
2021–2022 жылдары Аялаға оңай болған жоқ. Аяғындағы жарақаты оның кәсіби мансабына тоқтау салып, татамиден уақытша алыстауына тура келді. Бала күнінен дзюдомен тыныстап өскен үлкен жүректің иесі арманынан бас тартпады. Екі жыл бойы іштей күресіп, дзюдоға деген құштарлығы мен отбасының қолдауының арқасында татамиге қайта оралды.
Тағдыр Аяланы бірде маңдайынан сипаса, енді бірде сынап та көрді. Аяғынан алған ауыр жарақат оның спорттағы жолын бөгеп, үлкен үзіліске мәжбүр етті.
«Жарақатыма дейін дзюдодан өткен халықаралық жарыстарда сынға түсіп шыңдалдым. Әттең, нағыз жұлдызды шағым басталды-ау дегенде, тағдыр аяғымнан шалып, сүйікті ісімнен айырды. Сол кезеңде достарымның қатары азайып, ортам сиреді. Тіпті кейбір жаттықтырушыларым мені дзюдоның маңына жолатқысы келмеді. Көңіліме келгені де осы – сау кезде бәрі көтереді, басыңа іс түссе ешкімге керегің болмай қалады екен. Қаржылай көмек көрмеген соң, уақытында ем-домымды алуға қолым қысқа болды. Қиын сәтте қасымнан табылған тек ата-анам ғана, ол кісілерге айтар алғысым шексіз», дейді Аяла, кешегі күндерді көзі жасқа тола отырып еске алып.
Аяла бір жарым жылдан аса уақыт жарыстардан шет қалып қойғанына қарамастан, спорттан өз орнын қайта табуға бекінеді. Париж Олимпиадасына бірнеше ай қалғанда парадзюдо туралы естіп, жан-жақты зерттеп, құрбысы Ақмарал Науатбектен кеңес сұрап, татамиге оралады. Осылайша, Аяла алғашқы қадамынан-ақ төрт жылда бір өтетін әлемдік додаға жолдама жеңіп алды.
«Екі жылдық үзілістен кейін Париж ойындарына барып, бозкілемде күресу мен үшін күтпеген жетістік болды. Француз халқы спортты «классикалық» немесе «пара» деп бөлмейді екен. Барлық адамның мүмкіндігін тең санайды. Оны Паралимпиада ойындарында анық байқадым. Татамидегі екі спортшыға мыңдаған адам қолдау білдірді. Бұған дейін осыншама жанкүйерге бойым да, көзім де, құлағым да үйренбегендіктен, қатты толқыдым. Әлемдік деңгейде өнер көрсету былай тұрсын, жүздеген мемлекеттен жиналған халықтың алдында күш сынасудың өзіне психологиялық тұрғыда дайындық керек екен. Қазақ жанкүйерлеріне налитыным – параспортқа көп жанкүйерлік таныта бермейді. Мамырда Астанада өткен әлем чемпионатында бұл олқылық қатты байқалды», дейді қайсар қыз ішкі өкінішін жасыра алмай.
Былтыр Парижден елге оралған соң, Аяла денсаулығына көңіл бөліп, аяғына операция жасатты. Жарты жылдай тынығып, жаттығуға қайта кірісті. Жуырда Астана төрінде өткен парадзюдодан әлем чемпионатына қатысып, күміс жүлде иеленді. Финалда Паралимпиаданың екі дүркін чемпионы, бразилиялық Алана Мальдонадоға есе жіберді.
Командалық тартыста ұлттық құрамамен бірге әлем чемпионы атанды. Жаһандық дода кезінде жарақатынан құлан таза айықпаған еді. Құрбысының жағдайын жақсы білетін Париж Паралимпиадасының чемпионы Ақмарал Науатбек оған ырымдап өз шұлығын кигізіп жіберіпті. Спорт әлемінде ел намысын қорғап жүрген қос арудың бұл жарастығы – нағыз достықтың үлгісі.
Аяланың әр белдесуі – төзім мен табандылықтың көрінісі, көптеген жас спортшыға үлгі. Қайсар қыз алдағы уақытта Лос-Анджелесте өтетін Олимпия ойындарында Көк туымызды көкке желбіретіп, Әнұранымызды шырқатқысы келеді.
Аружан АБАЙҚЫЗЫ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 3-курс студенті