
2025 жылғы 21 маусым күні кешкі сағат 18:15 шамасында бала Семей қаласындағы Туристическая көшесі, 92-үйден шығып кетіп, қайта оралмаған. Хабар-ошарсыз кеткені жөнінде «102» жедел арнасына түскен ақпараттан кейін бірден шұғыл іздестіру жұмыстары басталды.
Балада даму ерекшелігі (аутизм) бар екені ескеріліп, іздестіру жұмыстарына ерекше назар аударылды. Абай облысының полиция департаменті, Төтенше жағдайлар департаменті, кинологиялық қызмет мамандары, Ұлттық ұланның әскери қызметшілері және арнайы мақсаттағы жасақ (ЖҚАЖ) өкілдері жұмылдырылды. Сонымен қатар, жылу бейнелеу құрылғысымен жабдықталған дрон қолданылды.
22 маусым күні таңғы сағаттарда іздеу жұмыстарына 1000-нан астам адам тартылды. Олардың қатарында еріктілер, қоғамдық бірлестіктер мен қала тұрғындары болды. Ашық аумақтар тізбектеле аралап, орман алқаптары, дала, аула мен көшелер мұқият тексерілді.
Түнгі уақытта тұрғындар баланың жылаған даусын естігені жөнінде екі рет хабарлаған. Алайда жүргізілген шұғыл тексеру барысында бұл ақпарат расталмады. Дегенмен іздестіру тобы жұмысты бір сәтке де тоқтатпады.
Көп ұзамай Затон полиция бөлімінің учаскелік инспекторлары Бекен Асыл мен Дархан Жұмағалиев жеткіншекті қала шетіндегі орманнан тапты. Бала үйінен шамамен 10 шақырым қашыққа ұзап кеткен. Полиция қызметкерлерінің кәсіби біліктілігі мен табандылығының арқасында бүлдіршін аман-есен отбасына қайтарылды.
Анасы мен баласының қауышқан сәті — көпшіліктің жүрегін елжіретті. Бұл жағдай барлық жұмылдырылған күштің, еріктілердің және бей-жай қарамаған тұрғындардың бірлескен әрекетінің жарқын мысалына айналды.
Абай облысының полиция департаменті іздеуге атсалысқан барлық азаматтарға шынайы алғыс білдіріп, кез келген төтенше жағдайда жедел әрекет ету маңызын тағы бір еске салды.