
Анықталған құжаттар қатарында 1975 жылы Вильнюс қаласында өткен Қазақ киносының күндері аясында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы делегациясының Литваға сапары, Қазақ КСР-нің халық әртісі Нұрмұхан Жантөрин мен Қазақ КСР-нің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, режиссер Сұлтан Қожықовтың литвалықтармен кездесулері туралы деректі материалдар бар.
Сондай-ақ бұрынғы Көкшетау облысындағы тың игеру жұмыстарына литвалық мамандардың қатысқаны туралы да құнды мәліметтер табылды. Атап айтқанда, олардың мектеп жанындағы лагерьлерде, медицина пункттерінде, құрылыс саласында еңбек еткені және қазақ халқының салт-дәстүрімен танысқаны жөніндегі құнды деректер кездеседі.
Зерттеу жұмыстарын Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалары архиві директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Сәуле Сатаева жүргізіп, Вильнюс, Каунас, Клайпеда қалаларындағы Орталық мемлекеттік архивтерінде болды.
Сапар барысында аймақтық архив басшыларымен кездесулер өтіп, екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды. Нәтижесінде, XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы қазақ және литвалық әйелдер бейнесіне арналған фотокөрме ұйымдастыру жөнінде келісім жасалды.