Digital • Бүгін, 09:25

Жасанды интеллект бәсекесі қыза түсті

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жасанды интеллект саласындағы жаһандық жарыс қыза түсті. Әрбір технологиялық компания «GPT-4» деңгейінде ЖИ-модель жасай алатынын көрсетсе де, көшбасшы болу қиын екенін мойындап үлгерді. Өйткені алпауыт компаниялар алдыңғы орын үшін барын салып жатыр.

Жасанды интеллект бәсекесі қыза түсті

Қазіргі кезде көпшілік «OpenAI» компа­ния­сының «ChatGPT» мо­делін ең алдыңғы қатарда деп біледі. Модель қолдануға ыңғайлы, жылдам жауап береді әрі танымал. Алайда «Google»-дың «DeepMind» жүйесі бәсекеге шындап кіріскен. Оның стратегия­сы жай ғана ақылды модель жасаумен шектелмейді. Компания жасанды интеллект саласындағы тұтас инфрақұрылымды, мәлімет өңдеу қуаты, алгоритмдер, бұлтты серверлер, арнайы чиптер, қол­данбалар мен дереккөздерді бір жүйеге тоғыстыруды қолға алған. «DeepMind» жасаған «Gemini» моделі мәтінмен ғана емес, аудио, сурет, видео сияқты мультимодальды деректермен де жұмыс істей алады. Сонымен қатар «YouTube», «Android», «Google Search» сияқты алпауыт платформалардан дерек ала алатындығы модельдердің сапасын арттырып, оқыту барысын үнемі жетілдіруге мүмкіндік береді. Салыстыра айтқанда, «OpenAI» өз технологияларын көбіне «Microsoft»-тың «Azure» инфрақұрылымына сүйене отырып дамытады. Ал «Google» барлық құралдарды өз ішінде дамыта алатын вертикалды интеграцияға ие. Бұл дегеніміз – олар жасанды интеллектіні өз бетімен құрып, басқара алады және тәуелді болмайды.

Сала маманы Асқар Ахмедовтің айтуынша, бүгінгі таңда кімнің моделі ақылды деген сауалдан гөрі, кім осы технологияны ұзақ­мер­зімді, тұрақты және тиімді түрде дамыта алады деген сұрақ әлдеқайда маңыздырақ. «Жасанды интеллект нарығы бүгінде жеті алпауыт компанияның айналасында құрылып отыр. «OpenAI» («o3 Pro»), «Google DeepMind» («Gemini 2.5 Pro»), «DeepSeek» («r1»), «xAI» («Grok 3»), «Anthropic» («Claude Opus 4»), «Alibaba»(«Qwen 3»), «Meta» («Llama 4 Maverick»). Рей­тинг бойынша интеллекті ең жоғары үш модель – «o3 Pro», «Gemini 2.5 Pro», «r1». Бірақ ЖИ өнімін таңдауда тек интеллект маңызды емес. Модель бағасы, жылдамдығы, жауаптың дәлдігі мен контекст сыйымдылығы секілді факторлар да шешуші рөл атқарады «OpenAI» ақылдырақ шығар, бірақ «Google» моделі әлдеқайда арзан әрі жылдам. «Gemini 2.5 Pro» – үлкен көлемдегі мәтінді бірден өңдей алатын, жылдам, сенімді жүйе. «Google DeepMind»-тың «YouTube», «Android», «Google Books» сияқты деректер көздеріне қолжетімділігі оларды басым етеді», дейді ол.

Нақты деректерге сүйен­сек, «Artificial Analysis» компа­ниясының бағалауы бойынша «OpenAI»-дың «o3 Pro» моделі 71 ұпай жинаса, «Google Gemini 2.5 Pro» – 70, «DeepSeek r1» 68 ұпай жинаған. Бірақ «OpenAI» моделі басқа жүйелерден әлдеқайда қымбат. Оның үстіне, «DeepSeek r1» жауабын шамамен 2 минут күту керек болса, «Gemini 2.5 Pro» небәрі 40 секундта жауап береді. Ал «ChatGPT» әлдеқайда ұзағырақ ойланады. Контекст сыйымдылығы бойынша да «Google» алда. Ол 800 мың сөзге дейінгі ақпаратты бір жолда өңдей алады.

«Компания тек ЖИ моделін жасап қана қоймай, оны қайда қолданатынын, қандай құрыл­ғылар мен серверлерде жұмыс істейтінін, деректерді қайдан алатынын және қандай чиптермен есептейтінін толық шешіп, өз қолында ұстауы қажет. Қазіргі таңда осы талапқа тек «Google» компания­сы сай келеді. Мысалы, «Meta»-да бұлттық инфрақұрылым жоқ, ал «OpenAI» әлі өз чиптерін жасап бітірмеген. Осы себепті ЖИ нарығында тек «Google» мен «OpenAI» басты бәсе­келес ретінде қалады. Басқалар үшін бұл жарыс тым қымбат әрі қиын.

Тағы бір маңызды бағыт – мультимодалдылық. Бұл дегеніміз ЖИ тек мәтінмен ғана емес, суретпен, дыбыспен, бейнемен және тіпті визуалды көру арқылы да жұмыс істей алуы керек. «Google» бұл жағынан көш бастап тұр. Оның «Veo 3» жүйесі бейне және дыбыс­ты генерациялайды, «Imagen 4» сапасы жоғары сурет жасайды, «Project Astra» камера арқылы көріп заттарды тани алады, «AI Overviews» іздеу жүйесі кез келген сұраққа жылдам әрі нақты жауап береді. «OpenAI» да мәтін, бейне, сурет және дыбыспен жұмыс істей алатын қуатты модельдер жасап жатыр. Бірақ «xAI» видео жасай алмайды. Ал «DeepSeek»-та дыбыс өңдеу мүмкіндігі жоқ, «Anthropic» болса әлі дұрыс сурет те жасай алмайды», дейді Асқар Ахмедов.

Қазіргі таңда жасанды интеллект саласындағы дамудың негізгі кедергісі – инфрақұрылым шығындарының шектен тыс өсуі. 2025 жылы «Google», «Microsoft», «Meta», «Amazon» компаниялары жасанды интеллектіні дамыту үшін 315 миллиард доллар көлемінде инвес­тиция салмақ. Бұл ақша дерек орталықтар  салуға, қуатты серверлер орнатуға, жүйелерді салқындатуға, электр энергиясын төлеуге жұм­салады. Мысалы, «Google» биыл 12 жаңа дерек орталық ашуды жоспарлап отыр. Ал «Microsoft» компаниясы «OpenAI»-мен бірігіп, тек «GPT» үлгілеріне арнап дербес инфрақұрылым салуға 100 мил­лиард доллардан астам қаржы бөлуге дайын екенін мәлімдеді.

Іздеу жүйесі «Google»-ға бұрынғыдай табыс әкелмейді. Себебі «сұрақ-жауап» форма­тындағы ақ­параттық іздеу сұра­ныстары «ChatGPT» мен басқа ЖИ-боттарға ауысып барады. Сондықтан «Google Gemini» жүйесін іздеу интерфейсіне біріктіріп, қолданушыларды өз платформасында сақтап қалуға тырысып отыр. Бұл талпыныс оны бәсекеде бірінші орынға шығарып, өз орнын бекітуіне ғана емес, нарықтың өзгеруіне де әсерін күшейте түсті. Сарапшылардың пікірінше, алдағы бірнеше жылда ЖИ нарығында тек «OpenAI», «Google DeepMind», «DeepSeek», «Alibaba» компаниялары қалады. Себебі ЖИ дамуына қа­жет ресурс­тар, дерек, энергия, чип, кадр, инфрақұрылым, күн санап қым­­баттап, қолжетімсіз болып барады.