
Абайдың 1885 жылы өлкетану музейіне өз қолымен тапсырған заттарының бірі – қытай кесесі. Ақшыл көгілдір түсті кесе сыртына көк түсті ою-өрнек салынған. Кесе жасалған фарфордың сапасы аса жоғары емес, оны фарфордың қалыңдығынан анықтауға болады және кесенің ішкі жағында қара дақтар бар. 1940 жылы Семей қаласында Абай музейін ашу туралы арнайы қаулы шыққаннан бастап музей қорына ұлы ақынға қатысты экспонаттар жинау жұмысы жүріпті. Ақынның туыстары және ұрпақтары қолданған заттар Абай музейіне түседі. Көненің көзіндей болған құнды жәдігер қазір «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық музейінде тұр.
«Абай заманында фарфор ыдыстар көршілес Қытай, Ресей елдерінен келетін құнды зат ретінде бағаланыпты. Оларды арнайы ағаш қабығынан тоқылған не болмаса теріден жасалған шыныяққаптарға салып сақтаған. Қымбатқа түскен фарфор, фаянс ыдыстарының шеттері сынса да тастамай, оларды құрсаулап жөндеп алуды қазақ шеберлері өте жақсы меңгерген», дейді музей директоры Ұлан Сағадиев.
Бұл жәдігерлерге қатысты 1963 жылы «Ертіс» газетінің 8 қыркүйектегі санында Абай музейінің алғашқы директорларының бірі, абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың «Абайдың қосқан үлесі» атты мақаласында да ұлы ақынның 1885 жылы өлкетану музейіне экспонаттар тапсырғаны туралы жазылған екен.
Абай облысы