Медицина • Бүгін, 09:25

Отандық медицинаның озық тәжірибесі

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл жылдың басында Қызылордада алғаш рет бауыр ауыстыру операциясы жасалды. Он жыл бұрын бауыр циррозына шалдыққан 40 жастағы келіншекке күйеуі мен ағасының ағзасы сәйкес келмей, доноры қайнысы болды. Дәрігерлер 10 сағатқа созылған күрделі операция барысында донор бауырының 65%-ын реципиентке салып, операцияны сәтті аяқтады.

Отандық медицинаның озық тәжірибесі

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы­ның бас дәрігері, профессор Болат­бек Баймаханов бастаған дәрі­гер­лер тобы мен қызылорда­лық мамандар бірлесіп жасаған операциядан кейінгі брифингте елімізде бауыр ауыстыруды қажет ететін 2 мыңдай науқас бары айтылған еді. Олардың ­76-сы Сыр өңірінен екен.

Трансплантологтер иненің ­жасуындай тамырларды жал­ғауға тура келетін бауыр трансплантациясы әлемдегі ең күрделі операция екенін айтады. Со­ның негізгі бөлігін қызылордалық дәрігерлер жасапты. Жалпы, 2023 жылы өңірде үш рет бүй­рек ауыс­тыру операциясы жасал­­са, былтыр сондай 6 операция өтіп­ті. Облыстағы көп­­бейін­ді аурухананы еліміздегі трансплантация жасайтын орталықтардың бірі деп сеніммен айтуға болады. Тиісті құрал-жабдықтары жеткілікті, мамандардың да да­йындығы жоғары.

«Бұрын бауыр трансплантациясы тек Алматы мен Астана­дағы орталықта жасалатын. Енді осы қатарға Қызылорда облысы қосылды. Жыл сайын­ бүйрек, ­бауыры ауыратын жандар қатары көбейіп келеді. Сон­дықтан ірі қалалардан бөлек, облыс орталығында да ағза ауыс­тыруға мүмкіндік жасалғаны жөн. Күрделі операцияны игерген жергілікті мамандар үлкен бір белесті бағындырды десек те болады. Тіпті мұндай операция­лар кейбір мемлекетте әлі кез­деспейді. Осы орайда елі­міз­дің трансплантация саласы бо­йынша 90 мемлекет арасында 1 млн адамға шаққан­дағы операция саны жөнінен алғашқы ондықта тұрғанын айта кеткеніміз абзал», дейді профессор Б.Баймаханов.

Облыстық көпбейінді ауруха­наға кейінгі екі жылда құны 2 жа­рым миллиард теңге болатын заманауи диагностикалық, хирургиялық құрылғылар сатып алынған. Осылайша, өңір медицинасын дамыту арқылы ағза ауыстыруға мүмкіндік жасалды. Бір сөзбен айтқанда, жаб­дық жеткілікті, дәрігерлер де даяр. Ендігі мәселе – донор тап­шылығын шешу.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақовтың дерегінше, өңі­рімізде мәйіттік донор ағзасын алу соңғы рет осыдан 7-8 жыл бұрын кездесіпті. Күту парағына жазылып, өзіне сәйкес келетін ағзаны жылдап күткен жүздеген адамға бұл, әрине теңізге тамған тамшыдай да болмайды.

Тірі адамнан ағза алудың бір қиыны – дәрігерлер реципиентпен қоса, донор үшін де жауап­ты болады. Ұзақ жыл кезегін күтіп, ақыры бауырының бір бүйрегін салдырған Мақпал Оралова бо­йын үміт пен күдік қатар билеген сол кездерді есіне де алғысы келмейді. Оның айтуынша, кейінгі 2-3 жылда диализге тәуелді жас­тар қатары тым көбейіп кеткен.

«2016 жылы бүйрек жетіспеу­шілігіне байланысты есепте тұрдым. Әуелі гемодиализбен жүрдім. Былтыр ковид тұмауымен ауырған соң бұрынғы халіме жете алмай қалғанымда жақындарым жанын қоярға жер таппай, жүгі­ріп кетті. Сол сәтте кезегін 10-15 жыл күткендерді көрсем де, күдерімді үзген жоқпын. Ақыры ұзақ тексерістен кейін ағамның ағзасы сәйкес келіп, жергілікті дәрігерлердің біліктілігінің арқасында операция сәтті өтті. Тиісті дәрі-дәрмегімізді тегін алып, емімізді жалғастырудың арқасында аз уақытта қатарға қосылдық. Бірақ операциядан кейін тірі донор­лық екі адамды да мүгедек қылу екендігіне көзім жетті. Сондықтан да мәйіттік донор мәселесі туралы әлі де ел арасын­да түсіндірме жасаған дұрыс болар еді», дейді ол.

Транспланттауды және жо­ғары технологиялық меди­­ци­налық қызметті үй­лес­тіру жөнін­дегі республи­ка­лық орта­лықтың өңірлік үйлес­тіру­шісі Лиза Нұрсұлтанова да бұл мәселе өте өзекті болып тұрғанын айтады. Жуыр­да Қызылорда медицина­лық жо­ғары колледжінде болашақ медицина қызметкерлері­нің кә­сіби дайындығын нығай­тып, қоғамда донорлық мәде­ниет­ті қалыптастыру бағы­тында ұйым­дастырылған «Транс­­план­тация. Донордың маңыз­дылығы» атты семинар-тренингке қатысқан маман осы күні жастар арасында бүйрек жеткіліксіздігі дертіне шал­дыққандар көбейіп бара жатқанына алаңдаушылық біл­дірді. Қазір өңірде 361 адам диализге байланған. 160 науқас бүйрек ауыстыру үшін күту парағына тіркеліп тұр.

«Ковидтен кейін әлемдегі әрбір бесінші адамның бүйре­гінен кінәрат анықталып отыр. Сондықтан дер кезінде дәрігерге қаралған дұрыс. Бұл дерт энергетиктерге үйір жастар арасында тіпті көбейіп барады. Сондықтан кейінгі толқын арасында кеңес беруді қолға алған жөн. Күту парағындағы 160 адамның дені жастар. Кезек жылдарға созылады. Осыдан да бізге мәйіттік донордың маңыздылығын айта түсуіміз керек. Мысалы, еліміздің солтүстігінде бұл біршама жолға қойылған. Бір мәйіттің ағзасы біраз адамға өмір сыйлайды. Осыны бәріміз айта жүруіміз керек», дейді ол.

Семинар-кеңесте көпбейінді облыстық аурухананың директоры, трансплантолог Жасұлан Баймаханов қазір ағза ауыс­тырудан әлемде Иран мен БАӘ мемлекеттері алды­ң­­ғы орында тұрғанын атап өтті. Де­мек діни нанымның кедергісі жоқ. Жалпы, қазір елдегі ағза ауыстырудың 10-15%-ы ғана мәйіт­тік донордан алынады.

Жасанды бүйрек арқылы адам өмірін 10-15 жылға созу­ға болады. Ал бауыры ауыра­тындарға ондай балама жоқ. Оның емі – тек ағза ауыстыру. Ислам дінінің де науқасты емдеудің соңғы сатысы саналатын трансплантацияға қар­сы­лығы жоқ. Тек белгілі бір шарттар орындалуы керек. Қазақстан мұсылмандары діни бас­­қармасының Ғұламалар кеңесі осыдан біраз жыл бұрын бұл мәселе туралы пәтуа да қабыл­даған.

Дегенмен адам өмірін сақтап қалудың соңғы мүмкіндігі саналатын трансплантация қоғам­ның көзқарасына тәуелді болып отыр. Демек мәйіттік донор­дың маңызы туралы айтылар әңгіме әзір аяқтала қоймайтын секілді.

 

ҚЫЗЫЛОРДА