Саясат • Бүгін, 09:10

Ана мен бала денсаулығы – басты бағыт

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы жасөспірім қыздардың ерте жүктілігіне алаңдаушылық білдіріп, ерте босану бала өлімінің не­гіз­гі себептерінің бірі болып отырғанын мәлімдеген еді. Әлемді алаң­дататқан мәселе елімізді де айналып өткен жоқ. Президент жа­нын­дағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық сая­сат жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысында мамандар қыз бала­лар арасындағы ерте жүктіліктің алдын алу шараларымен бөлі­сіп, репро­дуктивті денсаулық апталығының қорытындыларын жариялады.

Ана мен бала денсаулығы – басты бағыт

Суретті түсірген – Арман Мұхатов

Отырыста Мәдениет және ақпарат министрі, Ұлттық комиссия төрайымы Аида Балаева ана мен баланы қорғау, жарқын болашақтың іргетасы ретінде ұлт денсаулығын сақтау және нығайту, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын қамтамасыз етудің инновациялық тәсілдерін енгізу еліміздің мемлекеттік саясатының негізгі қағидаттары екенін атап өтті.

– Ұлт денсаулығының көрсет­кіші – қоғамның айнасы. Бұл мәселе – күн тәртібіндегі басым бағыт. Мемлекет басшысы ана мен бала денсаулығын сақтауға ерекше көңіл бөліп келеді. Осы мәселелер Ұлттық комиссияның отырыстарында үнемі көтеріледі. Ана мен баланы қорғау саласындағы оң нәтижелерге қарамастан, бұл бағыттағы жұмысты тоқтатуға әлі ерте. Нәресте, бала және ана өлімін азайту, ерте жүктілік пен түсіктердің алдын алу, дені сау балалардың туылуына жағдай жасау барлық денсаулық сақтау жүйесінің негізгі міндетіне айналуға тиіс, – деді А.Балаева.

Дүниежүзілік Денсаулық сақ­тау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, ерте босану – бала өлімі­нің негізгі себептерінің бірі. Өйткені медициналық көрсеткіштерге сәйкес 19 жасқа дейінгі жүктілік ерте деп саналады. Ал қазір еліміз­де Денсаулық сақтау министрі Ақ­марал Әлназарованың айтуын­ша, жыл сайын 15–17 жас аралығындағы шамамен 2 755 жасөспірім жүктілігі тіркеледі, бұл үрдіс 2016 жылдан сақ­талып отыр. Сонымен қатар 2024 жылы 14 жасқа дейінгі жасөс­пірімдер арасында 22 бала туу, 15–17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында 1 455 жағдай тіркелген.

– 15–17 жас тобындағы туу көр­сеткіші сәйкес жастағы 1 000 қыз балаға шаққанда 2,8-ді құрады. 2016–2024 жылдар аралығында 15–17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасындағы туу саны екі есеге дерлік – 2016 жылғы 2 745 жағдайдан 2024 жылы 1 445-ке дейін қысқарды. 14 жасқа дейінгі қыздар арасында түсік жасатудың орташа саны жылына 16 жағдайды құрайды. Сонымен қатар 2016 жылдан 2024 жылға дейін 15–17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында түсік жасату санының тұрақты төмендеуі байқалды, 700-ден 355 жағдайға дейін бұл да екі есеге жуық азайғанын көрсетеді, – деді Денсаулық сақтау министрі.

Жасөспірімдер арасындағы жүктіліктің ең көп саны Маңғыстау, Қостанай, Алматы және Түркістан облыстарында тіркелген. Бұл өңірлерде 15–19 жас аралығындағы қыздардың туу көрсеткіші – республикалық көрсеткіштен жоғары. Маңғыстау бірнеше жылдан бері жасөспірімдердің жүктілігінің өсуі бойынша көш бастап тұр. Мәселен, облыс бо­йынша ерте жүктілік көрсеткіші 15–17 жас аралығындағы 1 000 қыз балаға шаққанда 5,45-ті құрады, 110 жасөспірім қыз босанған, түсік жасату көрсеткіші 1,19, ал республика бойынша 0,71-ді құрайды.

– Облыс бойынша ерте жүктілік Мұнайлы ауданында байқалады. Жаңаөзен қаласында да өсім бар, 2025 жылы – 36, 2024 жылы – 28, яғни 8 жағдайға көп. Ақтау қаласында – 28. Десе де, 15–17 жас аралығын­дағы жасөспірімдер арасында тіркелген жүктілік жағдайы бо­йынша 2024 жылы 65-ті құраса, 2025 жылы 57 жағдай тіркеліп, 8 дерек­ке төмендегені байқалады. Соны­мен қатар 2025 жылдың алғашқы үш айында жасөспірімдер арасында түсік тіркелмеген. Бұл көрсеткіш жасөспірімдермен жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыс­тың оң нәтижесін көрсетеді, – деді Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары, Маңғыстау облысы әкімдігі­нің жанындағы кәмелетке толма­ған балалардың ісі және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы Аббат Өрісбаев.

Мамандар еліміздегі жасөспірім қыздардың ерте жүктілігі азайғанын ақпараттық жұмыстардың нәтижесі екенін айтады.

– Салааралық өзара іс-қимылды күшейту және жасөспірімдер арасында хабардарлықты арттыру аясында биыл 12–16 мамыр ара­лығында өткізілген Репродуктивті денсаулық апта­лы­ғы тиімді бастама болды. Жастарға денсаулық орталықтарында және алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарын­да ашық есік күн­дері өткізілді, әлеуметтік желілерде ауқымды іс-шаралар өткізілді. 358 498 адамды қамтыған арнайы дәрістер мен кеңестер ұйымдастырылды. Гинеколог, уролог, инфекционист секілді мамандардың қатысуы­мен өңірлерде 3 636 танымдық кездесу мен дәріс өткізілді, БАҚ-та 238 сараптамалық сұхбат, түсініктеме, баяндамалар жарияланды. Медициналық-ақ­парат­тық қызметтердің қол­жетім­ділігін арттыруға, сондай-ақ жасөспірімдер мен жастарда өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді, – деді А.Әлназарова.

Оқу ағарту министрлігі де ақпараттық, түсіндіру жұмыстарын өткізгенін мәлімдеді. Мектептерде мамандардың қатысуымен дәрістер ұйымдастырылған. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып келеді.

– Репродуктивті денсаулық апта­лығы Жастар денсаулық орта­лық­тарының қызметі сұраныс­қа ие екенін көрсетті. Алай­да өңірлер­дегі орталықтардың жұмы­сында елеулі айырмашылық анықтал­ды. Оның ішінде олардың дұрыс жұмыс істемеуі, жабылып қалған, штат болмаған немесе келу­шілер өте аз болған. Осы орайда көп­те­ген ауылдық елді мекен­нің шал­ғай­­лығын және медици­на­лық қыз­мет­­терге, оның ішінде реп­ро­дук­­тивті денсаулық саласын­да тұра­қ­ты қолжетімділікті ескере оты­рып, денсаулық сақтау сала­сын­­дағы цифрлық шешімдерді (HealthTech) дамыту үшін тұрақты жұ­мыс істейтін диалог алаңын құру ұсынамыз, – деді Сенат төрағасының кеңесшісі, саясаттанушы, Президент жанын­дағы Әйелдер істері және отба­сы­лық-демо­графиялық саясат жө­нін­дегі ұлттық комиссия төр­аға­сы­ның орын­басары Жұлдызай Ысқақова.