
Фото: pixabay.com
Tele2 тарифтері қымбаттады
2025 жылғы 2 маусымнан бастап Tele2 ұялы байланыс операторы бірқатар тарифтік жоспарларға сәйкес абоненттік төлем мен қызмет көлемін жаңартты.
«Компания желіні дамыту мен жаңғырту, оны күтіп-ұстау және жөндеу жұмыстарына, сонымен қатар жабдықтардың қымбаттауына байланысты кейбір тарифтерді қайта қарады», делінген ресми хабарламада.
Электр энергиясының тарифі де өсті
2025 жылғы 1 маусымнан бастап Талдықорғанда электр энергиясының орташа босату тарифі 1 кВт/сағ үшін 36,16 теңгені (ҚҚС-сыз) құрады. Бұл туралы 25 сәуірде жарияланған ресми хабарламада айтылған.
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Манар Абдамбаевтың айтуынша, тарифтің өсуіне бірқатар факторлар әсер еткен.
«Басты себеп — электр энергиясын жеткізу мен тарату қызметтерінің қымбаттауы. Аймақтық және аймақаралық желілік ұйымдардың тарифтері 33,4 пайызға дейін өскен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,82 теңгеге (ҚҚС-сыз) артық», деді ол.
Сонымен қатар, электр қуатының дайын болуын қамтамасыз ету қызметінің бағасы да айтарлықтай артқан. Бірыңғай сатып алушының жаңа есебі бойынша МВт/айына 454,3 миллион теңге көлемінде өсім тіркелген. Бұл – 20 пайыздан жоғары.
Алматыда да жарық құны көтеріледі
1 маусымнан бастап Алматы қаласында да электр энергиясының тарифі өсуі мүмкін. Қазіргі уақытта бұл өзгерістерге қатысты жоба тиісті сараптамадан өтіп жатыр.
Қазір қала тұрғындары жарық үшін 1 кВт/сағ-қа 27,59 теңге (ҚҚС-сыз) төлесе, жаңа жобаға сай бұл көрсеткіш 29,52 теңгеге дейін жетпек. Ал жеке кәсіпкерлер мен коммерциялық жалға алушылар үшін тариф 38,66 теңгеге, ал мемлекеттік мекемелер үшін 111,72 теңгеге дейін өсуі ықтимал.
Сондай-ақ, электр қуатын тұтыну көлеміне қарай сараланған тарифтерді де қайта қарау ұсынылған. Яғни, қаншалықты көп тұтынсаңыз – соншалықты қымбат төлейсіз. Жоба қазіргі таңда Табиғи монополияларды реттеу департаментінде қаралуда. Егер мақұлданса, жаңа тарифтер осы маусымда-ақ күшіне енеді.
Айта кетейік, соңғы бір жылда Қазақстан бойынша электр энергиясы тарифі орта есеппен 12 пайызға өсті. Бұған дейін елордада да осындай өзгерістер болғаны хабарланған.
IELTS емтиханы да қымбаттады
2025 жылғы 1 маусымнан бастап Қазақстанда IELTS халықаралық емтиханының бағасы да ресми түрде өсті. Бұл өзгеріс алдағы жазда және кейінгі айларда тест тапсыратын үміткерлерге қатысты.
Жаңа бағалар келесідей:
-
IELTS Academic / General Training — 94 500 теңге
-
IELTS UKVI — 106 000 теңге
-
IELTS Life Skills — өзгеріссіз
Get Education ұйымының ресми сайтында жарияланған түсіндіруде айтылғандай, баға өсуінің себебі бірнеше факторға байланысты. Олардың ішінде валюта бағамының өзгерісі, тестті ұйымдастыру шығындары, форматты жаңарту, логистика мен жалға алу төлемдері бар.
«Бұл — жыл сайынғы жоспарлы өзгеріс. 2025 жыл да бұл дәстүрден тыс қалған жоқ», делінген хабарламада.
Сайып келгенде, маусым айынан бастап күшіне енген тарифтік өзгерістер халықтың әлеуметтік және экономикалық тұрмыс-тіршілігіне тікелей ықпал етіп отыр. Электр қуаты мен байланыс қызметінің құны өскен жағдайда тұтынушылар шығындарын қайта есептеуге мәжбүр. Ал халықаралық емтихан бағасының көтерілуі білімге ұмтылған жастардың жоспарларына әсер етуі мүмкін. Сондықтан бағаның негізсіз өсуіне жол бермей, тарифтік саясаттың ашықтығы мен негізділігін қамтамасыз ету – бүгінгі күннің өзекті міндеті.