
Кейінгі жылдары өңірде денсаулық сақтау нысандарын жөндеу, жабдықтау, жаңадан салу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы мен «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Ұлан ауданында 5 жаңа медициналық пункт салынды, 4 амбулатория жөндеуден өтті. Жаңа емхана ғимараты заманауи стандарттар мен технологияларға сай жабдықталған.
– Заманауи емхана тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға оң әсер ететіні сөзсіз. Облыс басшылығы халықтың денсаулығын сақтау мақсатында барынша жұмыс атқарамыз, – деді салтанатты шараға арнайы келген облыс басшысы Нұрымбет Сақтағанов.
Емханада диагностика жүргізу үшін микробиологиялық, серологиялық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік беретін бактериологиялық зертхана қарастырылған. ФГДС, колоно, видеоколоноскопия, рентген, маммография, флюрография, УДЗ, физиотерапия кабинеттері жұмыс істейді. Мекеме құрамына қысқамерзімді емделуге арналған күндізгі стационар, жоспарлы, шұғыл операциялар жасалатын операция блогі, стоматологиялық, хирургиялық кабинеттер кіреді.
Сонымен қатар терапевт кабинеті мен төрт шақыру санаты бойынша шұғыл медициналық көмек бөлімі жұмыс істей бастады. Жақын арада жедел жәрдем стансасын да жаңа емхана ғимаратына көшіру жоспарланып отыр.
Шығыс Қазақстан облысы,
Ұлан ауданы