
Сондай-ақ кездесуде осы жылғы 4 сәуірде Самарқанд қаласында өткен «Орталық Азия – ЕО» саммитінің қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыруға ерекше назар аудара отырып, екіжақты қатынастардың жай-күйі мен келешегі егжей-тегжей қаралды.
Іс-шара гибридті форматта өтті. Оған еліміздің негізгі министрліктері мен ведомстволарының, Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің және Астанадағы ЕО делегациясының өкілдері қатысты. Қазақ делегациясын Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, еуропалық тарапты – Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің Еуропа және Орталық Азия мәселелері жөніндегі бас директорының міндетін атқарушы Люк Девинь басқарды.
Р.Василенко отырысты аша отырып, Қазақстан мен ЕО арасындағы серіктестіктің дәйекті дамып келе жатқанын атап өтті.
– Былтыр Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім өзінің практикалық маңыздылығын толық дәлелдеді. Біз ынтымақтастықтың кеңеюін және барлық деңгейде диалогтің нығаюын байқаймыз. ЕО – біздің басты сауда және инвестициялық серіктесіміз. Биыл өзара сауда көлемі рекордтық көрсеткішке – 50 млрд долларға жуық сомаға жетті, – деді вице-министр.
Отырыс барысында сауда, инвестициялар, көлік байланысы, энергетика, климат, заңның үстемдігі және визалық жеңілдіктер мәселелеріне баса назар аударылды.
Қазақ тарапы ел азаматтарының еркін қозғалысына қойылатын кедергілерді азайтуға бағытталған шаралар қабылданатынына сенім білдірді, визалық режімді жеңілдету және реадмиссия туралы келіссөздерді мүмкіндігінше тез бастау маңыздылығын ерекше айтты. Астана мұндай келіссөздер үшін қажетті құқықтық және техникалық базаны қамтамасыз етуге дайын екенін растады.
Сондай-ақ тараптар Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Еуропалық Кеңес және Комиссия басшылары арасында Самарқандтағы «ОА-ЕО» саммиті аясында қол жеткізілген тұрақты сауда, цифрландыру және білім беру алмасуларын кеңейту мәселелері бойынша уағдаластықтарды жүзеге асыруды талқылады.
Көлік байланысын кеңейтудің маңызы, атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің (ТХКД, Орта дәліз) одан әрі дамуы аталып өтті. ТХКД бойындағы инфрақұрылымды жаңғырту бойынша әрі қарай белсенді практикалық әрекеттерге көшудің қажеттілігі айтылып, бұл бағытта ЕО тарапынан 10 млрд еуро көлемінде қаржы бөлу ниеті құпталды.
Осы тұрғыда тараптар «Global Gateway» (Жаһандық қақпа) бастамасы аясындағы өзара іс-қимылды оң бағалады. Атап айтқанда, сәуірдегі өткен саммитте Еурокомиссия Президенті Урсула фон дер Ляйеннің Еуропа мен Орталық Азия арасындағы инфрақұрылымдық, энергетикалық және цифрлық байланыстарды жақсартуға бағытталған 12 млрд еуро сомасында инвестициялық пакет бөлу туралы мәлімдемесі қолдау тапты. Қазақстан бұл өңірлік жобаларға белсенді қатысуға дайын екенін растады.
Сонымен қатар тараптар Қазақстан Үкіметі мен Еуроодақ арасындағы әуе тасымалдарының кейбір аспектілері туралы келісімге тезірек қол қоюдың маңыздылығын атап өтті. Бұл құжат нормативтік базаны үйлестіруге, құқықтық анықтығын арттыруға, отандық және еуропалық әуе тасымалдаушылары арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған.
Тараптар сондай-ақ цифрлық сауатты арттыру, инклюзивті білім беруді дамыту және академиялық ұтқырлықты кеңейту мәселелерін тұрақты ынтымақтастықтың іргетасы ретінде қарастырды.
Климат және «жасыл» күн тәртібі аясында тараптар Қазақстанның Париж келісімі бойынша міндеттемелерін орындауын, оның Жаһандық метан бастамасына белсенді қатысуын, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері мен маңызды шикізат жеткізу тізбектерін дамыту бойынша бірлескен жобаларды ілгерілетуін құптады.
Еуропалық делегация басшысы Л.Девинь ЕО мен Қазақстан арасындағы серіктестікті ұзақ сапарға балады.
– Кейінгі отыз жылда Еуропалық одақ пен Қазақстан өзара сенімге, құрметке және ынтымақтастыққа негізделген берік және жетілген серіктестік орнатып, өзара жақындай түсті. ЕО мен Қазақстан арасындағы серіктестік – бұл меже емес, ұзақ сапар. Бұл көпжылдық достықтың әлі ашылар жаңа тараулары көп, – деді Л.Девинь.
Отырыс қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға және бірлескен жобаларды өзара құрмет рухында жүзеге асыруға бейілділігін растады.
Жалпы, саяси конфигурациядағы ынтымақтастық комитеті – Қазақстан мен ЕО арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі институционалдық тетіктерінің бірі. Комитет отырыстары уәкілетті мемлекеттік органдар деңгейінде өткізіледі және заңның үстемдігі, сот және сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалар, өңірлік және халықаралық қауіпсіздік, ЕҚЫҰ аясындағы ынтымақтастық, визалық саясат, білім беру, БАҚ және азаматтық қоғам салаларындағы өзара іс-қимыл сияқты кең ауқымды саяси және өңірлік мәселелерді қамтиды.
Ал Еуропалық одақ – Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі. Былтыр тауар айналымы 48,7 млрд долларды құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 16,9%-ға өсті. 2005 жылдан бері Қазақстан экономикасына тартылған еуропалық инвестициялар көлемі 200 млрд доллардан асты. Елімізде еуропалық қатысумен 3 мыңнан аса компания жұмыс істейді.