Қоғам • Бүгін, 09:35

Кітапқұмарлар көш түзеді

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әдебиетке іңкәр шәкірттерді қанаттандырып, шығармашылыққа жетелейтін бірегей алаңға айналған «Мизам» жылжымалы әдебиет мектебі оқу жылын аяқтады. Мемлекет басшысының кітап оқитын ұлт қағидасына сай құрылған көшпелі оқу үрдісі жүздеген баланың танымын тереңдетті. Жетісудағы игілікті бастама өзге өңірлерді де қызықтырып отыр.

Кітапқұмарлар көш түзеді

Суретті түсірген – Жұмабай Мұсабек

Әлемдік һәм ұлттық танымды ұштастыратын жас буынды тәрбиелеу – бүгінгі күннің талабы. Осы мақсатта құрылған әдеби мектеп – жас ұрпақтың жазуға деген ынтасын оятып, сөз құдіретін терең сезінуге баулиды. Басты мұрат – сөзге адал, ойға жүйрік, жүрекке жақын ұрпақ қалыптастыру.

Осыдан 3 ай бұрын «Құрмет» орденінің иегері, «Jetіsý» газетінің бас редакторы Жұматай Оспанұлы бастаған жетісулық қаламгерлердің рухани жобасы санаулы уақытта талай жас жүректің шамын жақты. Облыс әкімдігі және мәдениет, білім басқармаларының қолдауымен жүзеге асқан жоба көктемде Жетісу жеріндегі өскелең ұрпақты әдебиетке тартты, кітап оқуға деген ынталарын оятып, өлең, эссе жазуға шыңдады. Осы­лайша бастапқыда 200 бала оқытып, арасынан тым болмаса, 20 жас талантты тауып, қанаттандырсақ деп жоспарла­ған жобаның қорытынды кешінде 100-ге жуық бала белсенділік танытты.

Иә, қазақ халқының бай әдебиетімен отыққан, рухани уызға қанып өскен ұрпақтың болашағы жарқын болмақ. Әсіресе, елжандылық пен отансүйгіштік қасиетті жиі ұран еткен бүгінгі уақытта әрбір жасты тұлға етіп қалыптастырудың ең тиімді жолы – оларға әдебиеті мен тарихын таныту. осылай ойы ашық, санасы сергек буын тәрбиелеуге болады. Ел мұра­тына мұрындық болар ізгілікті іске арна тарт­қан «Мизам» жылжымалы әдебиет мектебінің ұстаздары 3 ай көлемінде ауыл-ауылдарды аралап, әр өңірде апта бойы жас таланттарға дәріс берді. Осылайша, кеудесінде қоздап жатқан дарын шоғын үрлеп, жалынға айналдырғандай жас өскіннің жанарына от, жігеріне серпін берген «Мизам» жобасы мәресіне жетті.

Алғашқы кезеңде көздеген мақсаттан биік нәтиже көрсеткен жобаның ауқымы кеңеюі мүмкін. Өйткені аталған жылжымалы әдебиет мектебіне еліміздің Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Жам­был облыстары да ынта танытып отыр.

Облыс орталығындағы Оқушылар сарайында өрнек тапқан қорытынды кештің алғашқы бөлімінде 8 аудан, 2 қаладан арнайы келген шәкірттер мен олардың жетекшілерін қарсы алу салтанаты ұйымдастырылды. Жазу шеберлігі мен кітап оқу мәдениеті бойынша тәлім алған 200-ден астам оқушының финалдық кезеңге жолдама алған 100-і қызыл кілеммен жүріп өтіп, Оқушылар сарайы­на енді. Онда бүгінде ұлт әдебиетіне өзінің кесек-кесек, шырайлы туындылары арқылы олжа салып, ел сүйіп оқитын авторға айналған Есболат Айдабосын, Қанат Тілеухан, Ерғали Бақаш сынды ақын-жазушылардан қолтаңба алу рәсімі өтті. Ақтық сынға келген 100 оқушы «Мизам» жылжымалы әдебиет мектебі сыйлаған 100 кітапқа қолтаңба қойылды.

Қорытынды кештің келесі бөлімінде әдебиет байқауларында топ жарған, елге есімі танылған Есболат Айдабосын, Ерғали Бақаш, Қанат Тілеухан сынды ақын-жазушылар «Мизам» мектебі саралаған оқушылармен кездесті. Сұрақ-жауап форматында өткен кездесу барысында әр шәкірт өзін толғандырған сауалдарды қойды. Әдебиет, мәдениет, қоғам мен заман, құндылықтар, адам бақыты, арманы құнсызданған уақыттағы мәселелер де сұрақ болып жауды.

Жазушы Қанат Тілеухан «Медаль» шығармасы хақында қойылған бірнеше сауал төңірегінде өз ойын айтып: «Қандайда бір еңбек лайықты бағасын алуы керек, дегенмен кейбір атақ пен құрмет адамдарды құрдымға, құлдырауға алып барады. Режиссер Болат Атабаев «Атақ менің талантыма талант қосып бермейді» деген еді. Әрі ол кісі жоғары марапат пен атақтардан саналы түрде бас тартты», деп толғанды.

Осылайша, ақын-жазушылардың шығармасынан өзін толғандырған тұсын сұрап, сан түрлі тақырып талқыға түскен кеште «Мизам» мектебінің шәкірттері көпті алғырлығымен қуантты. Мірдің оғындай сауалдар қойды. Ұлттық тұрғыда толғандырар тақырыптарға бастар сан сауалға жауап іздеді. Игілікті шараның негізгі бөлімінде Жұматай Оспанұлы «Мизам» жылжымалы әдеби мектебінің жұмысына аз-кем тоқталып өтті. Арнайы дайындалған бейнеролик көрсетілді.

Қазақтың көрнекті ақындары, Қазақ­станның құрметті жазушысы Әміре Әрін, Нүсіпбай Әбдірахым бастаған зиялы қауым өкілдері мен іс-шараның қадірменді меймандары финалдық кезеңге жолдама алған 100 оқушының арасынан үздік танылған 15 оқушыны марапаттады. Үздік 15 шәкірт сапынан танылған жас саңлақтар «Мизам» мектебінің Алғыс хатымен, 50 мың теңгелік сертификатпен марапатталды.

 

Жетісу облысы