Саясат • Бүгін, 09:07

Стратегиялық серіктестіктің берік негізі

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастық мәселелері бойынша кеңес өткізді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің таяуда жасаған сапары барысындағы келіссөздері аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды ескере отырып, инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды.

Стратегиялық серіктестіктің берік негізі

Сурет: primeminister.kz

Сыртқы істер министрлігі дерек­тері бойынша, қазір Қазақстанда қытай­лық инвесторлардың қатысуы­мен 50 мыңға жуық жұмыс орны ашылып, жалпы құны 66,4 млрд доллар болатын 224 индустриялық жоба жүзеге асырылуда. ҚХР Қазақстан экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бестігіне кіреді: 2005–2024 жылдар аралығында инвестиция көлемі  26,4 млрд долларды құрады.

Премьер-министр ҚХР Төраға­сының таяуда Қазақстанға жаса­ған сапары ынтымақтастыққа елеулі серпін бергенін атап өтті. Сон­дай-ақ Астанада өткен «Орталық Азия – Қытай» индустриялық және инвестициялық ынтымақтастық форумының маңыздылығы атап өтілді. Форум аясында Қазақстан мен Қытай арасында жалпы құны 24 млрд долларды құрайтын 58 ком­мерциялық келісімге қол қойылды.

«Мемлекет басшысы 2029 жылға дейін кемінде 150 млрд доллар көлемінде шетелдік инвестиция тарту міндетін қойды. Осы тұрғыда жетекші эконо­микалық державалардың бірі және біздің негізгі инвестициялық серік­тесіміз Қытай елімен толық­қанды кооперацияны одан әрі терең­дету – Қазақстанның аса маңызды басым­дығы. Сондықтан инвестициялар көлемін арттыру, жаңа бірлескен жобаларды іске қосу, әсіресе шикізаттық емес әрі экспортқа бағдарланған өнімдерді өндіру бойынша жүйелі шаралар қажет. Мемлекет басшысының шақыруы бойынша ҚХР Төрағасының Қазақ­станға таяуда жасаған кезекті сапары  екі ел арасындағы экономикалық әріп­тестіктің жоғары деңгейін дәлел­деп, одан әрі нығайта түсті. Әрбір жобаның жүзеге асырылуы менің тікелей бақылауымда болады, толық қолдау көрсетіледі», деп тапсырды О.Бектенов.

Премьер-министр жаңа жобалары жоқ өңірлерде, оның ішінде Абай, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстарында жұмысты жандандыру қажеттігін баса айтты Олжас Бектенов аталған өңір басшылығына қысқа мерзімде серіктестермен өзара іс-қимыл орнатуды және нақты бас­тамалар ұсынуды тапсырды.

Ұзақмерзімді серіктестік орнату және инвестиция тарту мақсатында аймақтық делегациялардың Қытай провинцияларына сапарларын жандандыру жөніндегі тапсыр­маны іске асыруға назар аударылды. Олжас Бектенов ҚХР Төрағасының сапары аясында келісімдерге қол қойып, алдын ала уағдаластықтарды қамтамасыз еткен Астана қаласындағы және Алматы, Қызылорда, Түркістан облыстары сияқты бірқатар өңірдегі оң динамиканы атап өтті. Қалған өңірлерге осы бағытта жұмыс істеу тапсырылды.

Сондай-ақ кеңес барысында «Орталық Азия – Қытай» форумы ая­сында өңірлердің қытайлық серік­тес­термен жасасқан жаңа келісімдерін жүзеге асыру мәселелері қаралды. Мәсе­лен, Алматы облысында «жасыл» энер­гетика, логистика, АӨК және өнер­кәсіп саласындағы жоба­лар­ды қоса алғанда, 6 млрд доллардан ас­там соманы құрайтын 7 құжатқа қол қойды. Астана қаласы, Қызылорда және Түркістан облыстары инфра­құ­ры­лым, агроөнеркәсіп және өнер­кәсіп салаларында бастамалар ұсынды.

Кеңес қорытындысы бойынша мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға қол қойылған келісім­дерді іс жүзінде жүзеге асыруды, әрбір кезеңде барлық жобаны сүйе­мелдеуді, сондай-ақ бірыңғай мем­лекеттік инвестициялық саясат шең­берінде іс-қимылдарды үйлестіруді қамтамасыз ету тапсырылды.