
Сурет: Dalle-3
Мен – 11-сынып оқушысымын. Болашағымды журналистика саласымен байланыстыруды армандаймын. Ақпаратпен жұмыс істеу, шындықты іздеу, қоғамға ой тастау – мен үшін өте маңызды. Ал ЖИ бұл салаға да әсер ете бастады: мақалалар жазу, жаңалықтарды шұғыл түрде тарату, тіпті дауыс арқылы мәтін құрастыру сияқты мүмкіндіктер пайда болды. Бұл әрі қуантады, әрі ойландырады.
Жасанды интеллектінің арқасында ғылым мен білім саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізілді. Мысалы, күрделі ауруларды ерте анықтау, жеке оқу бағдарламаларын құрастыру, аударманы автоматтандыру бұрын-соңды болмаған жаңа мүмкіндіктерді ашты. Сондай-ақ ЖИ мұғалімдер мен дәрігерлерге көмекші ретінде қызмет ете алады. Бұл – керемет жетістік. Дәл сол сияқты, журналистикада да деректерді талдау, тақырыпқа сай креатив ұсыну, мәтінді құрылымдау сынды жұмысты жылдам әрі тиімді атқаруға болады. Яғни ЖИ дұрыс қолданылса, адамның жұмысына көмекші, шабыт көзі бола алады.
Алайда жасанды интеллектінің дамуы адамзатқа қауіп төндіруі де мүмкін. Кейбір мамандықтар жойылып барады. Мысалы, call-орталық операторлары, аудармашылар, тіпті кейбір журналистердің де орнын алгоритмдер басып жатыр. Бұл жұмыссыздықты арттырады. Сонымен қатар ЖИ арқылы жалған ақпарат тарату, фейк жаңалықтар жасау немесе кибершабуыл ұйымдастыру сынды қауіп те бар. Қолданушы жауапсыз болса, бұл технология қоғамға зиян келтіреді.
Бір жағынан, жасанды интеллект – құрал ғана. Оны қалай қолдану адамның өзіне байланысты. Егер біз оны жақсылыққа, дамуға және көмекке пайдалансақ, ол бізге жаңа мүмкіндік есігін ашады. Ал оны бақылаусыз дамыта берсек, болашақта қиындықтар туындауы мүмкін. Меніңше, бұл технологияны тоқтату емес, жүйелі түрде дамыту және бақылау маңызды. Басты міндет – ЖИ-ді адамға қызмет ететін деңгейде ұстау.
Анығын айтқанда, жасанды интеллект – қауіп те, мүмкіндік те. Ол біздің болашағымызды өзгертетіні анық. Бірақ болашақ бүгінгі жастардың қолында. Біз жауапты, білімді, ізденімпаз болсақ, ЖИ бізге көмектеседі. Ал егер бейқам қарасақ, ол бізді басып озады. Таңдау өзімізде.
Хадиша ПЕРДЕБАЙ
Түркістан облысы