
Мамандар инфекция негізінен үй жағдайында дайындау технологиясы бұзылған, дұрыс сақталмаған тамақ жеп, қайнамаған су ішкеннен пайда болатынын айтып отыр. Ал көктем және жаз мезгілінде ерте піскен жеміс-жидекті мөлшерден тыс пайдалану жағдайды тіпті күрделендіре түседі екен. Көктем басталғалы жедел ішек инфекциясының клиникалық белгілерімен жұқпалы аурулар ауруханасына түскен 7 науқас жеміс-жидек, бақша өнімін жегеннен өздерін жайсыз сезінгенін айтқан.
«Жеделдетілген режимде өсірілген бақша өнімінің құрамында пестицид, нитрат көп кездеседі, ал ол ағзаны улауы мүмкін. Кейбір бау-бақша өсірушілер тыңайтқыштың дозасын рұқсат етілген көлемнен әдейі асырады. Ондай өнім тәбетті ашатындай тартымды көрінгенмен әрқашан дәмді әрі пайдалы бола бермейді», дейді департамент басшысы Гүлмира Сыздықова.
Бақша өнімі ең тез дегеннің өзінде шілде айының соңына қарай пісе бастайды. Сондықтан мамандар қауын-қарбыз, жеміс-жидек, көкөністі одан ерте жемеуге кеңес береді.