Ерте тұрып жаңа жұмыс орнын бетке алды. Қолында шағын пакет. Онда әйелі салып берген оны-мұны азығы бар: кешегі кешкі астан қалған «макарон» мен жарты бөлке нан, бір құты су. Асханадан түстік ас ішуге қалта көтермейді.
Діттеген жеріне жете бергенде бұрыннан таныс құрдасы қарсы жолыға кетті. Амандық саулық сұрасқан соң аз-кем әңгімелесті:
– Иә, жол болсын! – деді құрдасы.
– Әлей болсын, – деді бұл бұрынғыларша.
– Не шаруамен жүрсің, таң азанымен?
– Мына мекемеге күзетшілікке жұмысқа тұрғанмын, – деді бұл қарсы алдындағы үлкен ғимаратты иегімен нұсқап.
– Жақында зейнеткерлікке шыққан жоқ па едің, енді жатпайсың ба кемпіріңнің жанында шәлиіп, шайын ішіп, демалып, пәленбай жылғы бейнетіңнің зейнетін көріп, – деді құрдасы әзілдегенсіп.
– Дұрыс қой, бірақ әбден күнделікті жұмыс істеп қалған адам үйде қол қусырып отыра алмайды екен. Ішім пысып кетті, содан бір мезгіл жұмысқа шығуды жөн көрдім. Мұнда бір тәулік күзетте тұрып, бір тәулік демаламын, – деді сыр алдырмай. Осыны айтып жатқанда ойын «иә, атаңның басы, шәлиіп жату қайда, күнкөріске, бірі әлі жетіле қоймаған, есейгені жөндем жұмыс таппай жүрген балаларын асырауға, ағайынның той-томалағы мен бата оқырларға, басқа да толып жатқан қажеттілікке ақшаны кім береді? Шайын демдеп береді дейтін қатының қаржы табудың қамымен күн ұзаққа базарда мардымсыз саудасымен санасы сансырап жүрген жоқ па?» деген сауал иектеп алған-ды. Бірақ мұнысын сыртқа шығармады.
– Осы біздің қазақ қызық, өлгенше жұмыс істейді, өздеріне қарамайды, бір рақаттанып демалуды білмейді ғой жазғандар. Талайлар «осыдан зейнетке шықсам, бәрін қойып демаламын» дейді, бірақ зейнетке шыққан күні жаңа жұмыс іздеп жүргені, – деді бүкіл халықтың басты мәселесін ортаға салғандай.
– Бұлайша бүкіл қазақты жазғыруға болмайды, – деді бұл ашығына көшіп, – жұрттың бәрі сенің балаларың сияқты кәсіппен айналысып, мыс-мыс ақша тауып жүрген жоқ. Әркімнің күнкөріс деңгейі әртүрлі. Көп адам зейнетке шыққанға дейін отбасының әлеуметтік мәселелерін шешіп, бала-шағасын түгел оқытып-тоқытып, ұлын аяқтандырып, қызын қиясына қондырып үлгере алмайды. Көбісі бір айлыққа қарап, онысының жартысын несие төлеуге жұмсап жыл оздырады. Олардың арасында жалғызіліктілері қаншама. Ойлай бер. Содан келіп, зейнетке шыққан жұрт қарттықтың табалдырығын жаңадан аттап тұрып баяғы жас кезінде алғаш жұмыс іздегендей күйге түседі. Жасы келгенге жұмыс табылуы қиын. Содан бұйырғанын істейді. Сондықтан зейнетке шыққан адамды үйінде шалқайып жатпады, дүниеқоңыздықпен, өлермендікпен жұмыс істеп жүр деп ұшқары кінәлай салу жарамайды. Әйтпесе, дәлірегі бәрі жетіп тұрса жұмыс беруші әлдекімнің қабағына жаутаңдап, оның қолына қарап кім жүргісі келеді, айтшы құрдас.
– Кешір, кешір, – деді құрдасы жүзін төмен салып.
– Зейнеткерлікке шыққан кейбір жандар ұл-қыздарының күтімі арқасында шалқып жүрсе, екінші біреулерде жағдай мұндай емес. Ата-анасына қарамақ түгілі масыл болып жүрген ұл мен қыз аз ба? Бұлардың жүгін зейнеткерлікке шықса да бейнеттен қол үзбеген әке мен шеше көтеріп жүр емес пе? Құдай-ау, «бізге көмегің сол болсын – өз қарақан басыңды алып жүрші» деп ересек «еркелеріне» жалынып жүрген ата-ана аз ба?..
Қазақы тәрбиенің арқасында қартайғанда ұл-қызының рақатын көріп отырғандардан басқаларды қайтеміз. Қоғам ішіне үңіліңізші. Жетіспеушіліктің қанды шеңгелінде қалып, содан жаны ауырып, жүрегі сыздай жүріп көз жұматындар мен қайтадан бейнетке белін талдырып, күйкі тірлікпен күйіп-жанып күн өткізіп жатқан мыңдаған зейнеткер армиясын көресіз... Бұлардың әлеуметтік мәселесін, кейінгі 10 жылда алған еңбекақысының айға бөлгендегі орташа көлемін есептеп шығарып, соны кем дегенде он жыл (елімізде өмір сүру ұзақтығы 74 жас екенін ескеріп) зейнетақы ретінде төлеу арқылы жеңілдетуге болар, бәлкім.