Бокс • Бүгін, 08:40

Әлем кубогі Астанада өтеді

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«World Boxing» ұйымының мұрындық болуымен 30 маусым – 7 шілде аралығында Астанада бокстан Әлем кубогінің үшінші кезеңі өтеді. Алғашқы екі жарыста Өзбекстан құрамасы басымдық танытты. Бұл жолы қазақтың қайсар ұлдары барын салатыны анық.

Әлем кубогі Астанада өтеді

Еліміздің құрамасы қазіргі кезде дайындықты қызу жүргізіп жатыр. Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов Ас­тананың шаршы алаңына мына шә­кірттерін шығаруды жөн көрді: 50 кг – Санжар Тәшкенбай, 55 кг – Махмұд Сабырхан, 60 кг – Серік Теміржанов, 65 кг – Ертуған Зейнуллинов, 70 кг – Абылайхан Жүсіпов, 75 кг – Сабыржан Ақкалықов, 80 кг – Нұрбек Оралбай, 85 кг – Бекзат Нұрдәулетов, 90 кг – Сағындық Тоғамбай, + 90 кг – Айбек Оралбай.

Аталған былғары қолғап шебер­лерінің барлығы да бүгінгі таңдағы ең үздік спортшылар. Құрамада тек атақты Сәкен Бибосынов пен Аслан Шымбергенов, жас дарын Төрехан Сабырхан ғана жоқ. Олардың не себеп­ті бас команданың сапына енбей қалғаны белгісіз. Қалғандарының төрт көзі түгел. Нұрбек Оралбай Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, 2023 жылғы әлем чемпионы. Санжар Тәшкенбай, Махмұд Сабырхан, Бекзат Нұрдәулетов кезінде төрткүл дүниенің теңдессізі деп танылған. Бекзат бұл атаққа 2019 жылы Екатеринбургте қол жеткізсе, Санжар мен Махмұд 2023 жылы Ташкентте топ жарды. Абылайхан Олимпия ойындарына екі рет қатысып, әлем чемпионатында үш рет қола медальды олжалаған сақа спортшы. Серік осыдан төрт жыл бұрын Белградтағы байрақты бәсекеде үздік үштікті түйіндеді. Айбектің Азияның екі дүркін чемпионы деген атағы бар. Ертуған мен Сағындық Азия ойындарының қола жүлдегерлері. Сабыржан жастар арасындағы әлем біріншілігінің жеңімапазы, Азия чемпионатының (U-20) финалисі.

Еліміздің құрамасы сапына осындай талай дүрмектен өтіп, көптеген дүбірлі додада әбден ысылған дүл­дүлдер еніп отыр. Олай болса, өз жан­күйерлеріміздің көз алдында өтетін Әлем кубогінде қазақтың жампоз жігіт­тері өздерінің мықтылығын түбегейлі мойындатуға тиіс.

Биылғы жылдың сәуір айында Бра­зилияда өткен Әлем кубогінің тұсау­­ке­­се­рінде еліміздің ерлер құра­ма­сы екі алтын, бір қола медаль ие­ленді. Нұрсұлтан Алтынбек (55 кг) пен Дәу­лет Төлемісов (85 кг) топ жарып, Диас Молжігітов (80 кг) қолаға қол жеткізді. Жалпы есепте жер­лестетеріміз Өзбекстан (5 алтын+2 күміс+1 қола) мен ринг қожайын­дарынан (2+2+1) қалып қойды. Екінші кезең Польшада ұйымдастырылды. Варшавада да өзбектер (6+1+2) алдына жан салмады. Екінші, үшінші орындарда – жарыс қожайындары (5+3+10) мен Италия (3+3+1). Бұл жарысқа еліміздің бокс­шылары қатысқан жоқ.