
Фото: Ерлан Омар
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биылғы жылдың 1 маусымдағы жағдай бойынша мүгедектігі бойынша МӘЖ алатын азаматтар саны шамамен 542,5 мың адамды, ал асыраушысынан айырылу жағдайында жәрдемақы алушылар саны 198,1 мың адамды құраған.
Естеріңізге сала кетейік, мүгедектігі бойынша жәрдемақы мөлшері мүгедектік тобы мен себебіне және жыл сайын бекітілетін ең төмен күнкөріс деңгейіне (ЕТКД) байланысты есептеледі. Асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақы да асырауындағы адам саны мен қайтыс болу себебіне қарай белгіленеді.
Сонымен қатар, әлеуметтік тәуекелдерге тап болған жағдайда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға МӘСҚ-дан қосымша әлеуметтік төлемдер төленеді. Биылғы 1 маусымдағы мәліметке сәйкес, 93,2 мың адам еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша, ал 64,2 мың отбасы асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алған.
Бұл төлемдердің көлемі азаматтың соңғы екі жылдағы әлеуметтік аударымдарына, еңбекке жарамдылық дәрежесіне, асырауындағы адамдар санына және жүйеге қатысу өтіліне байланысты анықталады.
«Мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төмен күнкөріс деңгейінің ұлғаюына байланысты 6,5% - ға өсті. ҚР Үкіметінің шешімі бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу және асыраушысынан айырылу бойынша МӘСҚ-дан төленетін төлемдердің мөлшері де 6,5% - ға артты.Мәселен, осы жылы жалпы аурудан мүгедектігі бойынша МӘЖ мөлшері 1-топ үшін – 101 702 теңгені, 2-топ үшін – 81 362 теңгені, 3-топ үшін – 55 474 теңгені құрайды», делінген хабарламада.
Айта кетейік, 1 маусымдағы жағдай бойынша еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлемдердің орташа мөлшері 70 245 теңгені, асыраушысынан айырылу бойынша – 72 524 теңгені құрайды.