
Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті қызметкерлерінің тергеуі барысында А.Сейдеков 2023 жылдың 1 қаңтарынан 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі аралықта өзіне сеніп тапсырылған лауазымдық міндеттерін теріс пайдаланып, мектеп қызметкерлерінің айлық жалақысын есептеу кезінде үнемделген қаражатты өз шотына заңсыз аударып отырғандығы анықталды. Ол жалпы сомасы 36 миллион теңге көлемінде қаражатты жымқырып, оны «Pin Up» букмекерлік қосымшасы арқылы құмар ойындарына жұмсаған.
Алайда тергеу барысында келтірілген залал толығымен өтелді. Отыз алты миллион теңге бюджетке қайтарылды.
Сот А.Сейдековті Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша (сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе ысырап ету, аса ірі мөлшерде) кінәлі деп танып, 7 (жеті) жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар, есепшілік қызметпен айналысу құқығынан 7 жыл мерзімге айырылды.
Сотталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейтін болады.