
Ауданда жаңадан ашылған өндіріс орнының бірі «Шиелі құс еті» агроөнеркәсіп кешені табысты жұмыс істеп тұр. «Ауыл аманаты» бағдарламасы басталған жылы 3 жеке кәсіпкер бірігіп құрған ауыл шаруашылығы кооперативі 27 млн 600 мың теңге несие алыпты. Қорасын қамдап, керегін сайлап, былтыр шаруа бастап кеткен кооперативтегі 3 бокстың әрқайсысында қазір 1 500 балапан бағылады. Шымкенттен жеткізілетін тауық балапандары 45 күнде союға жарайды. Кешеннің өкілі Сәкен Салмырзаев «Шиелі құс еті» аудан халқын құс етімен толық қамтып отырғанын айтады.
Фермалар заманауи, автоматтандырылған күтім жүйесімен жабдықталған. Құс жемі Жамбыл облысынан жеткізіледі, температуралық және санитарлық талаптар тұрақты бақыланады.
«Бұл – тауықтың бройлер кобб деген тұқымы. 45 күннің ішінде 2,5-2,7 кило салмақ жинайды. Біркүндік балапанды Шымкенттен алдырсақ, оларға Өзбекстаннан жұмыртқа күйінде жетеді екен. Алда қалдықсыз өнім шығаруға ден қойсақ дейміз. Басқа өңірлерде жүнінен бөлек ішек-қарны, бас-аяғына дейін балық өсіретіндер алып кетеді екен. Бізде әзірге ондай сұраныс жоқ. Бірақ осы бағытта жоба-жоспарымыз бар», дейді.
«Ауыл аманатының» арқасында кәсібін көркейтіп отырған жергілікті іскердің бірі – Мұрат Исабеков. 9 жыл бұрын ауданда жылыжай ісін алғаш қолға алған кәсіпкер еккен қияр, қызанақ, баклажан қазір Шиелідегі азық-түлік дүкендері мен базар сөрелеріндегі танымал өнімге айналған. Ол бағдарлама аясында қолына тиген 4,5 млн теңгені жылыжайды кеңейтуге жұмсапты.
«Көшет дайындауға ақпаннан бастап кірісіп, наурыз айында отырғызамыз. Бір айдың ішінде өнім бере бастайды. Қазір күнара 1 тоннадай өнім жинап отырмыз. Осыны күзге дейін саудалап, күзде қайта егемін. Оның өнімі қыста саудаға шығады», дейді.
Жалпы көлемі 28 сотық жылыжайда жыл он екі ай тірлік таусылмайды. Мысалы, қазір мұнда 9 мың түп қияр, 1 мың түп баклажан бар. Жылыжай иесінің айтуынша, қызанаққа қарағанда қияр еккен тиімді. Жерге тасталған оның дәні 45 күнде өнім бере бастайды. Ал қызанағыңыз 4 ай дегенде піседі. Оның өнім беру мерзімі де қысқа – бар болғаны 1,5 ай. Ал жылына екі рет егілетін қияр көшетінен бір маусымда ғана 10 килодан астам өнім жинайсыз.
Мұрат Исабеков осы жерге баспанадан бұрын жылыжай салуды қолға алғанда күлгендер де аз болмапты. Талабының табысқа айналарын анық сезген ол ештеңеге қарамады. Әуелі жерді дайындап, жылыжайдың қаңқасын тұрғызды, жарығы мен жылуын тартты. Жыл сайын тапқан табысын айналымға да салып, үй құрылысына да жеткізді. Жылыжайдағы әр жылы бұған телегей-теңіз тәжірибе жинап берді. Қазір әр өнімнің күтімі мен бабы туралы сағаттап айтуға бар.
Жылыжайға егетін қиярдың тұқымын Түркістан мен Шымкенттен алдырады. Күздің қысқа ұласар шағында қырыққабаттың «Айсберг» деген тұқымын егеді. Өйткені жазда егуге келмейтін, қыста жылуды қажет етпейтін бұл өнімге ауданда сұраныс көп.
Табысқа тоқырап қалмай жиі ізденетін жігіт құлпынай егуді де зерттеп көріпті. Алда адам күшін көп қажет ете бермейтін осы кәсіпті қолға алмақ ниеті бар. Осылайша, елдегілер «Ауыл аманаты» аясында еңсе тіктеп, жаңа іс бастап жатыр.
Қызылорда облысы,
Шиелі ауданы