
Семей қаласында салынатын облыстық көпсалалы аурухананың іргетасын қалау рәсімі өтті. Игілікті іс-шараға облыс әкімі Берік Уәли, денсаулық сақтау саласының ардагерлері, дәрігерлер қатысты.
Абай облысын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес бой көтеретін, 300 төсектік көпсалалы ауруханада бір ауысымда 250 адамды қабылдайтын кеңес беру, тексеру бөлімі жұмыс істемек. Облыс басшысы медициналық нысанның өңір тұрғындары үшін маңызы зор екенін атап айтты.
«Абай облысы – ертеден дәрігерлік дәстүрі қалыптасқан өңір. Аймағымыздан шыққан білікті мамандар қазақ медицинасының негізін салды. Соңғы ширек ғасыр иінінде бұл сала назардан тыс қалып, білікті мамандардың басым бөлігі басқа өңірлерге қоныс аударды. Сондықтан бұл аурухананың іргетасын қалау – сол үзілген дәстүрді қайта жалғаудың нышаны. Мердігер компания өкілдері атап өткендей, аурухана озық үлгілі медициналық технологиялармен жабдықталады. Облысымызда осы уақытқа дейін мұндай сан салалы аурухана болған емес. Енді сол олқылықтың орны толады», деді облыс әкімі.
Облыста бүгінде 31 стационарлық медициналық ұйым жұмыс істейді, оның 20-ы мемлекеттік, 11-і жекеменшік. Аймақ көлемінде әр 10 мың тұрғынға небәрі 59 төсектік орыннан келеді. Бұл – еліміздегі ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Мамандандырылған медициналық қызметтің 70%-ы Семей қаласында шоғырланған. Қазіргі стационарлардың басым бөлігі ескі, материалдық-техникалық базасы тозған. Жедел медициналық жәрдем ауруханасы 300 төсекке шақталғанымен, іс жүзінде 375 науқасты қабылдап отыр. Кардиология, инсульт, гинекология, токсикология, неврология, травматология бөлімдерінде төсектік орын тапшы. Жаңа аурухана осы тапшылықты жойып, заман, қоғам талабына сай медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар ауыл тұрғындарына қашықтан кеңес беретін телемедицина орталығы құрылады. Медициналық нысан 2027 жылы пайдалануға берілмек.
Абай облысы