жұлма ескі бөрік,

Ағаш ат астыңдағы жансыз көлік.

Өң бойың құс түткендей түрің мынау,

Қақсаған тумай жатып, шешең өліп», депті.

Сонда Иса бірден:

 «Кекілін кербесті аттың түймедің бе?

 Тал-шыбық бұрайын деп имедің бе?

 Несіне бөркімді айтып мазақтайсың,

 Бөркіңді тігіп берген кимедің бе?», деп жауап беріпті.

Жастайынан өнерге бейім отбасында өскен Иса домбыраның құлағында ойнайтын ақындық, әншілік өнерімен ауыл-аймаққа аты шығып, көзге түсе бас­тайды. 10 жасынан бастап ақындығымен елге танылады. Сөйтсе де, балалығы қиындықпен өтеді. Байларға жалданып, отбасына көмектеседі. Мал айдаған саудагерлерге жалданып Қызылжар, Омбы қалаларына мал апарады. Шетке шығып жұмыста жүргенінде орыс тілін де үйреніп алады. Патша үкіметінің 1916 жылғы маусым айындағы жарлығы­мен 19–31 жас аралығындағыларға есеп жүргізгенде, 16 жастағы бала Исаны 21 жаста деп көрсетіп, оны да үлкендермен қара жұмысқа айдап жібереді. Ол Том қаласының жанындағы Анжерка шахтасына жұмысқа алынады. Сол кездегі жұмысшылардың қиын тұрмысын бала ақын көзімен көріп, өмірге деген көзқарасы өзгере бастайды. Қара мен ақты, өтірік пен шындықты, әділетсіздік пен жауыздықтың бәрін осы жылдары басынан өткереді. Кеңес өкіметі орнаған жылдары Иса ақын мектепте оқып білім алады, осында тәлім-тәрбие көреді. Көр­ген-білгенін қағазға түсіре бастайды. Домбырасы мен қаламын қатар ұстап, халықтың мұңын жоқтайтын өлеңдерін өмірге әкеледі.

1919 жылы Павлодар қаласында үлкен той өтеді. Сонда Иса қалың қауым алдында қойылған бірнеше тақырып бойын­ша суырып салып, керемет көркем тілмен жыр толғайды. Осыдан кейін Иса­ның аты бүкіл аймаққа тарай бастайды. ­1919–1920 жылдары бірнеше ақынмен айтысып, оларды жеңеді. Солардың ішінде Сағит ақын да бар. Айтыс кезінде жұрт атақты Құдайберген ақынмен айты­суын сұрайды. Бірақ ұстазымдай жасы үлкен ақынмен айтысу жөн болмас деп, одан бас тартады. 1921 жылы Семейде жұмысшы факультетінде оқиды, драма үйірмелеріне белсене қатысып, өнердің сан қырын көрсетеді. Мұхтар Әуезов және орыс жазушысы Николай Ановпен осында танысады. 1922 жылы Орынбордағы Қазақ ағарту институтына оқуға түседі. Өлең­дері баспасөзде тұңғыш рет 1924 жылдан бастап жариялана бастайды. Семей қаласындағы драма үйірмесіне қатысып, бірнеше өнер адамымен кездеседі. Жұмат Шанин, Қапан Бадыров, Әміре Қашау­баев, Майра Шамсуддиновамен де осы жерде танысады. 1926 жылы Қызыл­ордада қазақтың тұңғыш ұлт театры ашылғанда Иса Байзақовты да осында шақырады. Иса театрда актерлігімен қатар әдебиет бөлімін де басқарған. Ол Мұхтар Әуезовтің «Еңлік – Кебек», «Бәйбіше – тоқал» қойылымдарында бас­ты рөлдерде ойнаған. Ал «Біржан – Сара» спектаклінде Иса Байзақов Біржанның рөлін сомдайды. Ол жайында Қазақ радиосына берген сұхбатында Қазақстанның халық әртісі Қапан Бадыров маған ­былай деген еді: «Иса қазақ театрында «Біржан-Сара» спектаклінде Біржан рөлінде ойнады. Бірде Сарамен айтысып отырып, өз бетімен кетті дейсің, түйдек-түйдек өлеңдер төгіп жатыр, сценарийде жоқ. Белгі берсек те тоқтамайды. Содан қасында отырған мен шапанының етегінен тартып-тартып қалдым да, ыммен білдірдім. Әзер тоқтады ғой. Біз спектакльден кейін көрермендерге концерт қоятынбыз. Иса өлең оқиды, Әміре ән айтады, басқа әртістер де өз өнерлерін көрсететін. Сол концерттің сценарийін де Иса жазатын. Оған қоса кейбір композиторлар спектакльге музыка жазғанда, Иса сол әнге сөз жазып беретін. Елубай Өмір­зақовтың «Әндер жинағы» деген кіта­бына 149 ән кірген, сол кітаптағы 50 әннің сөзін Иса жазды. Исаға сөз, ән жазып берші деп талайлар келетін. Ақын­ды­ғы да, суырыпсалмалығы да керемет қой, жазып бере салатын. Көптеген ән­і бұл күнде халық әні болып жүр. Исе­кең авторлығын да, өлең жазып берген адамдардан ақша да сұра­ған емес. Иса Байзақов 40-тан астам әннің сөзін жазып, көптеген қазақ әндерін нотаға түсірт­ті. «Заулатшы-ай», «Қалқа», «Ісмет», «Наз­қоңыр», т.б әндердің сөздерін жаңа за­манға, өмір салтына сәйкес қайта өңдеп жаз­ған. Иса жазған әндер «Қыз Жібек», «Айман – Шолпан», «Ер Тарғын» операла­рына да енген.

1931–1941 жылдары Қызылорда, Алматы, Қарағанды, Семей қалала­рын­дағы радио комитеттерінде, біраз жыл Жазушылар одағында қызмет етті. Иса Байзақов Екінші дүниежүзілік соғыс жыл­дарында өзінің отты жырларымен ел ішіндегі насихат жұмысына белсене араласып, еңбектегі ерлікті жырлады. Соғыс жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында тұрып, ауыл-ауылды аралап, жалынды өлеңмен, асқақ өнермен үгітшілік қызмет атқарған. Ал 1942 жылдары Павлодар облысында, Ертіс ауданы мен сол кездегі Үрлітүп (қазіргі Железин) аудандарында халықты жаппай еңбекке шақырып, әрбір дәніміз фашистерге оқ болып атылсын деп Жеңіс күнін жақындатуға атсалысқан. Ауыл-ауылда концерт беріп, одан түскен ақшаны танк алуға аударған.

Оның атақты «Желдірмелері» халық арасына кеңінен тараған. Бүгінгі күнге дейін айтылып келеді. Иса Байзақов поэ­ма жанрын дамытуға да зор үлес қосты. Ол – алғашқылардың бірі болып поэма жазған ақын. «Ұлы құрылыс», «Алтай аясында», «Он бір күн, он бір түн», «Кавказ», «Ақбөпе», «Қырмызы – Жанай», «Қойшының ертегісі», тағы басқа көлемді поэмаларында өткен заман оқиғалары мен кейінгі дәуір шындығы бейнеленген.

Исаның зайыбы қазақтың тұңғыш актрисаларының бірі Шәрбану Байзақова 29 жасында өмірден өтті. Иса ақын қызы Махпуза және Ертіс деген ұлымен жалғыз қалады. Тұрмыс тауқыметін көп көрген. Басында баспанасы да болмаған. Үкі­меттен үй ала алмай кеткен ақын. Қина­лып жүріп қаншама өлеңдер мен поэма­ларды, онға жуық желдірмелерді жарық­қа шығарған. Соғыс жылдары балаларын интернатқа тапсырып, өзі ел-елді аралап, өлең айтып, майданға қаржы жинаған.

Кезінде Мұхтар Әуезов: «Біз қазақ сах­на­сының Исасы бар заманын қызықты әрі қымбат сыйы іспетті түсінуіміз керек. Қол­­­дан жасай алмайтын, оңайлықпен қай­та ту­­майтын сирек өнерді біз, бүгінгі за­ман­­­­ның адамдары – мәдениетті елдерше қа­­­дірлей, бағалай білуіміз керек. Соңғы бес-алты ғасырда Исадай бір поэманы бір-ақ жазып тастайтын әрі суырып салатын ақын жер дүниеде болмаған. Сол Исаны ту­­ған қазақтан туғанымды мақтан етемін», деген екен.

Мағжан Жұмабаев не деп еді? «Иса – Алла Тағаланың қазақ халқына сыйға бере салған теңдесі жоқ бір бұлбұлы. Өт­кен ға­сырларда қазақтың не ғажап дүл­дүл­дері болған, солардың бірі де Исаға тең келе қоюы екіталай», депті Мағжан ақын.

Тағы бір ерекшелігі, Иса – ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетін бітімдестірген ақын. Оның желдірмелері мен поэмалары, өлеңдерінің көркемдігі мейлінше бай. Қазақ поэзиясында көрнекті орын алатын таңдаулы шығармалар. Еліне сіңірген тағы бір еңбегі – ол сол кезде туған ауылы Үлгіліде тұңғыш мектеп ашқан. Өзі: «Жүрегін жұлып алып аспанға ұрған, Жұлдыз боп соның оты жанып тұрған», дегеніндей, Исекеңнің ақындығы көгімізде бүгінде шоқтай жанып тұр.

Иса Байзақов Мәскеуде өткен Қазақ мәдениеті күндерінің онкүндігіне де қатысқан. Ол «Еңбек Қызыл Ту» ордені­мен, бірнеше медальмен марапатталды. Соңына осыншама құнды шығарма­лар қал­­дырған, соғыс жылдары жаяу-жалпы­лап жүріп ел алдында өнер көрсетіп, қар­жы­ жинап, майдангерлерге танк алып бер­­­ген ақын Иса Байзақовқа Астана қала­сынан бір көше не өнер ордасы, не мек­теп бұйырмағаны өкінішті. Астана қаласының әкімдігіне хат жазсам, Иса Бай­за­қов республикалық тарихи тұл­ға­лар тізі­мінде жоқ дейді. Павлодарға ха­бар­лассам, «Мәдениет министрлігі біздің облысқа 10 адамға ғана лимит бар деп Иса ақын­­ды тізімнен алып тастады», дейді. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға хат жаздым. Жауап келді. «Иса ақын тарихи тұлғалар тізіміне енді» деген. Жауап келісімен Парламент депу­тат­­тарының және зиялы қауымның қолын жи­нап, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек пен қала депутаттарына Иса ақынның атына көше сұрап хат жаз­дым. Екі жұмадан кейін жауап келді, «Ке­лесі оно­мастикалық комиссияда қа­рай­мыз» деп.

Павлодарда ескерткіші орнатылу керек болатын. Соған байланысты облыс әкімі Асайын Байхановқа хат жаздым. Ол жақтан ақша бөлінді деген жауап келді. Әзірге бұл жай қалай шешілетіні белгісіз.

Бірде он жастағы қызы әкесі Исаға айтқан екен, «Папа, ақын деген дардай атың бар. Біз неге жертөледе тұрамыз, бізге үкімет қашан үй береді?» деп. Сонда ақын қызы Махпузаға: «Қызым, үйін бермесе бермесін, халқым әлі Исасын іздейді, ұмытпайды», депті. Өзі «Ақбөпе» поэмасында жырлағандай:

«Кім көрді көктің жерге құлағанын,

Кім көрді күннің жарық сұрағанын.

Кім көрді Ақбөпедей ару жастың,

Шомылып қанды жасқа жылағанын.

Мен өзім көктей ақынмын,

Менің жерге құлағанымды кім көрген.

Мен өзім Күндей ақынмын,

Мен кімнен жыр сұраймын?» дегендей, дауылпаз ақын жарқырап, өлеңдері шуақ шашып тұрғандай.

 

 Ғалия БАЛТАБАЙ,

 журналист, «Құрмет» орденінің иегері