Балалар • 20 Маусым, 2025

Балалар әдебиетінің бүгінгі ахуалы

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жуырда Сенат депутаты Руслан Рүстемов оқырман ұрпақты тәрбиелеу үшін балалар әдебиетінің көлемі мен сапасын арттырып, жаңа технологиялық тәсілдермен ұштастыру қажет екенін және мектеп кітапханаларында қазақ тіліндегі балалар әдебиетінің айтарлықтай жетіспейтінін айтып, алаңдаушылық білдірген еді. Балалар руханиятының мәселелері жалпы қай кезеңде де маңызды. Ал балатану ілімінің қалтарыс-бұлтарысына үңілуге ғұмырын арнаған балалар ақын-жазушыларына, жалпы балалар әдебиетіне мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіліп жатыр? 

Балалар әдебиетінің бүгінгі ахуалы

Фото: maqat-tynysy.kz (архив)

Балалар жазушылары қолдаудан кенде емес

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәлімдеуінше балалар руханиятының мәселесі  айрықша назарда тұр. Бюджеттік бағдарлама аясында 2023 жылы 24 балалар мен жасөспірімдер әдебиеті (оның ішінде 3 комикс жанрында) жалпы таралымы 72 мың данамен, 2024 жылы 26 балалар және жасөспірімдер әдебиеті жалпы таралымы 78 мың данамен басылып шығып, республика, облыстық, аудандық мемлекеттік кітапханаларға таратылған. Сондай-ақ,  «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік комикс» номинациялары бойынша оза шыққан ақын-жазушыларға қомақты қаржылай сыйлық табысталып келеді.

2022 жылдан бері республикалық деңгейдегі «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығы аясында «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік комикс» номинациялары бойынша (әр номинация бойынша 5 млн теңге) сыйлықтар табыстау дәстүрге айналды. Алғашқы жылы аталған байқауға жіберілген туындының 72-сі «Үздік балалар әдебиетіне», 13-і «Үздік комикске» тиесілі болған. 2023 жылы 46 шығарма балаларға арналса, 12 шығарма комикс болды. 2024 жылы «Үздік балалар әдебиеті» номинациясы бойынша 31 өтінім, ал «Үздік комикс» номинациясы бойынша 8 өтінім қабылданған.

Сонымен қатар  2023 жылдан бастап  жас ақын-жазушылар үшін тағайындалған арнайы Президенттік әдеби сыйлықтың қатарына «Балалар әдебиеті» номинациясы да енгізілген. Аталған сыйлық бұрын-соңды халықаралық және ұлттық конкурстарға қатыспаған шығармалары үшін ҚР-ның 18-35 аралығындағы жас қаламгерлерге (сыйлық қоры әр номинация бойынша  4 млн теңге) табысталады.

Министрлік биыл «Ұлттық кітап» байқауын жариялады. Байқаудағы түрлі номинациялар арасында, Гран-при сыйлығы қатарында «Балаларға арналған үздік кітап», «Үздік комикс» номинациялары бар. «Балаларға арналған үздік кітап» номинациясы бойынша «ATA Creative Hub» баспасының «Тау құсы» кітабы 1 орын иеленді. Аталған кітап аз ғана уақыт ішінде балалардың сүйіп оқитын әрі бауыр-достарына ұсынатын қымбат сыйлыққа айналып үлгерді. Бұл кітап алғашқыда 5 мың данамен жарық көрсе, кейіннен 10 мың данамен қайта басылып, түгелдей сатылып, қазір 20 мың данамен қайта шығарылып жатыр екен. Ал «Үздік комикс» номинациясына  «KHAN COMICS» баспасының «Еркетай» кітабы ие болған.

Бұл салада ілгерушілік бар

Жалпы балалар әдебиетінің қазіргі деңгейі қандай, кітаптардың қол жетімділігі қаншалықты, қазіргі уақытта балалар ақын-жазушыларынан қандай жаңа есімдер мен жақсы кітаптар бар?  Осы орайда Мәдениет қайраткері, Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Ділдәр Мамырбаеваның пікірін білген едік.

«Қазір журналистер «балалар әдебиетінің бау-бақшасындағы өнімнің түсімі неге нашарлап кетті?» деген сұрақты жиі қояды. Иә, заман алмасты, өмір өзгерді, қытымыр уақыт, қым-қиғаш оқиғаның ортасындамыз. Осындай кезеңде, балалардың кәдесіне қандай жазушы жарайды деген сұрақтың шеті қылтиятыны даусыз. Өтебай Тұрманжанов, Жақан Смақов, Бердібек Соқпақбаев, Сансызбай Сарғасқаев, Сапарғали Бегалин, Қадыр Мырза-Әлі, Бейсебай Кірісбаев, Толыбай Құрманбаев, Әділ Балта, Мұқан Иманжанов, Әнуарбек Дүйсенбиев, Өтепберген Ақыпбеков жазған деңгейде жазатындар бар ма? Жас Тынымбайлар, Мұзафарлар, Пернебай, Қастектер, Ескендер қайда жүр екен деп төпелеп қоя беруге болады. Осындай сұрақты балалар әдебиетінің ішкі жұмысын білмейтіндер қояды. Қазіргі кезеңде балалар әдебиеті жаңа серпін алып, жаңа есімдер шығып, заманауи тақырыптар қозғалып, түрлі жанрда шығармалар жазылып жатыр. Сырт көзге баяу көрінгенімен іште қызу жұмыс жүріп жатыр. Балалар үшін жазатын, жүрегін сөлін сығып, шуаққа бөлейтін жастар легі көп. Бейбіт Сарыбай, Есей Жеңісұлы, Мейіржан Жылқыбай, әдемі ертегі жазатын Әдина Жүсіп, бала тілімен сөйлейтін Мира Сембайқызы, Ернұр Сейдахмет, Серікбол Хасан, Еділбек Дүйсенбек, Елдос Тоқтарбай, Әлібек Байбол, Нұржан Нұрбек, Ардақ Жұмағали, Бағдат Мәжит, Зәуре Төреханқызы, Айсұлу Әлмаш… Атай берсем көп. Олар арыдағы Ыбырай Алтынсаринның, берідегі Жақан Смақов, Бердібек Соқпақбаев бастаған ұлы шоғырдың ізін жалғастырып келеді. Ақын Байбота Қошым-Ноғай он томдық «Қазақ балалар әдебиетінің антологиясын» өз күшімен шығарды, бұл балалар әдебиетіндегі жанкештілік емей немене. Филология ғылымының докторы Гүлжаһан Орданың редакторлығымен шыққан «Қазіргі қазақ балалар әдебиетінің даму үрдістері» деген зерттеу кітаптан іздеген адам мол дерек-мәліметтерді таба алады. Балалар әдебиеті – болашақтың инвестициясы. Қазіргі жазғанымыз ертең ұлттың танымынан, ұлттың руханиятынан көрініс береді», дейді Ділдәр Мамырбаева.

Ал балалар ақыны Серікбол Хасанның айтуынша драматургия, әдебиет сыны жанрларымен салыстырғанда балалар әдебиетінің дамуы – қарқынды деуге болады, қазіргі кітап дүкендері мен кітапханаларда балалар оқитын кітаптардың саны едәуір артқан.

«Қазақстан нарығында дамып келе жатқан әрбір баспадан балаларға арналған кітаптар шығып жатыр. Раиса Қадырқызының «Steppe World & Publishing» баспасынан әйгілі «Гарри Поттер» және тағы басқа кітаптар аударылып шығып жатыр. «Qasym» баспа үйі балалар әдебиетінің бұрынғы класссиктерінің шығармаларын шығарып жатыр. Бұрынғы кітаптардың қайта басылуы да қолжетімді. Менің өзімнің соңғы бес жыл ішінде «Әкесінің қызы» «Күшті бала» «Басбармақ» атты үш кітабым шықты. Балалар прозасы да жақсы бағытта, әсіресе, қазіргі заманауи фэнтези жанры. Рүстем Сауытбайдың «Шоко әлем», Зәуре Төреханның «Әмина Тұранның көшпенділер еліне саяхаты» кітаптары және «Бату мен оның достарының Барсакелмес еліне саяхаты» (авторлары: Зира Наурызбай, Лиля Калаус) кітабы фэнтези жанрында олқылықты толтырып отыр. Комикс жанрында Зәуре Төреханның «Жошы хан», т.б. еңбектер шықты. Осының барлығын ескере келе, жалпы балалар әдебиетінің даму деңгейі қарқынды жүріп жатыр деуге болады», дейді С.Хасан.