
Сурет: gov.kz
Сауда және интеграция министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті мынадай қызықты деректерді алға тартады. Мәселен, Алматы қаласында тұтынушы 215 млн теңгеге сатып алған, бірақ үшінші тұлғаға сатылып кеткен жылжымайтын мүлік нысанына қатысты дау департаменттің араласуымен оң шешімін тапқан. Ал Қарағанды облысында 45 күннен аса уақыт берілмеген пәтер бойынша шарт талаптарының орындалуы қамтамасыз етіліп, тұтынушы 33,5 млн теңге тұратын жылжымайтын мүлікке қол жеткізген.
Басқа да қызықты әрі шешімін тапқан мысалдар:
- Семей қаласында қоғамдық тамақтану орнында тұтынушының тапсырысы орындалмай, мекеме тұтынушылар бұрышын орналастыру міндетін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
- Ақтөбе облысында тұтынушының туроператорларға қатысты шағымы бойынша сотқа дейінгі және сот процесінде департамент мамандары қолдау көрсетіп, нәтижесінде 6,6 млн теңге өтемақы өндіріліп берілді.
- Павлодар мен Жетісу облыстарында ондаған тұтынушының құқығы топтық негізде қорғалды: косметика жиынтығы үшін рәсімделген 10,8 млн теңге несие мен жеткізілмеген смартфондар үшін 7,2 млн теңге қайтарылды.
- Түркістан облысында Дубай қаласына орындалмаған тур үшін 1,2 млн теңге қайтарылып, Шымкентте санитарлық талаптарға сәйкес келмейтін жерде көрсетілген фитнес қызметтері үшін тұтынушыларға өтемақы берілді.
Азаматтар тіпті 700 теңге тұратын сапасыз ойыншыққа қатысты да өтемақы талап етіп, өз құқықтарын қорғаған.