Өндіріс • Бүгін, 09:17

«Теңіз­шевройл» шымкенттік өнімді таңдайды

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда «Теңізшевройл» ЖШС делегациясы Шымкентке ресми сапармен келіп, жергілікті тауар өндірушілердің өндірістік әлеуетімен және өнімдерімен танысты. ТШО өкілдері сапар аясында мұнай-газ саласына қажетті импорттық тауарларды жергілікті өнімдермен алмастыруды көздейтіндерін жеткізді. Делегация құрамында компания басшылығы, сатып алу және техникалық бөлім сарапшылары, ТШО-ның тікелей мердігерлері бар.

«Теңіз­шевройл» шымкенттік өнімді таңдайды

«Еліміздегі шикізат өндіруші ең үлкен компанияның бірі «Теңізшевройлдың» әріптестік байланыс орнату ниетімен Шымкентке арнайы келуі – қуантарлық жағдай. Осы сәтті пайдаланып мұнай өндіруші компанияға мегаполистің кәсіпкерлік саласындағы бар әлеуетін көрсетуге тырысамыз. Бірінші кезекте жергілікті тауар өндірушілердің көрмесін ұйымдастырдық. Оған қаламыздағы 20-ға жуық ірі кәсіпорын қатысып, өнімдерін қонақтар назарына ұсынды. «Теңізшевройл» басшылығы жергілікті тауар өндірушілердің өнімдерімен жеке-жеке танысып шықты. Өздерін қызықтырған кейбір тауар түрі бо­йынша кәсіпорын басшылығымен арнайы сұхбат жүргізді. Жалпы, ТШО делегациясының Шымкентке жаса­ған сапары 3 күнге созылып, тиімді сау­да-экономикалық уағдаластыққа қол жеткіздік», дейді Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Бауыржан Бердалиев.

Сапар барысында мұнай өндіруші компания өкілдері гид­равликалық және суасты сор­ғыларын өндіретін «Karls­krona LC AB», 25-500 МВА қуат­ты­лығындағы трансформаторлар шығаратын «Asia Trafo», электр құрылғыларын өндіруші «Renaissance SHIK», майлау материалдарын шығаратын «HILL Corporation», мал бордақылап, ет өңдеумен айналысатын «Baiterek Agro» кәсіпорындарын аралап жұмыстарымен танысты.

Бұл кәсіпорындардың бар­лығы жоғары технологиялы өнім шығарады. Өнімдері ішкі нарықтан бөлек, алыс-жақын шетел нарығына да экспортталып жатыр. Мәселен, «Karlskrona LC AB» кәсіпорны түрлі көлемдегі сорғылар шығарумен танымал. Әсіресе оның өнімдері мұнай саласында, уран басқа да қазба байлықтар шикізаты өндірісінде кеңінен пайдаланылып жүр.

пр

Қуаттылығы 25-500 МВА-ға тең трансформатор өндіре­тін «Asia Trafo» өндіріс орнын да мегаполистегі ең ірі кәсіпорындардың қатарына жатқызуға болады. Елдегі жоға­ры кернеулі трансформатор­ларды тек осы кәсіпорын шығара­ды. Трансформаторға керекті көп­теген бөлшекті де өздері жасайтындықтан нағыз отандық өнім шығаратын өндіріс деуге толық негіз бар.

Қалалық әкімдік пен «Мұнай-газ машина жасау саласын да­мытуға арналған халықаралық ор­талық» қауымдастығы арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. «HILL Corporation» компаниясы мен «Теңізшевройл» ЖШС арасында тауар жеткізуге қатысты келісімшарт бекітілді. Сонымен бірге жергілікті та­уар өндірушілер «Барыс-2007», «Baiterek Agro», «Intermilk Kazakhstan» кәсіпорындары мен «Eurasia Support Services» компаниясы арасында азық-түлік өнімдерін жеткізу саласындағы өзара түсіністік туралы меморандумдар түзілді.

Қорыта айтқанда, «Теңіз­шевройл» өздеріне қажетті азық-түлік пен техникалық дайын өнімдерді Шымкенттен тасымалдаймыз деп шешті.

 

ШЫМКЕНТ