Аймақтар • Бүгін, 15:45

Жамбыл облысында 193 мыңнан астам оқушы лагерлерде тынығады

10 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жаз мезгілі – оқушылар үшін тек тынығу уақыты ғана емес, сонымен бірге жаңа әсерлер мен дамуға жол ашатын ерекше кезең. Осыны ескере отырып, Жамбыл облысында биылғы жазда балалардың демалысын тиімді әрі қауіпсіз ұйымдастыруға басымдық беріліп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жамбыл облысында 193 мыңнан астам оқушы лагерлерде тынығады

Фото: Жамбыл облысы әкімдігінің ақпарат және қоғамдық даму басқармасы

2025 жылы облыс бойынша 217 757 оқушының 88,6 пайызы – яғни 193 071 бала жазғы сауықтыру және демалыс бағдарламаларымен қамтылады. Бұл көрсеткіш балалардың әлеуметтік жағдайы мен жеке қажеттіліктерін ескере отырып жоспарланған.

Балаларға арналған демалыс орындарының ауқымы кеңейген. Облыс аумағында қала сыртындағы лагерьлерден бастап, мектеп жанындағы күндізгі алаңдарға дейінгі бірнеше формат жұмыс істейді. Атап айтқанда:

  • Қала сыртындағы лагерьлерге – 7 673 бала;
  • Мектеп жанындағы лагерьлерге – 33 607 бала;
  • Мектеп алаңдарындағы бағдарламаларға – 147 271 бала;
  • Киіз үй мен шатырлы лагерьлерге – 3 505 бала;
  • Республикалық лагерьлерге – 315 бала;
  • Ата-аналар мен кәсіподақ қолдауымен – 700 бала демалатын болады.

«Облыс аумағындағы 12 қала сыртындағы лагерьдің 7-еуі биылғы маусымда жұмысын бастап кетті. Оның ішінде жыл бойы қызмет көрсететін «Мөлдір бұлақ» оқу-сауықтыру орталығы, сондай-ақ маусымдық «Балауса», «Жұлдыз», «Жұрындысай» мемлекеттік лагерьлері және «Болашақ», «Берікқара», «Тау самалы» жекеменшік лагерьлері балаларды қабылдап, демалыстарын мазмұнды өткізуге жағдай жасалып жатыр», делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұл лагерьлерде негізінен көп балалы, аз қамтылған отбасылардың балалары, сондай-ақ жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қамтылған. Жазғы маусымда қала сыртындағы лагерьлерде 7 673 бала тынығып жатыр.

«2025 жылдың 2 маусымынан бастап 407 мектеп жанындағы лагерь өз жұмысын бастады. Мұнда 33 607 оқушы қамтылған. Бұл лагерьлер әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасылардан шыққан балаларға қолжетімді әрі үйге жақын орналасқанымен тиімді.Білім саласындағы жетістіктер назардан тыс қалған жоқ. Оқу үздіктері мен түрлі жарыстардың жеңімпаздары қатарынан 793 бала «Қазақстан халқы» қорының демеушілігімен қала сыртындағы лагерьлерде демалады. Сонымен қатар:

  • 295 бала – республикалық және облыстық байқаулар жеңімпаздары ретінде «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына жолданды
  • 20 бала – көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар Алматы қаласындағы «Бөбек» сауықтыру орталығында демалуға мүмкіндік алды», делінген хабарламада.

Сонымен қатар жергілікті жерлердегі тарихи және мәдени орындарға 21 мыңнан астам оқушының экскурсиясы ұйымдастырылып, балалардың таным көкжиегі кеңейіп, туған жерге деген сүйіспеншілігі арта түскен.

Жаз мезгілінде балалардың қауіпсіздігін сақтау – аса маңызды мәселе. Осы мақсатта «2025 жылғы суға шомылу кезеңінде қауіпсіздік шаралары туралы» ведомствоаралық жоспар бекітіліп, барлық лагерьлерде алдын алу жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда:

  • Төтенше жағдайлар департаментінің нұсқаушылары арнайы курстардан өтіп, су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
  • Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті лагерь басшылары мен медицина қызметкерлеріне арналған семинар-кеңестер ұйымдастырды;
  • Мектептерде ата-аналар жиналыстары өткізіліп, чаттар арқылы қауіпсіздікке қатысты жадынамалар таратылды.

«Жамбыл облысында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру – тек уақытты тиімді өткізу емес, сонымен қатар олардың өмірлік тәжірибе жинап, денсаулықтарын нығайтуына, жаңа білім алуына және қауіпсіз ортада тынығуына бағытталған маңызды шаралар кешені. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс басшылығы мен сала мамандарының ұдайы назарында. Жаз – тек тынығу кезеңі ғана емес, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын уақыт. Сол себепті де, балаларға лайықты демалыс сыйлау – барша қоғамның ортақ міндеті», делінген хабарламада.