
Өңір жастары «Ардагерлерді ардақтайық!» акциясын тұрақты өткізіп келеді.
«Осы жылдың басында волонтерлік орталықтар бекіткен ортақ кесте бойынша жастар қыс мезгілінде тыл ардагерлері мен жалғызбасты қариялардың үйлеріне барып, шарбақтарының қарын күресе, жазда бау-бақша егетін орындарды қопсытып, арамшөптерді жұлып, ретке келтіреді. Тіпті үйлерінің терезелеріне дейін жуып кетеді. Қарттарға қолғабыс көрсетуде облыстық волонтерлік кеңес мүшелері, «Аңсар», «Жастар рухы», «Қолғанат» еріктілер тобы алда келеді», дейді Ақтөбе облыстық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Дана Санатқызы.
Аталған іс-шараға ерікті ретінде қатысқан Қуандық Жансейіттің айтуынша жастар бір жағынан қарт кісіге қолғабыс жасаса, екінші жағынан тыл ардагерінің тағылымды әңгімесін тыңдайды.
«Бұл мен үшін үлкен мәртебе. Заманның ауыртпалығын бастан өткерсе де мойымай, адал еңбекпен барлық қиындықты жеңе білген әжейдің байсалдылығына таң қалдым. Осындай игі бастамалар жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастырып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге тәрбиелейді. Өз басым қоғамға пайдалы істермен айналысуды жақсы көремін. Еріктілер – жүректері ізгілікке толы адамдар», дейді волонтер.
Ақтөбе облысы