Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:50

Тура жолдан таймайтын әулет

60 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Әкеден ұл тумай ма, әке жолын қумай ма» дегендей, әкесі де ұл-қыздары да бір салада еңбек еткен династиялық әулеттер арамызда баршылық. Соның бірі – Жақсылықовтар отбасы.

Тура жолдан таймайтын әулет

Сәбит Жақсылықов – сот саласында 20 жыл тер төккен еңбек ардагері. Қазір баласы Сырым Жақсылықов – әкесінің ізін жалғаушы. Ол да сот саласында қызмет істейді. Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы. Ұлымен бірге қызы Ақерке Сәбитова да әке жолын қуған жан. Бүгінде ол Алматы қа­ласы Алатау аудандық сотында судья болып жұмыс істейді.

Еңбек ардагері С.Жақсы­лықовты сот саласында еңбек етіп жүрген барша кісі өте жақсы таниды әрі құрметпен қарайды. Өйткені ол өзінің судьялық қызметін адал әрі мінсіз атқарған тұлға болды. Осы еңбегі үшін ағамыз Жоғарғы соттың «Үш би» медалімен марапатталған. Бұл төсбелгі соттағы ең таңдаулы, нағыз кәсіби мамандарға ғана беріледі. Сәбит ағамыз 10 жыл Түркістан облысына қарасты Төлеби ауданында судья болған. Төлеби ауданының құрметті азаматы. Одан бөлек, 10 жыл бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облыстық апелляциялық алқасының судьясы қызметін атқарды. Бүгінде зейнет демалысына шықса да қоғамдық жұмыстан қол үзген жоқ. Бұрынғы әріп­тестерімен жиі жүздесіп, жас мамандарға тәлім-тәрбие беруден жалыққан емес.

пр

«Бала кезімде әкем секілді төрелік айтатын судья болуды армандаушы едім. Бірақ бұл жұмыстың қаншалық­ты қиын екенін де білетін­мін. Осылайша, әке жолын жалғастыру мақсатымен құқық саласының маманы деген қолыма диплом алдым. Алғашқы еңбек жолым прокуратура саласынан бас­талды. Шымкент қаласы, Түркістан облысы Сарыағаш ауданы бойынша прокуратура қызметінде 7 жылдай еңбек еттім. Кейін сот саласына ауысып, 5 жыл Алматы қаласында судья болып істедім. Қазіргі таңда Шымкенттің қылмыстық істерді қарайтын аудан­аралық сотының судьясымын. Соттағы бірінші қойылатын талап – ол кәсібилік. Судья еліміздің барлық заңын жатқа білуге тиіс. Әсіресе қызмет саласына қатысты заң, нормалардан мүдірмеу керек. Судьяның мойнына одан үлкен жауапкершілік жүктейтін – бір іске қатысты үкім шығару. «Тура биде туған жоқ» дегендей, үкім әділ болу қажет. Өйткені сотталушының тағдыры – судьяның қолында. Сол үшін әділдік оның басты қағидасы болып саналады», деді Сырым Жақсылықов.

Сот саласының маманы судьялық қызмет оңай еместігін айтады. Себебі жыл сайын заңдар өзгереді, оның ішінде Қылмыстық кодекстің баптарына әртүрлі өзгерістер мен түзетулер енгізіледі. Соның бәрін судья қадағалап, біліп жүруге тиіс. Яғни іздену, білім алу – үлкен бір парыз. Сонымен қатар әр жылда сотта әртүрлі реформа жүргізіледі. Оның талаптары мен қағидаларын білу, жаңашылдықтың мақсаты мен мазмұнын түсініп, реформаға тез бейімделу де – судья үшін басты міндет.

Осы орайда С.Жақсы­лықовтың айтуынша, сот саласы жүйесінде үлкен өзгеріс жүріп жатыр. Соның бірі биыл бірінші шілдеден бастап Қазақстанда дербес кассациялық алқа құрылады. Бұрын ол Жоғарғы сотқа қарайтын. Енді өз алдына дербес сот жүйесіне айналады. Оның бір тиімділігі елімізде тұратын кез келген азамат қалалық, облыстық соттардың шешім, үкімдеріне қанағаттанбаса, кассациялық алқаға шағым түсіре алады. Жаңа сот жүйесінің бас кеңсесі Астана қаласында.

«Қылмыстық істерді қарау­дың өз қиындығы болады. Бұл жерде барлық айғақты зерттеп, зерделеп, дұрыс шешім қабылдау маңызды. Ол үшін судьяның кәсіби біліктілігі жоғары болуға тиіс. Сотта қылмысқа қатысты әртүрлі іс қараймыз. Әсіресе кейінгі жылдары ойынқұмарлыққа байланысты қылмыс етек алып барады. Жуырда осы қылмыс бойынша тергелген бір азаматты бас бостандығынан айырдық. Ол сотталушы – А.А есімді Ресей азаматы. Көрші елдің Челябі облысынан келіп Шымкентте заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырған. Бұл азамат 2023–2024 жылдары мегаполистің 10 нүк­тесінен ойын автоматтарын аш­қан. Сөйтіп, тыйым­ салынған ойын бизнесін жүр­гізген. Осы әрекеті үшін ­ол Қылмыстық кодекстің 307, 245-бап­­тары бойынша ­айыпты деп танылып, ­6 жыл мерзімге бас бостандығы­­нан ­айыру жазасы тағайын­дал­ды. Сондық­тан судьяларға жүктелер жауапкер­шілік үлкен. Былайғы кезде де сот саласы­ның мамандары азаматтарға үлгі көрсетіп жүруі керек. Өйткені олар қазылық ететін биліктің белді өкілі болғандықтан жұрт бірінші кезекте солардың жүріс-тұрысын назар­ға алады. Адамдар әділдік іздеп үміті суалған кезде шындық іздеп сотқа ба­рады. Халық­тың сот билігіне деген се­німі­не ешқашан селкеу түсіруге болмайды. Әділ болу – әрбір судьяның басты парызы», деді С.Жақсылықов.

Судья өз сөзінде азаматтарды еліміздің заңын сыйлауға шақырды. Қазақстан зайырлы, құқықтық мемлекет болғандықтан заңды бұлжытпай орындау, оны сақтау әр адамның мойнын­дағы міндеті екенін айтты. Маманның пікірінше, тәртіп бар жерде тыныштық болады. Әрбір саналы азаматтың арманы – қауіпсіз қоғамда өмір сүру. Ал оны орнату – өзіміздің қолымызда. Ол үшін адамдардың құқықтың ой-санасы, мәдениеті жоғары болуға тиіс. Сонда ғана Қазақстанды демократия салтанат құрған еркіндікпен бірге заң мен тәртіп үстем болған нағыз құқықтық мемлекетке айналдыра аламыз.

 

ШЫМКЕНТ