Аймақтар • Бүгін, 09:42

Оқушылар «Дарабозда» демалады

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазір балалар жазғы демалысты көңілді өткізуі үшін шекарадан шықпай-ақ, еліміздегі лагерьлерге баруға болады. Бұл ретте туристік орынға бай Абай облысының маңызы зор.

Оқушылар «Дарабозда» демалады

Абай облысы Мақаншы ауда­нындағы «Дарабоз» жазғы сауықтыру-демалыс лагері бала­лардың алғашқы легін қабылдады. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, лагерь жұмысы 6 маусым (әр маусым – 10 күн) өтеді. Әр кезеңде 120 бала қабылданып, жаз бойы 720 оқушы еліміз­дің танымал туристік аймағы – Алакөл жағасында демалады. Дема­лушылардың қатарында мек­тепте оқу жылын үздік аяқтап, белсенділік танытқан ауылдық жерлердегі 250 оқушы бар.

«Дарабоз» лагерінде 5-8 сынып оқушыларының (10-14 жастағы) жазғы демалысын мазмұнды да мағыналы өтуіне бар мүмкіндік қарастырылған. Оқушылар жер­гілікті бюджет пен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры есебінен демалады. Балалардың демалысын ұйымдастыруға 10 педагог тартылған. Олардың қатарында аға тәлімгер, тәрбиешілер, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, жүзуден нұсқаушы және медбике бар. Мамандар балаларға қызықты, ойын-сауық және тәрбиелік мәнді бағдарламалар ұйымдастырумен қатар, қауіп­сіздігін де қадағалайды. Лагерь аумағы санитарлық-эпиде­мия­лық және өрт қауіпсіздігі талаптарына толықтай сай келеді.

Демалыс бағдарламасында таңғы жаттығу, жүзу, спорттық жарыс, шығармашылық үйірмелер мен клубтар (би, қолөнер, спорт, ақындар үйірмесі), экскурсиялар, зияткерлік ойындар, би кеш­тері, өзге де іс-шаралар болмақ. «Дарабоз» лагері балалардың денсаулығын нығайтып, қай салада да қабілетін дамытуға күш салады.

Биыл Абай облысында шамамен 5000-ға жуық мектеп оқушысы қала сыртындағы лагерьлерде демалады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыстық білім басқармасы тәрбие жұмысы және қосымша білім беру бөлімінің басшысы Сәуле Қожебекова баяндады.

– Жаз мезгілінде өңірде бар­лығы 9 лагерь тұрақты түрде жұ­мыс істейді. Олардың қатарын­да 8-і мемлекеттік, 1-еуі жекеменшік. Әлеуметтік осал санаттағы 4713 бала «Всеобуч» қорының есебінен тегін жолдамамен қамтылады, – дейді С.Қожабекова.

Сонымен қатар облыстағы 128 оқушы республикалық «Бал­дәу­­рен» және «Бөбек» лагеріне бара­ды. Ал келер жылы Көкпекті ауда­нындағы «Балдәурен» лагерін қал­­пына келтіру жоспарланып отыр.

 

Абай облысы