Тағзым • Бүгін, 09:45

Ғалым атындағы аудитория

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жуырда елордадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде белгілі ғалым, профессор Шидау Иманғажин атындағы аудитория ашылды. Оған ғалыммен бірге қызмет істеген әріптестері мен шәкірттері, туған-туысқандары қатысты.

Ғалым атындағы аудитория

Сурет: kazatu.edu.kz

Салтанатты іс-шараның ашылуында университет ректоры, академик Қанат Тіреуов экономика ғылымы саласында өнегелі із қалдырған Ш.Иманғажиннің еңбегін ерекше атап өтті.

«Бұл аудитория – білім мен ғылымға арналған ғима­рат ғана емес, ұлағатты ұстаз­дың рухына құрмет. Ол өзінің ғылымға деген адалдығымен шәкірттерінің жүрегінен жол тапқан тұлға», деді ол.

Сондай-ақ аталған жоғары оқу орнында онымен бірге қызмет істеген экономика ғы­лым­дарының докторы, профессор Жасқайрат Сүндетұлы, ауыл шаруашылығы ғылым­дарының докторы, профессор Айтбай Бұлашев, т.б. азаматтар сөз алып, ғалымның еңбектері мен оқытушылық қызметі тура­лы жылы естелік­терімен бөлісті.

Ш.Иманғажин 1954 жылы сол кездегі Ленинград қар­жы-экономикалық институтты бітіріп келгеннен кейін, бар саналы өмірін ауыл ша­руа­шылығы экономикасына арнады. Осы бағытта кан­дидаттық диссертациясын қорғады. 1967 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін қазіргі Қазақ агротехникалық зерттеу университетіне қызмет істеді. Біраз жыл экономика факультетінің оқытушысы, деканы болды. Статистика кафедра­сын басқарды.

Ғалымның көзі тірісінде 60-тан астам ғылыми, әдіс­темелік және оқу құралы жарық көрген. Оның ішіндегі студенттерге арналған 5 оқу құралын айрықша айтуға болады. 1989 жылы профессордың 1 оқу құралы әлемдік кітапхана арқылы АҚШ-та жарияланған. Бұдан бөлек, ол нарықтық эко­номика, статистика және цифр­лық трансформация сала­сының дамуына елеулі үлес қосты.

Бір сөзбен айтқанда, ұзақ жыл бойы ғылым мен оқы­ту­шылық қызметті қатар алып, шәкірт тәрбиелеген Ш.Иманғажин атындағы ауди­то­рия болашақ экономика ма­ман­­дарының білім ордасына ай­налмақ.

 

Алия ИСМАИЛОВА,

экономика ғылымдарының кандидаты, доцент