
Фестивальдың негізін кезінде өлкетанушы, тарихшы Бақтияр Қожахметов қалаған болатын. Содан бері дәстүрлі түрде жалғасын тауып келеді.
Фестиваль театрландырылған «Қымызмұрындық» қойылымымен ашылды. Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтап, ұлттық рух пен мәдени мұраның ұрпақ сабақтастығындағы маңызына тоқталды.
Астана қаласынан келген «Жошы» этно-фольклорлық ансамблінің орындауындағы «Алаш ұраны» күйі, «Қымызмұрындық» қызықтарын тамашалауға келген елді елең еткізді. Этно-фольклорлық ансамбльдің орындауындағы «Жолбарыстың жортуы», «Жошының жорығы», «Сардар», «Алтын бесік», «Намыс» күйлері тарихқа толы қазыналы қарт Ұлытаудың бөктерін дүбірге бөледі. Тыңдарманның бойында туған жеріне, еліне деген отаншылдық сезім ойнады.
Жалпыхалықтық қымызмұрындық дәстүрі – бие байлау рәсімінен басталады. Алғашқы бие байланып, желі тартылатын күн. Қымыз мерекесіне жиналған қауым «бие байлау» рәсімін тамашалады. Желі тартуға қазықтар қағылды. Қазықтың басына, желіге, құлынның құйрығына, маңдайына, биенің сауырына сары май жағылып, «ақтарың мол болсын, тіл-көзден сақтасын!», деп бата берілді. «Уа, жиналған халайық! Бие байлар көбейсін. Дәстүріміз жалғассын! Айтқан тілектеріңіз қабыл болсын!» деген үлкендердің батасынан кейін құлын емізіліп, бие сауылды.
Одан кейін «Күбі ыстау», «Қымыз ашыту» дәстүрлері көрсетіліп, арнайы дайындалған 500 литр қымыз келген қонақтарға тегін таратылды.
Көп кешікпей ұлттық спорт түрлерінен сайыс басталды. Спортсүйер қауым жан-жақта болып жатқан жарысқа жанкүйер болды. Қазақша күрес, қатын күрес, садақ ату, найза лақтыру, жілік сындыру, қошқар көтеру, асық ату, желке тартыс секілді ұлттық ойындарды қызықтаған жастар қиқулап, қошеметтеп сайысқа түскендерге демеу көрсетті. Қазақша күрес жеңімпазына – 700 мың теңге, қатын күресі жеңімпазына 300 мың теңге берді. Қалғандары 100 мың теңгені қанағат тұтты.
«Ет мешкейі» бәсекесіне де қызығушылық танытқандар көп болды. Етжегіштер жарысына қатысқан адамдардың алдына бірдей табақтарға салынған, алдын ала өлшенген қара кесегі мен майының көлемі бірдей ет салынған табақтар қойылды.
Орталық алаңда тігілген киіз үйлерде қолөнер, киіз басу, ши тоқу, арқан есу, қамшы өру, ұлттық аспаптар жасау бойынша шеберлік сыныбы ұсынылды.
Думанға жиналғандар киіз үйдің біріндегі «Қымыз мерекесі» фотокөрмесін тамашалады. Мұнда осыған дейінгі аталған мерекелерді паш еткен сапалы суреттер сөйледі. Сонымен қатар ат-әбзелдер, құрақ көрпе, ұлттық киім, этно әшекей, қымыз жасауға қажетті ыдыс-аяқ, құрал-саймандар көрмесі көз тартады.
Ұлт аспаптар көрмесі қойылған киіз үйде қатар-қатар тізілген домбыраларды тамашалап тұр едім. Қасыма келген өнер зерттеушісі, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Серік Оспанов: «Мынау Қазақстанның Халық әртісі Мағауия Хамзиннің өзі жасаған домбырасы. Ол кісі классикалық музыка ойнаған кезде пернелерін домбыра шанағының бетіне дейін созып жіберген. Одан кейінгі ақын, композитор Кәкімбек Салықовтың домбырасы. Қатарында тұрған өнертанушы, профессор Ақселеу Сейдімбектің өз қолымен жасаған домбырасы. Анау аға досым, жыршы-термеші Шынболат Ділдебаевтың, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Мұхаметжан Тілеухановтың, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамединнің домбырасы. Мынау айтыскер ақын Дүйсенбай Жұмасейітовтің бала кезінде ұстаған домбырасы. Үйінде тұр екен, алып кетіп, реставрация жасаттым. Менде Қазақстанның Халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің, Қазақстанның Еңбек ері Қайрат Байбосыновтың домбыралары бар. Домбыраларды жинауға әуеспін. Болашақта Ұлытау облысы көлемінде ұлыларға арналған қазақтың ұлттық аспаптарының музейін ашпақ ойым бар», деді.
Жезқазған қаласындағы облыстық музейде суретші-безендіруші болып істейтін Сәбира Әбдіқадырқызы қазақтың әр жас шамасындағы адамдардың бас киімдерін тігеді, әшекей жасаумен айналысады. Осы жолы ұлттық киімдер көрмесіне өзі тіккен кимешек, үкілі бөрік, сәукеле, қасаба, балалар тақияларын әкелген екен.
Ұлытау аудандық Мәдениет үйі кадр бөлімінің меңгерушісі Жанар Бегаева құрақ көрпелерін көпшілікке таныстырды.
Балқия Тұрысбекова – Сәтбаев қаласындағы №7 жалпы білім беретін мектепте көркем еңбек пәнінің мұғалімі. Сәтбаев қаласының Кеншілер сарайы жанында өзі жүргізетін үйірмесі бар. Ол таза киіз басумен айналысады. Картиналар жасайды. Үйірмеде оқушыларды қолөнерге баулып жүр. Көрмеге оқушылардың қолынан шыққан жұмыстарын әкеліпті. Онда өнерлі өрендер туған өлкесінің әдемі табиғатын бейнелеген мозаикалар жасаған.
«Жақында Алматы қаласында үшінші рет аламан құрақтан жарыс болады. Оған 600-дей қыз-келіншек қатысады. Соған біз шиден құрақ жасап, дайындадық. Аламан шарты бойынша 600 адамның көрпешелерін қиюластырып, үлкен кілем пайда болады. Бүгінгі фестивальға алғаш рет осы құрақ көрпені әкеліп отырмын», дейді Балқия Тұрысбекова.
Ат-әбзелдер көрмесінде қамшының бірнеше түрі қойылған. Ұлытау ауданындағы №1 орта мектепте күзетші болып істейтін Марғұлан Балабиев бос уақытында қамшы өреді. Ықыласты балаға қамшыны өріп үйретіп те жүр.
Марғұлан қамшыларды таныстыра бастады. «Мына қамшы атқа салт мінгенде қолданылады. Бәйгеге шапқанда қолданылатын бәйге қамшы, көкпардың қамшысы, ұзын қамшы – ат арбаның қамшысы, ұзындығы 2-3 метрдей болады. Мынау таза қайыс, қолдан иленген. Ер-тоқым әбзелдерін қолдан істеймін. Арқан есемін», деді шебер.
Тарихты қойнауына жасырған Ұлытау көгінде ән мен күй қалқыды.
Сахна сәнін келтірген Бексұлтан Барақбай, Ақжол Әмірхан, Тайжан Қалмағамбетов атындағы филармония әншілері, «Алтын Орда» ұлт аспаптар ансамблі, Жаңаарқа ауданы Мәдени-сауық орталығының әншілері, «Кеншілер сазы» фольклорлық ансамблі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Президенті оркестрының жетекші әншісі Досымжан Таңатаров сияқты саңлақтардың өнеріне халық тәнті болды.
«Көкмайса» фестивалінде бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдырып кеткен салт-дәстүрі жаңғырды. Осындай фестиваль туризмді дамытуға, мәдени байланысты нығайтуға, жастардың ұлттық мұраға деген қызығушылығын арттыруға септігін тигізеді.
Ықылым заманнан келе жатқан мұрамыз ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қала бермек.
Ұлытау облысы