«Менің ғалымдығым да, профессорлығым да қазақтығымнан садаға. Алдымен қазақпын, мұсылманмын, содан кейін ғана ғалыммын» деген Мұхтарбай Өтелбаевтың тағдыр тарауында өткен өткелі аз емес. Ғылымнан бақытын тапқан ғалымның орны – қашанда төр.
Республикалық деңгейде ұйымдастырылған білім бәсекесіне еліміздің әр қиырында оқитын, есепке жүйрік 7-8 сыныптың білім алушылары қатысты. Олардың алдында үлкен бір сынақ, түйіп айтқанда Өткелбаев өткелі тұрған еді...
Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы және Жамбыл облысы әкімдігіне қарасты білім басқармасының бірлесе ұйымдастыруымен өткен іс-шара көптің көңілінен шықты. Атағы алысқа тараған тұлғаларды көзі кеткен соң дәріптеп жататындар аз емес. Осы жолы жергілікті билік қазақтың атын әлемге танытқан ғалымға тірісінде құрмет көрсетті.
«The Ulytau Educational Foundation» қоғамдық қорының демеушілігімен өткен олимпиадаға еліміздің барлық өңірінен 150 оқушы қатысып, зияткерлік додада бақ сынады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, білім бәсекесі оқушылардың теориялық білімін практикалық дағдымен ұштастыру мақсатында қолға алынған.
Іс-шараның ашылу салтанатына Еңбек Ері Мұхтарбай Өтелбаев, оның шәкірттері физика-математика ғылымдарының докторлары Бақытбек Қошанов, Ақтай Біргебаев, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының әдіскері Зәуре Аманова, облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков, Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы Махметғали Сарыбеков қатысып, зерек оқушыларға білім бәсекесінде сәттілік тіледі. Іс-шараның басы-қасынан табылған әріптесіміз, «Egemen Qazaqstan» басылымының ардагері, қаламгер Сүлеймен Мәмет те жылы лебізін білдірді.
«Бақытты болашақ» оқушылар сарайында алғаш рет өткен олимпиада бірнеше күнге созылды. 150 оқушы, 50-ге жуық команда жетекшілері қатысқан білім бәсекесі тартысқа толы болды. Жанарында от ойнаған оқушылардың жүзінен кейде қобалжудың табы да байқалып тұрды. Олардың бәрі де ғаламдық деңгейдегі ғалым атындағы додада топ жаруды көздеп келгені анық.
Тұңғыш рет Тараз төрінде өткен Олимпиаданың жабылу салтанатында жүзден жүйрік шыққан жас таланттар марапатталды. Қазылар алқасы қазақтың әйгілі ақыны Төлеген Айбергеновтың «Бәйге берем жығылған балуанға да, адалдығы сезіліп тұрар болса» деген өлең жолдарын басты ұстанымға айналдырғандай көрінді. Олимпиада қорытындысында 14 оқушы арнайы грамоталармен марапатталғаны сөзімізді дәлелдей түссе керек. Әрине, зерек оқушыларды қанаттандыру үшін жасалған қадам деп пайымдадық.
«Ойлан, тап!» ресбубликалық Олимпиадасының қорытындысында 31 оқушы жүлделі үшінші орынға лайық деп танылды. Олардың барлығына ІІІ дәрежелі диплом және арнайы медаль мен портативті проекторлар табысталды. Сондай-ақ 20 оқушы жүлделі екінші орын биігінен көрінді. Күміс жүлдеге қол жеткізген 20 сайыпқыранға «AirPods» сымсыз құлаққабы үлестірілді. Қатарынан оза шауып үздік нәтиже көрсеткен 13 білім алушы бірінші орын иегері атанды. Оларға ұйымдастырушылар «Apple Watch» смарт сағатын табыстады. Сонымен қатар алматылық Дінмұхамед Саурбаев, Абзал Күнғожин республикалық олимпиаданың абсолютті чемпионы атанғанын айта кеткен жөн. Қазылар алқасының шешімімен Ақтөбе өңірінен келген оқушылардан жасақталған құрам үздік комана атанды.
«Көзі кеткеннен кейін талай мықтыларға құрмет көрсетіліп жатады. Оны бәріміз көріп жүрміз. Ал Таразда өткен бұл Олимпиада әлемге әйгілі ғалымға көзінің тірісінде құрмет көрсетілуімен дараланды десек болады. Өткен жылы мұндай байқауды Қапшағайда ұйымдастырдық. Жоғары деңгейде өтті.
Осы жылы ғалымның туған жерінде өтуіне мұрындық болған Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Жамбыл облысының әкіміне зор ризашылығымды білдіремін. Ербол Шырақпайұлының бұл олимпиаданы қолдағаны көңіл қуантты. Ғалымды жеке қабылдағаны да көңілімізге қонды. Әкімнің бұл ізгі қадамы өзгелерге үлгі болса дейміз.
Мұхтарбай Өтелбаев халықаралық деңгейде мойындалған тұлға екеніне ешкімнің таласы жоқ. Енді осы олимпиаданың аясын кеңейту жағын қарастырған жоқ. Республикалық деңгейде өткізілген іс-шараны халықаралық деңгейде ұйымдастыруға да мүмкіндік бар. Тек билік басындағы азаматтар құлықты болса екен», дейді ардагер қаламгер Сүлеймен Мәмет.
Үш күнге созылған білім бәсекесінде бақ сынаған білім алушылар тек Олимпиадаға қатысып қана қойған жоқ. Олар тарихы мыңжылдықтармен сабақтасып жатқан Жамбыл өңірінің тарихи жерлерін аралап, таным көкжиегін кеңейтті. Ұйымдастырушы тараптың ұйытқы болуымен оқушылар Айша бибі, Қарахан кесенелеріне барып, зиярат етті. Сондай-ақ Тектұрмас этно тарихи кешеніне, «Көне Тараз» этномәдени кешеніне ат басын бұрды. Облыс орталығындағы музейлерге де барып, тарихы тереңде жатқан жәдігерлермен танысты.
Әулиеатада өткен білім бәсекесін қонақтар да жоғары бағалап жатты. Ғылымға аңсары ауған білім алушыларды баптап жүрген жетекшілер бұл байқау дәстүрлі түрде ұйымдастырылса деген тілегін айтты. Лайым, солай болсын. Республикалық додада Өткелбаев өткелінен өткен сайыпқырандар әлі талай биікті бағындырады деген сенім зор.
Жамбыл облысы