
Суретші Кәріпбек Күйіковтің есімі елге мәлім. Қос қолсыз өмір сүрсе де, қаншама жанның қабырғасын қайыстырған ауыр қайғының салмағын кенеп бетінде суреттеді. Суретші 1947–1991 жылдар аралығында 490 дүркін атом бомбасы (26 дүркін жер бетінде, 87 дүркін атмосферада, 354 дүркін жер астында) жарылып, сынақ жүргізілген Семей ядролық полигонына іргелес Егіндібұлақ ауылында туған. Зұлмат жарылыстың зардабын тартқан Кәріпбек Күйіков бұл тақырыпты шығармашылығының өзегіне айналдырды. Мәселен, «Алғашқы жарылыс» туындысында ол күйіп кеткен даланың ортасында көкке қарай көтерілген ядролық саңырауқұлақты бейнелейді.
«Бала кезімде жарылыстан үйдегі аспалы шамдар қозғалып, ыдыс-аяқ сылдырлайтын. Бәріміз далаға атып шығатынбыз. Бізге радио хабарлама арқылы ешқандай радиацияның тарамағаны туралы айтатын. Сөйтсек, олай болмапты, мен туған ауыл 40 жыл радиация уын жұтыпты. Көптеген отбасында мүгедек балалар дүниеге келді. Соның бірі менмін. Сондықтан өмірімді осы мәселеге арнадым», дейді суретші.
Ол мүгедек балаларға арналған арнайы мектеп-интернатта оқыған кезден-ақ бояулы қарындаштарды ермек етіпті. Икемге келмесе де, бар ниетімен ұмтылыпты. Оның қылқаламды башпайына қыстырып салған суреттеріне кейін жұрт қызыға бастайды. Алайда мольберт алдында ұзақ отыру белін одан әрі бүкірейтетін болған соң, дәрігерлер оған аяғымен сурет салуға тыйым салған. Қайсар мінезді жан кейін қылқаламды аузына тістеп алып, тісімен сурет салуға машықтанады. Өмірге, өнерге деген құштарлық осындай болса керек-ті.
Кез келген өнер туындысы – автордың өмірге деген көзқарасын білдіреді. Кәріпбек Күйіковтің суреттері де – жан дүниесінің, көңіл күйінің көрінісі. Түстердің палитрасы да тақырыптың ауырлығын сездіріп тұрады. Қиналған сәтте салған картиналары түнерген аспандай қараңғы болып шығады. Ал полигон құрбандарына арналған суреттерінде қасірет пен күйініш басым. Кәріпбек Күйіков бір сұхбатында: «Мен өмірге тістей қатып жабысқан адаммын», дейді. Оның түрлі тағдыр тоғысқан тіршілікке құштарлығы мен өнерге деген нәзік сезімі – бәрі-бәрі өзінің осы бір ауыз сөзіне сыйып тұрғандай.
Суретші «Бесіктегі қолсыз сәби», «Күннің тұтылуы», «Ядролық тұман», «Арал тағдыры» сияқты суреттеріне қарап тұрып: «Мен таңдаған тақырып бұл емес еді. Алайда қайғы-қасірет жұтқан даланың зарын қаламыма арқау етуге мәжбүр болдым», дейді. Осындай жанкештілікпен 200-ден астам сурет салыпты. Көрмелері Хиросима мен Нагасакиде, Нью-Йоркте, «Менің сіздерді құшақтайтын жүрегім бар» деген атпен Ослода және Германия, Түркия, Аустрия, Нидерланд елдерінде өткен. Оның өнерін БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдар өте жоғары бағалады.
