Спорт • Бүгін, 08:35

Азат Бакуде айқасады

10 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

21 маусымда Әзер­бай­жанның бас қаласы – Бакуде тұңғыш рет UFC турнирі ұйым­дас­тырылады. Сол жа­рыста аса жеңіл салмақтағы (57 кг) Азат Мақсұм да өнер көрсетеді. Алматының іргесін­дегі Қас­келеңде дүниеге келген 30 жастағы спортшы ресейлік Тагир Ұлан­бековпен күш сынасады.

Азат Бакуде айқасады

Тагир 33 жаста, Дағыстанның Қазбек ауда­нында туған, ұлты – авар. Бозбала шағы­нан жа­уынгерлік самбомен шұғыл­данған Т.Ұланбековтің әлем чемпионы деген атағы бар. Со­дан кейін аралас жекпе-жекке ден қойды. Атағы аңызға айналған бапкер Абдулманап Нұр­магомедовтің қол астында жаттығып, атақты Хабиб Нұрмагомедов, Ислам Махачев, тағы басқа саңлақтармен бір залда дайындалады. Барлығы 19 рет октагонға шыққан Тагир соның 17-сінде жеңіске жетті. 10 бәсекеде айқын басымдық танытты. 2020 жылдан бері UFC-де өнер көрсетіп жүр. Сол промоушендегі алты кездесудің бесеуінде жеңіске жетті. Қазіргі кезде Т.Ұланбеков өз салмағы бойынша UFC рейтингінде 11-орында тұр.

Авар жігітінің жолы қазақ­тармен төрт мәрте қиысты. 2015 жылы Бабаюртте Нұртілек Қонашевтың қолына ауырту тәсілін қолданса, 2016 жылы Дон­дағы Ростовта Шыңғыс Қай­рановты ұпай санымен еңсерді. 2017 жылы Махачкалада Асу Алмабаевты техникалық нокаутпен ұтты. 2018 жылы Астанада Жалғас Жұмағұловтан жеңіліп, «AMC Fight Nights Global» нұсқасының чемпиондық атағынан айы­рылды. Сондай-ақ 2019 жылы Тагир Атырауда өткен турнирде Бразилияның фай­тері Денис Араужодан айласын асырып, «Gorilla Fighting Championship» промоушенінің алтын белбеуін жеңіп алды.

Азат Мақсұм өз карьерасын қазақтың төл өнері – жекпе-жектен бастады. 2017 жылы тұ­саукесер кездесуін өткізді. 2023 жылға дейін 17 рет айқас алаңына шығып, барлық бәсе­кеде өз қарсыластарынан басым түсті. 12 айқасты мер­зімінен бұрын аяқтады. Бірнеше промоушендердің чемпионы болды. 2023 жылы UFC-мен келісімшартқа отырды. Сол маусымда америкалық Тайсон Нэмді ұтты. Бірақ былтыр АҚШ-тың тағы бір өкілі Чарльз Джонсоннан ойда-жоқта жеңіліп қалды.